ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР МОЛАЯДЫ

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ әліпбиінің тым тереңнен тамыр тартатынын сөз ете келіп: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық.
2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз», – деген еді.
Бұл – ел болашағы үшін жасалған, еліміздің әлемдік қауымдастық алдында беделінің артуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және ана тіліміздің келешегі үшін жасалған ғылыми-әлеуметтік мәні зор батыл қадамы.
Қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру ана тілінің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады, қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге айтарлықтай үлес қосады. Сонымен қатар, латын әліпбиіне көшу – компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне еркін еніп, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Дәл қазіргі уақыттың өзінде рухани әлеміміз, тарихымыз бен тіліміз ортақ түркі халықтарының біразы латын графикасын қолданады. Жазуды алмастыру арқылы түбі бір түркі дүниесінің тек тілдік коммуникацияда ғана емес, олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынастағы байланысына да оң ықпалын тигізеді.
Тағы бір ұтар тұсымыз – қазіргі қолданыстағы кирилл-қазақ әліпбиімен салыстырғанда, таңба саны азаяды. Бұл дегеніміз – экономикалық маңызы да зор мәселе. Таңба санының азаюы оқу-жазу жұмысын жеңілдетумен қоса, уақыт, материал және қаржы мәселелерін үнемдеуге де ықпал етеді. Латын графикасына көшу қазақ орфографиясындағы түйткілді мәселелердің шешілуіне де жаңа мүмкіндік туғызады. Жалпы, әлемдік тәжірибеде әріп саны мен емле ережелерінің көптігі – ол әліпбидің әлсіздігін көрсететін факторлардың бірі. Сондықтан латын графикасына көшу арқылы, біріншіден, әріп санын, екіншіден, емле ережелерін қысқарту арқылы төл әліпбиімізді оңтайландыруға, жетілдіруге нақты қадам жасаймыз.
Әрине, қандай реформа болмасын, қиындықсыз болмайтыны белгілі. Сол сияқты, латын әрпіне көшуде қиындықтар болады. Оның алғашқысы әліпби қабылданғанға дейінгі кезеңде болады. Ең бастысы, қай графиканы таңдауға байланысты қоғамдағы әр түрлі көзқарастың болуы. Бұл – кез-келген демократиялы қоғамға тән құбылыс.
Әліпби қабылданғаннан кейін де қыруар проблемалар туындайды. Жаңа әліпбиге негізделген компьютер бағдарламалары жасалып, балабақша, мектептен бастап ересек топты жаңа графикаға үйрету мәселесі, қаржылық шығындар мен басқа да әлеуметтік мәселелер туындайды. Бірақ мұның бәрі – өз кезінде шешімін табатын іс.
Егер латын әрпіне көшіп кетсек, осы уақытқа дейін жазылған бүкіл әдеби мұраларымыз қолданыстан қалады, оны келешек ұрпақ оқи алмай қалады дегенге саяды. Ал біздің мемлекетіміз бұл мәселеге дайындықты ертерек бастаған. Соңғы жылдары «Мәдени мұра» бағдарламасымен шығарылған миллиондаған кітаптар мен одан кейінгі шығып жатқан кітаптар мен газет-журналдардың электрондық нұсқасы бар, ал қазіргідей жаңа технологияның қарыштаған заманында оны латын қарпіне ауыстыру – секундтар шеңберінде шешілетін шаруа. Сондықтан латын графикасына көшу Қазақстан атты сүйікті Отанымызды жаңа белестерге жетелейтін, прогресті қадамдарға бастайтын жол деп ұққан жөн.
Айгүл АРЫНОВА,
Алматы Қазақ-Түрік гуманитарлық-технологиялық колледжінің директоры.