Жүрегi кiрсiз жан

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

Жазушы, көркемсөз шеберi, Мемлекеттiк сыйлықтың, М.Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерiнiң иегерi, Дүкенбай Досжан бүгiнде ғұмыр асуының жетпiсiншi жотасына шығып отыр. Осы бiр мерейтой алдында басылымдар бiр-бiрiмен жарыса қаламгердiң шығармашылық жолына үңiлiп, өз бағаларын берiп жатыр. Ғұмырының жарты ғасырдан астам уақытын шығармашылыққа арнаған жазушының қай шығармасы болса да, тұщына оқуға, сүйсiне пiкiр айтуға болатын шығармалар.

Он бес жасында алғашқы повесi жарық көрген Дүкенбай Досжанды әрiптестерi мен оқырманы жанкештi жазушы деседi. Десе дегендей, Дүкеңнiң шығармалары әлемнiң 20 тiлiне аударылып, 7,7 миллион данамен жарық көрiптi. Қаламгерлердiң айтуына қарағанда, 7 миллион данамен шет елге тараған кiтап иесi некен-саяқ көрiнедi. Шындығында, қазiргi жазушыларымыздың арасында дәл Досжановтай көп жазатындар, аз, тiптi, жоқ десе болғандай. Көп жазушы «жоқ» дегендi сылтауратып алды. Ал, Дүкең болса, философ Ғарифолла Есiм тiлiмен айтсақ, әдебиеттiң тереңiне бел шеше түсiп, екi тiзгiнге, бiрi көркемдiк, екiншiсi, даналық санаға қол артып, шығармашылық деген шыңға өрмелеп бара жатқан жазушы.

Бұл жазушының жеке өмiр шығармашылығы да оқырманын қызықтырып, шығармасы осындай көркем қаламгердiң өмiр жолы, отбасылық жағдайы қандай екен, әйелi бақытты жан шығар-ау деген ойлар жетелеуi әбден мүмкiн.

Дүкеңнiң жеке өмiрiне қызығушылық танытуымызға ең бiрiншi себеп болған нәрселер – ел аузындағы әртүрлi әңгiмелер. Өзiм жақсы бiлетiн бұл адам жайлы сыпсың сөздердi естiгенде, кейде шыр-пырым шығып, араша түсетiнiм бар-ды. Өйткенi, Досжановтар әулетiн құрбым Сәуле осы шаңырақтың анасы болып босағасын аттағалы берi жақсы бiлемiн. Олай болса, көп жұрт, әсiресе, әрiптестерi сараң, қытымыр, ағайын-туғанмен араласы жоқ, қатал мiнездi дейтiн Дүкенбай Досжан шын мәнiнде қандай адам? Бiреу туралы пiкiр айту үшiн әр адам ең әуелi өзiнiң болмысын, адамгершiлiгi мен кiсiлiгiн келелеп алса ғой дейсiң, өзгенi танып, бiлмей, көрмей жатып асылық пiкiр айтатын пенделерге.

Сәуле Мағазбекқызы екеумiз 1980 жылы ҚазМУ қалашығында танысқан едiк. Ол сырттай бөлiмде оқиды екен. Ашық-жарқын мiнезiмен қоса, әдемiлiгiмен де өзiне тарта бiлетiн Сәуле Қожахметова менi өзiне баурап алды. Содан берi бүкiл болмысы әйел, ана, отанасы болу мектебiмен де үлгi-өнеге болуымен әлi күнге өзiне тәнтi етiп келедi. Сол Сәулетайым «сараң» Дүкенбай Досжанға тұрмысқа шығыпты дегендi естiгенде, шошып кеткенмiн. Тiптi, «әйелдiң бiр бағы ашылмаса, сордан-сорға ұрына беретiнi несi» екен деп iштей құрбымды аяп, өксiп те алған едiм. =ксiмей ше, өзi ғана болса бiр жөн ғой… Бiр басы сыйғанмен, «қатыгез» Дүкенбай Досжан өзгенiң баласын бауырына тарта қояр ма екен деп қатты уайымдағаным да рас-ты. Бiрде Сәуле менi үйiне қонаққа шақырды.

Онда олар Алматыдағы Нұрмақов көшесiндегi төрт бөлмелi пәтерлерiнде тұратын. Пәтер есiгiнiң қоңырауын басуға батылым бармай, бiраз есiк алдында тұрып қалдым. Келген соң керi қайту жоқ, оның үстiне, келем деген уәдем бар. Қоңырауды басқаным сол едi, арғы жақтан Сәуленiң «Байсақалова келдi ғой деймiн» деп сөйлей, есiкке жақындап келе жатқанын естiдiм. Есiк ашыла салысымен екеумiз бiр-бiрiмiздi құшақтай кетiп, қал-жағдай сұрастырып жатырмыз. Сәуле «Дүке, Байсақалова келдi, шәйға келiңiзө» деп Дүкенбай ағаны шақырды. Менiң көзiм бақырайып кетсе керек, Сәуле екеумiз бiр-бiрiмiзбен сөйлескенде ұстазымыз Темiрбек Қожакеевтiң даусына салушы едiк. Сол әдетiмен ол: «Әй, Байсақалова, көзiң бақырайып кеттi ғой, көзiң бар болсын, жапалақтың көзi құсаған, қазiр жездеңмен танысасың» деп дедектетiп «жездемнiң» кабинетiне алып барды.

– Дүке, сiзге мен көп құрбым жоқ дегенiм есiңiзде болар, сол құрбыларымның бiрi – Байсақалова осы. Есiмi Нұржамал. «Лениншiл жаста» тiлшi болып жұмыс iстейдi. Дүкенбай аға, креслосынан тұрып, жылы жымиып: Нұржамалды бiлем ғой, сен көп айтасың, жазатыны бар бала. Амансың ба, айналайын, қош келдiң, құрбыңның үйiне, қане жүре ғой, Сәуленiң қызыл күрең шәйiн iшейiк, ас та пiсiп қалған шығар, – дегенде бойымдағы бар қорқынышым сейiлiп, еркiнси түстiм. Әңгiме арасында мына кiсi жұрт айтып жүретiн Досжанов па, әлде басқа ма дегендей, «жездеме» көзiмнiң астымен қарап қоямын. Сөйтсем, сол бiз бiлетiн Дүкең екен.

Мiне, содан берi отыз жылдан асып кетiптi «сараң», қытымыр – Дүкенбай Досжан ет жақын туысымдай. Қашан барсақ та жасының үлкендiгiне, жұмысының көптiгiне, жазубастылығына қарамастан, жылы жымиып алдымыздан шығып, ағалық ықыласпен бауырына басып, маңдайымыздан иiскеп, төрiне шақырады. Бiртүрлi ұяң, әңгiме айтуға сараңдау көрiнетiн Дүкенбай аға алдына Сәулетайы қызыл күрең шәй әкелсе болғаны, әңгiме тиегiн ағыта жөнеледi. Ол кiсiнi тыңдаған сайын, бiлгенiңнен бiлмейтiнiң көптiгiн мойындайсың. Қазақ әдебиетiн қойып, әлем әдебиетiнен оқымаған жазушысы жоқ Дүкеңнiң әңгiмесi әдебиет деген ғажайып әлемнiң түпсiз тереңiне тартып, жаныңды байыта түседi. Дүкең мен Сәуленiң үйiнен шыға сала кiтап мұхитына сүңгiп кеткiң келедi. Жан дүниесi осынша бай адамның адамгершiлiгi болмауы, жүрегiнде кiсiлiктiң кiлтi, иман кiтабы болмауы мүмкiн емес.

Бiз бiлетiн Дүкең – осы қасиеттердiң барлығына ие, жүрегi кiрсiз таза, адал, ақкөңiл, сезiмтал, сенгiш жан. Адал адамдар аңғал, аңқау келедi емес пе? Жұрт Дүкеңдi қалжың арқылы әжуа еткiсi келсе, ол кiсiнiң мiнезiндегi осы адал, аңғал қасиетiн пайдаланып кететiн шығар. Аңқау адам әпендiлеу келедi. Дүкеңнiң әпендiлiк қасиетi де тек өзiне ғана жарасып тұратындай.

Сәуле бiр шаңырақтың ұлы да, қызы да болып өскен, айтқанынан қайтпайтын, пысық, өр мiнездi едi. Кәрi әке-шешесiнiң қас-қабағына қарап отырған жалғыз қамқоршысы болатын. Сәуленiң осы жағдайын жанымен түсiнген Дүкең тоқсаннан асып о дүниелiк болған өз анасы Жәмилаға қандай жанашыр болса, енесi Айша ауыр сырқатқа ұшырап, төсек тартып жатып қалғанда жанын ауыртпай, туған ұлындай қас-қабағына қарап, қайтыс болғанда арулап қойып, басына көрнектi етiп ескерткiш тұрғызғанда, қайын жұрты жазушы күйеубалаларына рахметiн жаудырып, алғысқа бөлеген.

Өз анасының есiмiмен қатар атап, қатар құрмет көрсете бiлдi. «өлi риза болмай, тiрi байымайды» деген осы да. Қос ананың алғысын алған Досжановтар әулетiнiң мәртебесi бүгiнде жаман емес. Осындай-ақ болсам дейтiндердiң арманында жүрген ұлы ұясына, қызы қиясына қонған отбасыларының бiрi. Ел аузындағы дүние мен ақшаға жаны жақын, шық бермес Шығайбай – Дүкенбай Досжан Сәулесiнiң Ақтам ауылындағы мектептiң, аурухананың, мешiт үйiнiң құрылысына қаржылай көмек берiп, өзiнен бұрын балаларының анасы, немерелерiнiң әжесi, өзiнiң ақылшысы, қас-қабағын бағып отырған бағдаршамы Сәулесiнiң атын алға оздырып жүргенiн, Сәуленiң әке-шешесi отырған қараша үйдi сатқызбай, ата-анаңның исiн сағынғанда келiп тұрасың деп жоқ-жетiк жандарға дүние-мүлкiмен берiп кеткенiн әрiптестерiнiң бiрi бiлсе, бiрi бiлмес. Ал, менiң балам, сенiң балаң деген өгей көңiлдi бiлмес балажан, өзi де бала мiнездi Дүкеңнiң өз балаларынан бұрын Райгүлiнiң қабағына қарап, соның қолтығынан демеп, өз тегiне жаздыруын «қытымыр» адамның қандай мiнезiне сыйдыруымызға болады?!

Қытымыр, сараң адамның қолынан мұндай адамгершiлiк келмес едi. Дүкең шығармаларындағы кейiпкерлерiнiң бiрi Дайрабай диқан секiлдi көкiрегi көмбе, ойы жүйрiк жампоз жан болмаса, мұндай кiсiлiк жасамаған болар едi. Әйелiнiң анасын құрметтемек түгiлi, өз анасына жақсылық жасай алмай, өз баласы, өз жарынан жерiп жүргендер қаншама? Дүкенбай ағаның бойындағы тағы бiр қасиетi – қарапайымдылығы.

Дүкенбай аға қызымның кiндiк әкесi, Сәуле кiндiк шешесi. Дүкең кiм, мен кiммiн дейсiң ғой, пендешiлiкпен, бiрақ, отбасымдағы жақсылық бола қалса, Сәулесiн алдына салып сонау Астанадан ұшып келiп, ұшып кетiп жатады. Келе алмайтындай жағдайы болып жатса, мән-жайын айтып түсiндiредi. Ал, келер жолы Алматыға жолы түсе қалса, мiндеттi түрде хабарласып, жағдайымызды бiлуге тырысады.

Осыдан сегiз-тоғыз жыл бұрын – компьютерге кез-келгеннiң қолында бола бермейтiн уақыт. Дүкенбай аға жаңа компьютер алып, ескi компьютерiн шығармашылық жолында жүр ғой деп маған бермей ме, ал, мен болсам, үлкен жазушының сыйын жұртқа көрсетiп, мақтанғым келдi ме, кiм бiлсiн, курстасым Бауыржан Омаров айтатындай, елдiң барлығын өзiмдей көргендiкi ме, кiм бiледi, сол компьютердi кабинетiме әкелiп қойған күннiң ертесiнде ұрлап кетпесi бар ма?! Кей-кейде жазу жаза алмай қинала қалсам, Дүкенбай ағаның қолды болған сол сыйлығы есiме түседi.

Жазушының «өмiр арбасы» деген әңгiмесiнде «Оң иығыңа қараған кезде шуақтана түсетiнiң – тiлеулес болып перiштең отырар, сол иыққа назар салып құлазитының – қисық жолға азғырып сайтанның сапалағы отырар, бет алдыңда қолбаңдап кетiп бара жатқан тағдырың» деген жолдар бар емес пе. Қолбаңдап кетiп бара жатқан Тағдырында Дүкеңнiң шуақтанар сәтi, халқына қалдырар мұраты, ұрпағына қалдырар үлгi-өнегесi көп. Еңбекқор, адал, әдiл, жүрегi кiрсiз, жаны таза әке қашанда ұл-қызы алдындағы табынар үлкен тұлға. Дәл Дүкеңдей қамқоршы ер азамат некен-саяқ шығар деп ойлаймын. Неге десеңiз, Дүкең балаларына таңғы асын iшкiзбей, дұшпан аяққа қарайды деген пәлсафамен аяқ тазалығын тексермей үйiнен шығармайтынын бiлемiз. Тiптi, Сәуленiң де бас-аяғына қарап жүредi.

Өйткенi, Дүкеңнiң Сәулеге берген «Мен сенiң басыңнан төмен қарай алтын жаудырамын деп уәде бермеймiн. Бiрақ, қазақтың бақытты бiр әйелi етуi үшiн барымды саламын» деген уәдесi бар-тын. Шүкiр, уәдесiн орындады. Бiр әйел өзiн бақыттымын десе, соның бiрi – кешегi құрылысшы қыз, бүгiнгi журналист, жазушы, ақын, бес кiтаптың авторы, бес баланың анасы, 8 немеренiң әжесi, ҚР Парламентiнiң баспасөз орталығының қызметкерi Сәуле Мағазбекқызы Досжанова дер едiк.

Жазушы, әсiресе, бiз бiлетiн Дүкең туралы айтқан кезде «сараң» деген анықтауыш сөзге азырақ тоқтала кетейiк. Қаламгер жастайынан көп кiтап оқыған, соғыс жылдарының төлi болған соң ба, көзiн ашқалы үнемшiлдiкке бейiм. Сол кездегi елдегi жалғыз университет – Қазақ мемлекеттiк университетiне 16 жасында келiп түсуi… кiтапхананы екiншi үйi етуi… Гербсман, Поссе, Балақаев секiлдi ұстаздардан тәлiм алуы… жоғары оқу орнын үздiк тәмәмдауы… алғашқы әңгiмесiнiң 15 жасында жарық көруi… жазушыны өз уақытына аса сараң еттi. Естелiгiнде жазып жүр: «Уақытымды көп жейтiн болған соң – әжептәуiр бiлетiн шахматты қойып кеттiм» деп. Кейiннен достары үйреткен тастаяқты, картаны да «уақытымды көп жейдi екен» деп тастап шыққанын ашып жазғанын бiлемiн.

Қысқасы, жазушы уақытқа сараң… сөзге сараң… ойын-қалжыңға сараң… Көбiне ой үстiнде, жабулы қазан секiлдi iшiнен ғана бұрқ-сарқ қайнап жүретiнiн әлгi мiнезiнен деп бiлемiн.

Жазушы бойындағы үнемшiлдiктi, тұйықтықты, көбiне ой үстiнде жүретiндiгiн былайғы бiлмеген жұрт «сараң- дыққа» жатқыза ма деп қаламын. Кейде көп жазушының сөзi мен iсi қабыспай жататыны бар. Ал, Дүкең өз шығармаларындағы адамдар арасынан жақсылық кенiн iздеп жүретiн кейiпкерлерi секiлдi үнемi жақсылық, iзгiлiк iздеп жүредi. Оның бойынан жаманшылық iздеп жүретiндер көп. Бiрақ, оның бiрiне құлақ асып, бәле, сөз қуып көрген емес. Оған уақыты да жоқ, жазудан, жұмыстан қолы босамайды. Ондайда Дүкеңнiң ұстанатын қағидасы, «ит үредi, керуен көшедi» деген мәтел.

Көк мылжыңға жоқ, өмiрде аз сөйлейтiн адамдар болады, олар жаны мұрнының ұшына жеткен кезде, түртпек сөз шымбайына батқан кезде жанартаудай атылады. Кесiп айтады. Сол кесiп айтқан сөзiмен өзiн де өзгенi де жайратып салады. Дүкең бойында осындай мiнез де бар. Онысын бiлетiндер жазушының жанынан жымын бiлдiрмей, жылмаң қағып өтедi.

Адам естелiкпен өмiр сүредi. Кейiнгiлер ескере жүрсiн деп саз-әуен шығарады, кiтап жазады, сурет салады, тiптi болмай бара жатса – бәзбiр кiсiлер қолына балға мен қашауды алып жiберiп, жол жиегiндегi жартасқа «бұл арада пәленше болған» деген сөздi ойып жазады. Естi кiсi есебiнде жүргендер елге пайдам тисiн деп құдық қазады, арық тартады, тал тiгiп, үй салады. Осылайша былыққан шаруадан бойын жаза алмай жүрiп пенде шiркiн тiршiлiк сапарын тауысып алады. Фәни жалғанның дәм-тұзын татып келiп, ендi бақиға озарда алды-артына күн сала қарайды. «Не тындырдым?.. Кiмге жақсылық жасадым?.. Кiмнiң наласына… жаласына қалдым?.. Соңыма не iз қалдырып барамын?..» деп, тағдыр таразысының алдында тiзесi дiрiлдеп тұрып есеп бередi.

Әлгi сауалға жан баласы жауап бермей өтiп кете алмайды.

Тағдыр әркiмге әрқалай бұйырады. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы екен. Жазушы көп ретте философ болып сөйлейдi. Философ болып ойлайды. Ғарифолла Есiм өзiнiң жазушы Досжанов туралы мақаласын «Философ» деп атағаны да тегiн емес деп ойлаймын.

Рас. Бәрiмiзге жоғарыдағы мәртебелi лауазым бұйыра бермейдi. Төрде орын тар. Ел үстiне шолжаңдап, еркелеп өмiр сүру қолдан келмейдi. Бiреуге таңның атысы – күннiң батысы тыртыңдап жүрiп, маңдайтерiн саусағымен он сыпырып бейнет кешкенде, суiшкiлiгiн әзер айыратын нәпақа тиедi. Келесiге батпан құйрық, жол үстiне жатқан құйрық табыла кетедi. Несiбесi егiз жаратылады. «Жо-о-ға-ә!.. бұл әдiлет емес, осылай қарап көрсем, тiршiлiгiм кәкiр-шүкiр, қиқым-сиқымға тартып барады, өмiрiмдi басынан қайта бастаймын…» деуге – тағы болмайды, екi айналып келетiн өмiр жоқ. Маңдайға жазылған бұйрық солай. Жүрiп өтуге бейiлсiң. Жазушы пақырға жазылғаны – өмiрде ұшырасқан кiсiлердiң жан сарайын iндете аралап, рентген аспабына ұқсап, әлгiлердiң күлкiсiн… мұңын… шерiн… сүйiспеншiлiгiн… бiлiп-бiлмей жасаған жақсылығын, бiлiп-бiлмей жасаған күнәсiн… бәрiн-бәрiн… тiрi сөзбен хатқа түзу. Ақ қағазға көшiру. Жан азабының хатшылығы – жазушы ағамыз Дүкенбай Досжанға бұйырған өмiр сыбағасы шығар.

Жазушы ағамызға Семей қаласынан көптен таныс-бiлiс оқырманы хат жазыпты. Оқып көрсек, әлгi хат иесi қаламгерге қаратып «Сiз мың тағдырлы жазушысыз» дептi. Ниетi дұрыс, әйтсе де сөзi жаңсақ.

Жазушы қаншама жойқын, құдыреттi, жазғыш болғанымен – жалғыз өзi мың тағдырды арқалап жүре алмайды. Әлгi хат иесiнiң айтпағы – қаламгер ысабында жүз… бес жүз… мың қаралы тағдырдың жан сарайын, сезiм суретiн тiрi сөзбен көркемдеп жазып келесiз дегенi болар, сiрә.

Айта берсе, әңгiме көп. Жазушыны – хас шебер етiп ортасы өсiредi. Қаламгер өмiрден үйренедi, әрi өз ортасынан тәрбие алып, өсiп-жетiледi. Азғана мысал келтiрейiн.

Ағаның кiтапқа, одан қалды қолжазбаға деген ыждаһаттылығы басы бүтiн бөлек әңгiме. Сол ыждаһаттылықтың бiразы жары Сәуледен жұқты ма деп қаламын. Ұқыптылығы, тiрнекшiлдiгi жағынан Дүкенбай аға да алдына жан сала бермейдi. Күнделiк жүргiзедi. Оқыр- мандарымен күн құрғатпай хат жазысады. Сол хаттарды жинай жүруi – тiрнекшiлдiктiң, ұқыптылықтың шырқау шегi ме деп ойлайсыз.

Соңғы бiр кездесуде шешiлiп сөйлеп әңгiме тиегiн ағытты. Сөз арасында жымиып күлiп қояды. «Жасырып неғыламыз, – деп әңгiмесiн әрi жалғады жазушы ағамыз. «Сыған секiлдi Алматыда бес үйге көшiппiз, Астанаға қоныс аударған соң да төрт үйге көшiп үлгерiппiз… көп қолжазбам жоғалған, қолды болған, бiразы архивте… бiразы әртүрлi редакцияның қорап-суырмасында… Ау, ендi отырайын он ай дегендей, үш-төрт жылдан берi берекелi қонысқа табан тiредiк қой: деп қолжазбамның басын құрайыншы деп қарасам, түк жоқ-ау, түк қалмапты… соңғы жазған бiрер әңгiменiң қолжазбасын ғана сақтап үлгерiппiн. өңгесi ұшты-күйлi», – деп, жазушы ағамыз әңгiмесiн әрi жалғайды.

«Байтақ өмiр, бiр қарасаң, құжынаған базар есептi, – деп пәлсапалық ойға жүгiнедi. – Кiсiнiң көптiгiнен әлгi базар ортасы шүңейттенiп, құмырсқаның илеуiне ұқсап, тiрi жан иесi бiрi кiрiп, бiрi шығып жатады. Бiреулер базарға ентелеп енiп келедi, келесiсi таяғына, таяқ боп сiресiп қалған аяғына сүйенiп базардан шығып барады. Бiр-бiрiне қайрылып хал сұрасуға мұршасы кем. Жанталасқан тiршiлiк қана. Осынау өмiр базарында ұшырасқан, достасқан кiсiлерден мысқал болса-дағы кiсiге жұғатын я жарамды, я жарамсыз әдет болады екен. Жаманынан жиренемiз, жақсысынан үйренемiз. Күндердiң күнi қажетi болар-ау деп күнделiгiмiзге түрте жүремiз. Сол түртiп алған өнегелi мiнездiң бiр-екеуiн – қызық үшiн – оқырманның есiне сала кетейiншi», – дедi жазушы ағамыз.

«Манағы жазушыны ортасы өсiредi дегенге мысал келтiре кетейiн», – дейдi ағамыз. «Мысалға, Әзiлхан Нұршайықовтан кеш те болса қолтаңба мен қолжазбаны жинастыра жүретiн тiрнекшiлдiктi, iждаһаттылықты үйрендiм. Сүйектен өтiп, жетi атаңнан жалғасып келе жатпаса – кiсiге кек сақтамауды, кекшiл болмауды әдет қылдым. Кек… нала… өкпе… кiсiнiң жүрегiн ауырлатып, өмiрiн улап, жүзiне әжiм сызады», – дейдi жазушы.

«Уақытқа әсiре ұқыптылық аудармашы досым Герольд Бельгерден жұқты. Уақытқа ұқыпты боламын деп жүрiп әжептеуiр бiлетiн шахматты тастадым, қанша дос-жарандар жер тепкiлеп, құлаш сермелеп ойнайтын бильярдтан жерiдiм… аңға шықпаймын… саяхат жасамаймын…ендi айналып қарасам, қалам мен қағаздан өзге еш ермегiм қалмапты», – дейдi.

«Ертеңгi… бiрсүгiнгi iстейтiн шаруаны тiлдей қағазға түртiп алып, бiтiргенiн – үстiнен сызып, бiтпегенiн – келесi тiлдей қазаға көшiрiп төсқалтаға салып жүру – марқұм Қадыр Мырзалиевтен жұққан».

«Үлкенге де, кiшiге де ақ жарылған iлгергi тiлеуiн iлестiре жүру, қандай хикметте кiсiлiгiн сақтау, биiк ойлау, өмiр базарында үзеңгiлес болған кiсiнiң басын бағалап, барын базарлай бiлудi – Мырзатай Жолдасбековтен үйрендiм», – дейдi Дүкендай Досжан.

«Қыр астында қалған балалық, жастық шағының ылғалынан, құнарынан алып дарақ секiлдi нәр тарту; құлағына сiңген жанды сурет, тiрi сөздi әлқиссадан алып жазған дүниесiне қозыдай жамырата жүрудi (Бальзак секiлдi) Әбiш Кекiлбаевтан жұғысты еттiм».

«Iншалла, алыстан қарасаң – бiр-бiр асқар алатауға ұқсаған, жақын жүрiп араласа бiлсең – бауырына тартып, тәлiмiн, сабағын үзiрлi еткен жоғарыдағы аты аталған, есiмi аталмай қалған қаншама кiсiлермен дәмдес-тұздас қылған тағдырыма мың тәуба айтамын», – дейдi әңгiмесiн аяқтайды жазушы ағамыз Дүкенбай Досжан.

Жазушының сөз саптасы, әңгiмесi, майдақоңыр жел ескендей – әрi сабырлы, әрi мағыналы. Тыңдай бергiң келедi. Тыңдап отырып, түрлi ойға жүгiнесiң. Әсiресе мына өмiр базары туралы, өзiнiң аралас-құралас болған адамдары жайлы жақсы сөз айтуға құмар. Мұндайда «жақсы сөз – жарым ырыс» дегендi ерiксiз еске аласың. өз замандастары туралы, аралас-құралас болған достары жайлы әңгiме тиегiн ағытқанды жақсы көредi екен. Жоғарыдағы шағын естелiк сол көңiл-күйiнiң үзiк-үзiк толқыны секiлдi елестейдi. Әңгiмесiн ынтығып хатқа түсiрiп отырғанымыз да содан.

Қай халықты болсын жоғалып, тозудан сақтайтын – ұлттық рух. Рухы кем ұлттың болашағы бұлыңғыр. Д.Досжан өз шығармаларына үнемi ұлттық рухты қазық етiп алып отырады. Сол себептi де, жазушының шығармасын зерттеушiлер Дүкенбай Досжан ұлтымыздың бойындағы рух күзетшiсi деп бағалайды. Қаламгер үшiн бұдан артық қандай баға болсын. Ал, қазақтың қара сөзiнiң хас шеберi Әбiш Кекiлбаев өзiнiң «Жақсылық диқаншысы» деген мақаласында «Жүрегiне сөз қасиетi қонған, табиғатына тарта туған, өзгеге болсын» деген iлгерi тiлеуiмен жүретiн, баладай аңқау, анадай адал, ерекше дарын иесi, сөзден сөйлем, сөйлемнен сурет салып, көңiлiне алған кейпiн қазымырланып қазып жазатын қазбагер, жақсылық диқаншысы болып елестейдi көзiме. Мұндай кiсi зұлым болмайды, кiсiге жаулық жасамайды. Жаулық жасаймын десе де қолынан келмейдi. Жан сарайы шыны секiлдi, арғы-бергiсi түгел көрiнiп тұрады» деген екен. Әбiш ағадан асырып айта алмаспыз. Бiз бiлетiн, бiз танитын, бiз құрметтейтiн Дүкенбай Досжан дәл осындай жан.

Жұрт басқа әңгiме айтып жатса, ол – пендешiлiктiң, көреалмаушылық пен қызғаныштың, өздерi бола алмаған соң күңкiлдеп күндейтiн күңшiлдiктен екенi даусыз. Бiрақ, биiкте тұрған адамға жердегiлердiң ауыздарын жыбырлатқаны естiлмейтiнi анық. Биiктей бергейсiз, жұртын үнемi кейiпкерлерi арқылы биiк болуды, адамның дүние тiршiлiгi таудан ылдиға бос жiберген арба секiлдi. Дөңгелегi шығып, күпшегi қирап, сай табанында шашылып қалмаудан сақтандырып өмiрден iзгiлiк iздеуге үндеп жүретiн, қаламгер аға.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *