Жұлдыздардың бала шағы

Балаларды қорғау күні әкешім мен анашым қолынан келгенше бізді қуантуға тырысып, тәтті-дәмділерін әперіп, қаладағы әткеншектерге апаратын.

1 маусымды  ерекше күтетінбіз. Себебі, бұл күні салтанатты түрде біздің жаздық демалысымыз басталып, еркелікке толы күндер өз есігін ашатындай еді. Қазір ойласам, ержеткенге дейінгі әрбір күніміз біз үшін бақытқа толы уақыттар болған  екен. Ал «жұлдыздардың» бала күні қалай өтті екен, оқып көрейік.

 

Самолет, самолет, мені бірге ала кет!

 

Гүлшат ТҰТОВА,

М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы:

 Ата-анам мені қатты еркелетті. 3 ұлдың ішіндегі жалғыз қыз болдым. Әкемнің иығына отырып алып, басын стол қылып, сол жерде тамақ ішетінмін, еркеліктің көкесі осы дерсіз. Базарға барғанда «мынаны алып, ананы алып бер» деп, барлық керегіме қол жеткізетінмін. Қандай таңсық дүние шығады, соның бәрі менде бар болатын. Ал қазіргі заманда балаңыз алып бер деп қиғылық салған сәтте кішкене ойланып қаласыз ғой. Әкем атымды атамайтын, «Ақкүлтән», «біздің Ақ гүли»  дейтін.

Солай еркелете жүріп ата-анамыз бәрімізді аямай жұмсап, еңбекке баулыды. Пиязға апаратын. Шаңқай түсте арам шөбін жұлып отырып аспанға қарап, ұшып бара жатқан ұшақтарға: «Самолет, самолет, мені бірге ала кет», – дейтінмін, шаршап, жалығатын болуым керек. Құдайға шүкір, сол арманым орындалып, қай қалаға болмасын ұшақтармен қатынап жүрміз. Айгерім, Кәлима және Тәңірберген деген 3 баламыз бар. Әрқайсының орны ерек, бірін-бірінен артық көрмейміз. Керек кезде еркелетіп аламыз. Жұмсай да білеміз. Бақытты болғанын қалаймыз.

 Бүкіл қонақтың аяқкиімдерін суға салып жібергем

 

Алмас ШАЯХМЕТОВ, театр және кино актері:

 Қай жылдар екені есімде жоқ, шамамен 90-жылдар ма екен, бір нағашы атамыз қайтыс болғанда көңіл айтуға келген барлық адамның аяқкиімін жинап алып, үлкен бөшкедегі суға салып тастаппын. Сол жерде барлық ағайын «әй, мынау кімнің баласы, қайдан шыққан пәле!» деп шулап кетіпті. Үйге қонақтар келіп қалса, дастарханның берекесін алады екенмін. Меймандардың көзінше ананы мынаған қосып, алып-салып отырғанымды көрген анам еш нәрсе дей алмайды екен. Кісілер кеткен соң шешем ток шәугімнің шнурымен қуалайтын. Бір күні шнурмен арқамды осып жібергені бар. Сөйтіп, өмірімде бірінші рет  анамнан қатты таяқ жегенмін.

Бір қызығы, кішкентайымнан өнерге жақындық болмаған екен менде. Үйдегілер әскери адам болғанымды қалағаннан кейін бе, әскери маман болып, елімді, жерімді қорғаймын дейтінмін. Бірақ балалық шақтан бері  домбырамен ән шырқап, елдің алдына көбірек шықтық. Үлкен додаларға, фестивальдерге қатысып, талай рет жүлдегер  атандық. «Сонар» ансамблінің құрамында болдым. Осылайша өсе келе, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына түсіп, өнерге бет бұрғанбыз.

Бала кезімізден кино, театрға деген құлшынысымыздың мықтылығы шығар, «Қыз Жібек» , «Гаухартас», «Жаушы», «Менің атым Қожа»  дейсіз бе, түгел көріп, Әнуарбек Молдабеков, Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай  Жаманқұлов ағаларымызға ұқсағымыз келетін. Ол кісілердің ойнау тәсілі мені де шабыттандыратын. Балалардың арманы тұнық болсын деп тілеймін.

Еркелікке тойып өстім

 

Ғалым АМАНГЕЛДІҰЛЫ,

Мемлекеттік қуыршақ театрының актері:

 Бала күнімдегі естеліктер көп есімде қалмаған екен. Бірақ анам айтатын, кішкентай күнімде тілім тәтті болып, бауырларыма қарағанда ерте шыққан деседі. Сонда сегіз айлығымда мені далаға серуендетуге алып шыққанда, сол жылдары жарнамадағы «Галина бланка-буль, буль» дегенді айтып, бірінші рет тілім шыққан деседі. Бала кезімізде анамыз «Галюмушкин» дейтін, балапаным деп еркелететін. Алдымда екі әпкем болды. Үйдің кенжесі, жалғыз ұл болғандықтан, қатты қуанып күткендіктерін айтатын. Содан болар, еркелікке тойып өскен жігітпін.

Әлі есімде, 1-сыныпқа барған кезде мұғалім «Армандарың қандай?» деп сұрағанда, мен «Ол не нәрсе, қатты қорқамын, ондай нәрсені білмеймін ғой»,  – дегенім. Бірақ менің бала кезімде полицейлердің еңбегі орасан зор бағаланып, сол кісілер секілді болғым келетін. Ал өнер жолын таңдап, актер боламын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмеген екен. Қазіргі  жас ұрпақты, былайша айтқанда, «teenager»-лерді біраз байқап қарасам, көбісі дерлік бізге қарағанда ойын ашық айтады, өздеріне не керектігін жақсы біледі. Сондықтан да олардың болашағы жарқын болатынына сенімдімін. Бүгінгі жастардың өзгерістерді тезірек қабылдап, дамудың даңғыл жолына түсіп жатқандарын көріп, қуанамын.

 

Сұхбаттасқан Ақтолқын ТҰРЛЫҒАЗЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *