Жұбайлар жазған кітап
Ерлі-зайыпты журналистер Марат Тоқашбаев пен Раушан Кәрішалованың «Бақыттың кілті» атты кітабы жарық көрді. Кітап отбасылық құндылықтарды насихаттауға арналған. Бүгінгі электроника ғасырында өмір сүру жеңіл тәрізді көрінгенімен, бақытты отбасын құру оңай емес. Тіршіліктің шым-шытырық бұралаңдарынан адаспай өтіп, өз жұбыңды табу, тағдырыңды тапсырған адаммен тіл табысу – тек иман мен төзімнің, ақыл мен сабырдың арқасында ғана мүмкін.
Жазушы-журналист Марат Тоқашбаев педагогикалық академиясының академигі, профессор, республикалық қоғамдық-саяси «Президент және халық» газетінің бас редакторы болса, қаламгердің жұбайы Раушан Кәрішалова – «Қазақстан патриоты» журналының бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері.
Журналистердің өзара сұхбаты түрінде берілген пікіралмасулар отбасылық өмірдің алуан аспектілерін, ерлі-зайыптылардың отбасындағы міндеттерін, онда сабыр мен имандылықтың алар орнын талқылайды. «Шаңырақ шырайының шарттары» бөлімінде «Ерлі-зайыптылардың сөйлесу мәдениеті», «Ерін сыйлаған есікте қалмайды», «Қызғаныштың емі» тәрізді тақырыптар жұртшылықтың көкейіндегі көптеген сұрақтарына жауап береді.
«Дәстүрімізді дәріптесек» бөлімінде құдалыққа кімдер баратыны, қоржынды кімдер ашатыны, «өлі-тірі» апарудың сырлары, абысындар институты, ене мен келін институты туралы өте құнды деректер берілген.
Кітаптың келесі бір бөлігі қазақ халқының әдет-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін насихаттауға арналған. Ондағы қателестірмейтін қағидалар жас жұбайларға таптырмас ақылшы болмақ. «Бақыттың кілті» кітабы шаңырақ құруды ойластырып жүрген қыз-жігітке ғана емес, үйленгендеріне бәленбай жыл болған қосақтарға да кәдімгідей ой саларлық.