Зейнетақы заңнамасына жаңа түзетулер әзірлеу туралы БАҚ-та таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді

Зейнетақы заңнамасына жаңа түзетулер әзірлеу туралы БАҚ-та таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді
Сурет: Gov.kz

Зейнетақы заңнамасына жаңа түзетулер әзірлеу туралы

БАҚ-та сараптамалық пікірге сілтеме жасай отырып таратылған ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс берушілердің 5% мөлшеріндегі міндетті зейнетақы жарналарын (бұдан әрі – ЖМЗЖ) енгізуге қатысты заңнамаға бірқатар жаңа түзетулер әзірлегені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтындағы хабарға сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 тамыздағы заңда ЖМЗЖ енгізу туралы нормалар қабылданғанын атап өту қажет.

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын енгізуді жүзеге асыру жоспарланған болатын. Алайда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың жоспарланып отырған енгізілуін ескере отырып, осы түзетулерді қолданысқа енгізу мерзімдері 2020 жылға ауыстырылған еді («Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 20 маусымдағы заң).

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2019 жылы заңнамалық түзетулер қабылданды, оларға сәйкес, ЖМЗЖ енгізу мерзімдері 2023 жылға ауыстырылды («Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 26 желтоқсандағы заң).

Сондай-ақ, 2019 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Үкіметі жанынан зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту, оның ішінде ЖМЗЖ енгізу мәселелерін қарау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобына мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары және сарапшылар кірді.

Жұмыс тобы шеңберінде әзірленген ұсыныстарды Мемлекет басшысы қолдады, ал ұсынылған шаралардың бір бөлігі заңнамалық деңгейде де, практикалық тұрғыда да іске асырылды. Мысалы, 2021 жылдан бастап азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделудің ақысын төлеуге, қаржы ұйымдарының басқаруына беруге мақсатты пайдалану мүмкіндігі берілді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыс берушілер 2023 жылдан бастап өз қаражаты есебінен жұмыскерлерінің пайдасына ЖМЗЖ аударатын болады.

Бұл халықаралық стандарттарға сәйкес келетін зейнеткерлік жасқа жеткен кезде қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының (зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі табысты алмастыру коэффициенті) барабар деңгейін сақтауға, сондай-ақ БЖЗҚ-ның барлық салымшыларының зейнетақы жинақтарының бір бөлігін нысаналы пайдалану құқығын іске асыруға мүмкіндік береді.

Бұл ретте жұмыс берушіге жүктеме, оның ішінде МЗЖ төленген соманы салық салынғанға дейінгі шегерімге жатқызу бөлігінде Салық кодексінің шеңберінде көзделген жеңілдіктердің есебінен қолайлы деңгейде қалады.