Заңсыз шот-фактуралар жазған алаяққа үкім шығарылды

Заңсыз шот-фактуралар жазған алаяққа үкім шығарылды
Сурет: Inbusiness.kz

Сот отырысы барысында сотталушы Б. өз кінәсін мойындады.

Мемлекетке келтірілген залал 837 млн. теңгені құрады, оның 100 млн. теңгесі өтелді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Алматы қалалық №2 Бостандық аудандық сотында орындалмаған жұмыстарға шот-фактураларды жазып бергені үшін кінәлі деп танылған азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сот 2017 жылдың қазан айы мен 2020 жылдың желтоқсан аралығында Б. есімді сотталушының К., П., М., Т. есімді таныстарының атына 4 кәсіпорынды тіркегенін анықтады.

Бұл кәсіпорындар нақты жұмыстар жасамай, жалған мәміле жасау арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілері - контрагенттердің қаражатын заңды айналымнан шығарумен айналысқан.

Аудандық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, соттың үкімі бойынша сотталушы Б. іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға шот-фактураларды жазғаны үшін кінәлі деп танылды. Оған қаржы құрылымдарында материалдық жауапты лауазымдарды атқару құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, 3,6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.