Зарина Дияс алматылық жас теннисшілермен кездесті

Зарина Дияс алматылық жас теннисшілермен кездесті
Cурет: Теннис федерациясы

Зарина бала кезінде гимнастикамен айналысқан

Танымал теннисшімен кездесуге оңтүстік астананың түрлі теннис орталықтарынан 50-ге жуық бала келді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Теннис федерациясының Facebook-тегі парақшасына сілтеме жасап.

Кедесу барысында Зарина жас спортшылардың сұрақтарына жауап берді, ақылын айтты, сонымен қатар алдағы маусымдағы жоспарларымен бөлісті. Балалар қазақстандық теннис жұлдызына қызықты сұрақтар дайындап келіпті.

Зарина бала кезінде гимнастикамен айналысқан екен, алайда тенниске деген қызығушылығы басым түскен. Ол есінде жақсы сақталған матчтар ретінде Серена Уильямс және Мария Шараповамен өткізген кездесулерін айтты.

Спортшының айтуынша, әлемнің түрлі қалаларында көптеген алаңда жаттыққанына қарамастан, олар Алматыда жаттыққанға жетпейді екен. Мансабын аяқтағаннан кейін Зарина балаларды жаттықтырып, өзінің теннис академиясын құруды жоспарлап жүргенін айтты. «Қандай балмұздақ ұнатасыз?» - деген сұрақ қойды Теннис федерациясының тәрбиеленушісі Кирилл. Барлық сұрақтардың ішінде Зарина осы сұрақты ұнатты. Зарина карамель балмұздақты ұнататын болып шықты. Бұл сұрағы үшін Кирилл спортшының қолтаңбасы бар футболканы сыйлыққа алды.

Теннис федерациясының Алматыдағы филиалының өкілі де спортшыға сұрақ қойды.

- Маусым қалай өтті? Жоспарлаған нәрселер орындалды ма?

- Әрине, бұл ұзақ маусым болды. Жарақаттар болды. Алайда қазір қалпыма келіп жатырмын, келесі маусымға толық дайындықпен келемін деген үміттемін.

- Биыл бірінші рет Олимпиадаға қатыстыңыз. Қандай сезімде болдығыз?

- Сөз айтып жеткізе алмаймын. Олимпиададағы атмосфера ғажап, ештеңемен салыстыруға келмейді. Әлемнің ең мықты спортшылары жарысқа қатысу үшін жиналады. Өкінішке орай, жарақаттардың кесірінен ойлағанымды көрсете алмадым, алайда Парижде өтетін келесі Ойындарға қатысамын деген үміттемін, - деді Зарина.