Заңсыз карьерлер жабылды

Заңсыз карьерлер жабылды
tengrinews.kz

Алматыда әкім Ерболат Досаевтың тұрғындар өтінішіне назар аударғаннан соң заңсыз карьерлер жабылды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

2022 жылғы 16 мамырда әкімнің Наурызбай ауданының халқымен кездесуі барысында тұрғындар Ерболат Досаевтан Алматы облысы Қарасай ауданының аумағындағы карьердің иелеріне шара қолдануды, олардың тұрғын үйлерге жақын орналасқанын әрі үнемі шу мен шаң-тозаңнан көз ашпайтындарын айтып шағымданған еді.

«Бізді Ақжар шағынауданындағы жұмыс істеп тұрған карьер толғандырады, ол тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл өте шулы және шаңнан көз ашпаймыз. Карьер Қарасай ауданына қарайды, бірақ біз – Наурызбай ауданының тұрғындарымыз. Карьер мен тұрғын үйлер арасындағы қашықтық - 10-15 метр. Жер қойнауын пайдалану туралы заңға сәйкес карьер кемінде 500 метр қашықтықта болуы керек – бұл санитарлық-қорғау аймағы. Біз карьер қызметкерлеріне жүгіндік, олар сізге хабарласуды айтты. Біз карьердің лицензиясын қайтарып алуды қалаймыз және сіздің тарапыңыздан түнгі уақытта карьердің жұмысын шектеуге көмектесуіңізді өтінеміз», – деді аудан тұрғындары.

«Аталған карьер Алматы мен Алматы облысының түйіскен жерінде орналасқан. Мен облыс әкімінен карьердің болашағы және онымен не істеуге ниетті екендерін нақтылаймын. Әрине, жауап беремін. Ал, Наурызбай ауданының әкіміне карьердің түнгі уақыттағы жұмысына қатысты мәселені шешуді тапсырамын», – деп жауап берді Алматы әкімі Ерболат Досаев.

Бұрындары тексеру нәтижесінде Алматы қаласы мен Алматы облысы Қарасай ауданының әкімдіктері карьерлерді қазу үшін кемінде қашықтығы 500 шақырым болуы тиіс санитарлық қорғау аймағы назарға алынбаған.

Тұрғындар қала әкіміне жүгінгеннен кейін мәселе оң шешімін тапты. Алматы қаласы әкімдігінің өтініші бойынша Алматы облысының әкімдігі карьердің жұмысын тексеруді ұйымдастырды, нәтижесінде қолданыстағы заңнама талаптарының бұзылғаны расталды.

Наурызбай ауданымен шекарада карьерді әзірлеумен үш фирма айналысты. Қазіргі уақытта екі кәсіпорынның жұмысы тоқтатылды және тарату сатысында тұр. Үшінші компания бойынша жұмыстар тоқтатылды.