Заңсыз балық аулағандарға қылмыстық жаза жеңілдетілмейді – Экология миинстрлігі

Заңсыз балық аулағандарға қылмыстық жаза жеңілдетілмейді – Экология миинстрлігі
сурет: Inbusiness.kz

Балық ресурстарын сақтау басты мақсат

Заңсыз балық аулаған броконьерлерге қылмыстық жазаны жеңілдету орынсыз. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушы Әлия Шалабекованың жауабында айтылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабына сәйкес балық ресурстарын және басқа да су жануарларын заңсыз аулағаны және айтарлықтай залал келтірілген жағдайда, сондай-ақ жарылғыш немесе химиялық заттарды, электр тоғын немесе балық ресурстары мен басқа да су жануарларын жаппай жоюдың өзге де тәсілдерін қолданғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Өз кезегінде, аталған баппен заңсыз балық аулау үшін қарастырылған жаза түрі Қылмыстық кодекстің 337-бабымен заңсыз аң аулау үшін қарастырылған жаза түрімен мөлшерлес екенін атап өткен жөн. 2020 жылы Балық шаруашылығы комитетінің аумақтық инспекциялары қылмыстық жауапкершілікті көздейтін заңсыз балық аулаудың 49 фактісін, ал 2021 жылы осындай 74 фактіні анықтады», - деді ол жауабында. 

Оның сөзіне қарағанда, жеке тұлғалар заңнамамен көзделген қылмыстық жауапкершілікке қарамастан, балық ресурстарын заңсыз аулауды жалғастыруда. Сондықтан қылмыстық жазаны жеңілдету заңсыз балық аулау фактілерінің ұлғаюына әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, 2006 жылдан бастап су айдындары және (немесе) учаскелері табиғат пайдаланушыларға бекітіліп келеді және балық шаруашылығын дамытуға, оларды қорғауға, өсімін молайтуға және ғылыми зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік береді. 

«Қазіргі уақытта Жайық-Каспий бассейні бойынша 50-ге жуық балық шаруашылығы субъектілеріне кәсіпшілік балық аулауды жүзеге асыру үшін 60 балық шаруашылығы су айдындары немесе учаскелері бекітіліп берілген және олар жыл сайын шамамен 13 мың тонна балық аулайды. Осылайша, қазіргі уақытта балықшылар табиғат пайдаланушыларға жұмысқа тұрып, арнайы рұқсат қағаздарын ала отырып, балық аулаумен заңды түрде айналысуға мүмкіндіктері бар. Сонымен бірге, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, балық шаруашылығын жүргізу үшін су айдындарын конкурстық негізде бекітуге мүмкіндік бар екенін атап өткен жөн. Осыған байланысты, қазiргi және келешек ұрпақтың мүдделерiн ескере отырып балық ресурстарын сақтау мақсатында, заңсыз балық аулау үшін қарастырылған қылмыстық жазаны жеңілдету орынсыз деп санаймыз», - деді Әлия Шалабаева.