Заңсыз ақы

Заңсыз ақы almaty-akshamy.kz

Тұтынушы 10 пайыздық үстемақы төлеуге міндетті емес


Қаладағы кез келген тамақтанатын орындардың көрсетілетін қызмет үшін 1015 пайыздық үстемақы алатыны бар. Кейбір қымбат мейрамханалар одан да көп пайыздық ақы сұрайды. Ол жердегі қызмет көрсету ұнасын, ұнамасын тұтынушы тараптардан  сұрап жатпайды. Тапсырыс берген ас-судан бөлек, даяшы көрсеткен қызмет үшін алынатын алым тұтынушы құқығына қайшы. Бірақ мұны көпшілігі біле бермейді. Соңғы кездері осы мәселе қоғамда көп дау туғызып жүр. Негізі азаматтар дәмхана немесе мейрамханалардағы бұл қызмет ақысын төлемесе де болады.


Еліміздің заң жүйесінде даяшының қызметі үшін тұтынушы тұлғаның тапсырыстан бөлек қосымша ақы төлеуіне ешқандай міндет жүктелмеген. Яғни өз құқығыңызды пайдаланып, пайыздық заңсыз ақыны төлеуден бас тартсаңыз, заң алдында ұтылмайтыныңыз анық. Сізді сотқа беретіндей еш негіз де жоқ.


Тұтынушы дәмхана-мейрамханадағы қызметке үстемақы төлеп, бірақ қызмет сапасы көңіл көншітпесе, онда ол мекемені сотқа бере алады. Елдегі Сауда және интеграция министрлігіне қарасты Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті тұтынушыларға қызмет көрсететін даяшының жұмыс ақысын дәмхана немесе мейрамхана әкімшілігінің өзі төлеуге тиіс екенін мәлімдепті.  Мәселен, мейрамхана әкімшілігі тұтынушының тамаққа не суға тапсырысын алып, оны дайындаумен айналысатын аспаздың да қызмет ақысын өз мойнына алады. Демек, даяшының да қызметін өз міндетіне алуы керек. Бірақ тамақтану мекемесі тұтынушыға қосымша қызмет ақысы қосылатынын ескертуге тиіс. Мәзірде немесе басқа жерде ескертіп жазып қоюы міндетті. Бұл туралы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 25-бабы 1-тармағының 2-тармақшасында келтірілген. Аталмыш заңда «қызмет көрсетуші тұтынушыға ұсынылатын қызметтің түрлері, ерекшеліктері туралы барлық ақпаратты беруге міндетті» деп анық жазылған. Тұтынушы тапсырыс берместен бұрын, қызмет туралы толық біліп алғаны жөн. Көрсетілген қызмет үшін қосылатын 10 пайыздық төлем алдын ала ескертілмесе, даулауға құқығыңыз бар.




 Маман не дейді?


«Бұл мәселеге бейтарап қараймын. Екі тарапты да жақтамаймын. Дау туғызатындай ешнәрсе көріп тұрған жоқпын. Заң бұзылмау үшін мекеме алдын ала пайыздық үстемақы қосылатынын ескертсе болды. Ол үстемақы қызмет көрсетіп жүрген даяшының еңбегінің ақысы», – дейді қаржыгер Перизат Бауыржанқызы.


Тұтынушы пікірі


«Бұл жүйе бұрыннан бар. Даяшының қызметіне берілетін қосымша 10 пайыздық ақыны барлық дәмханада төлейміз. Мұндай үстемақы барын ескертпейтіндер көп. Тамақтанып болып, кетерде чек сұраймыз. Сол чектегі жазылған сомадан білеміз», – дейді қала тұрғыны.



 


ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ


“Қызмет ақысы пайыз түрінде емес, теңгемен есептеліп берілуі керек”, - дейді заңгер Балзира Тұрабайқызы. Осы тақырыпқа қатысты бірқатар сауалды заңгерге қойған едік.


Балзира ТҰРАБАЙҚЫЗЫ, қаржылық заңгер:  Тұтынушы мүддесі ескерілмей жатады


Тапсырыстан бөлек 10–15 пайыздық үстемақы төлеуді құптамаймын. Себебі, біздің тұтынған ас мәзірінде бағасы есептеліп тұрады. Бұл тек дәмхана даяршыларының қолақысы деп айтып жатады. Бірақ төленген ақыларды даяшыларға толық бергендерін көрмеппін. Өзіміз де студент болдық қой. Шет жағасын білеміз. Мекеме админстраторы күнделікті қолақының   5–7%-ын аласың деп айтады. Оны дәмханаларды менеджерлері жұмыс істегені үшін келген  қонақтардан өндіреді.  Даяшылар тұтынушыны жақсылап күтіп алады. Кейбір дәмхаларда өз-өзіне қызмет көрсету бар. Үстемақыны міндеттеп төлеттірудің қажеті жоқ деп санаймын. Тұтынушы өз еркімен төлесе болады. Ал төлемегендерге мекеме тарапынан қысым болмауы керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:58

19:29

19:08

18:50

18:14

18:03

17:48

17:33

17:22

17:10

16:42

16:30

16:21

15:58

15:37

15:19

15:04

15:03

14:49

14:45

14:20

14:07

14:03

13:59

13:09