Үздік ғалымдарға 6 млн теңгеден сыйлық берілді

Үздік ғалымдарға  6 млн теңгеден сыйлық берілді
Сурет: Gazeta.ru

Алты ғылыми-зерттеу институты мен бірқатар жоғары оқу орындарының 50 ғалымы жеңімпаз атанды.

Бүгін елордада «Үздік ғылыми қызметкер-2021» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Байқау жеңімпаздары 6 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлықақы алды.

Бұл байқау алғаш рет өткізіліп отыр. Алты ғылыми-зерттеу институты мен бірқатар жоғары оқу орындарының 50 ғалымы жеңімпаз атанды. Лауреаттарға төсбелгілер мен сертификаттарды ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов табыстады.

«Биылдан бастап отандық ғылым саласы дамуының жаңа кезеңі басталды. 3 мыңға жуық ғалым жобасына грант ұтқанына немесе ұтпағанына қарамастан, тұрақты түрде жалақы алатын болады. Тұрақты қаржыландыру зерттеулерді кедергісіз жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ гранттық және мақсатты қаржыландыру механизмін өзгерттік. Соңғы жылдары ғылым саласын қаржыландыру екі есе өсті. Президенттің тапсырмасының аясында осы жаңашылдықтарды бекіткен заң қабылданды», - деді министр.

А. Аймағамбетов Президенттің қолдауының арқасында ғылым саласында заңнамалар жетілдіріліп, қаржыландыру екі есе өскенін айтты. Жас ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсетіліп, ұлттық ғылыми-зерттеу институттарының материалды-техникалық базасы жаңартылып жатыр. Сондай-ақ ғалымдар жетекші ғылыми орталықтарға тәжірибеден өтуге жіберіледі, ғылым саласындағы бюрократияны тоқтату бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Біз үшін барлық процедуралардың ашықтығын қамтамасыз ету маңызды. Ғылым саласының дамуына үлес қосқан ғалымдарды жеңістерімен шын жүректен құттықтаймын. Қызметтеріңізге табыс тілеймін!» – деді Білім және ғылым министрі.

Айта кетейік, байқауға өтінімдер арнайы құрылған ақпараттық платформада қабылданды. Құжаттарды тексеру комиссиясының құрамына сарапшылар, ғалымдар, ғылым академиясының өкілдері, Жас ғалымдар кеңесі және Жас ғалымдар альянсы мүшелері, ғылыми ұйымдардың мүшелері енді.