Ұрланған қаруды өз еркімен тапсырған адам жауапкершіліктен босатылады

Ұрланған қаруды өз еркімен тапсырған адам жауапкершіліктен босатылады
Сурет: Gazeta.ru

Қаруды өз еркімен тапсырғандардың әрекеттерінде басқа да қылмыс құрамы болмауы керек.

Тәртіпсіздік кезінде ұрланған қаруды өз еріктерімен тапсырған адамдар қылмыстық жауаптылықтан босатылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Құқық қорғау органдары қылмыстық істерді тергеумен қатар, ұрланған қаруды іздеу және оларды тәркілеу жұмыстарын жалғастыруда. Ішкі істер министрлігінің өкілі айтқандай, қаруларды өз еркімен тапсыру мүмкіндігі бар. Өз кезегінде Бас прокуратура заңсыз сақталған қаруларды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды өз еріктерімен тапсырған адамдарға қылмыстық жауаптылықтан босату кепілін береді», - деді Елдос Қилымжанов.

Оның айтуынша, қаруды өз еркімен тапсырғандардың әрекеттерінде басқа да қылмыс құрамы болмауы керек.

«Сонымен қатар азаматтардың назарына айта кететін жәйт, адам қарумен жүріп, құқық қорғау органдарына ұсталса, ондай жағдай өз еркімен қаруды тапсыру деп танылмайды. Ішкі істер органдарына заңсыз айналымнан атыс қаруларын алу бойынша жедел іздестіру және профилактикалық іс-шараларды жандандыру туралы тапсырма берілді», - деді Бас прокуратураның өкілі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, тәртіпсіздік кезінде қаруды ұрлағаны үшін 98 адам ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды және оларды заңсыз сақтағаны үшін 61 адам ұсталды.

«Тәртіпсіздік кезінде 7 аңшылық дүкенге шабуыл жасалып, тоналды. Олардан 1 564 азаматтық қару ұрланды», - деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.