Үндістандағы су тасқыны салдарынан миллиондаған үй қирады

Үндістандағы су тасқыны салдарынан миллиондаған үй  қирады
Сурет: Dw.com

Табиғи апаттан кем дегенде 45 адам қаза тапты.

Үндістанның Ассама штатында су тасқыны салдарынан кем дегенде 45 адам қаза тауып, 4,7 миллионнан астам адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Бұрын-соңды болмаған нөсер салдарынан штаттың 35 округінің 32-сінде ауылдарды, егістіктерді су басып, үйлер қирады. 

Ассамда үкімет эвакуацияланған адамдар үшін 1425 көмек лагерін ашты. 

Ассама штаты биылғы жылы мұндай жағдайға екінші рет тап болып отыр. Мамыр айындағы оқиға кезінде кем дегенде 39 адам қайтыс болды. 

Синоптиктердің мәліметінше, маусым айында штатта жауын-шашын орташа деңгейден 109% - ға жоғары болған. Үндістандағы ең үлкен өзендердің бірі-Брахмапутрадағы су деңгейі көптеген жерлерде қауіпті деңгейден жоғары болып тұр. 

Толассыз жауған жаңбырдан көршілес Мегхалая штатында да соңғы аптада 18 адам қаза тапты.