«Ұмытылмас әуендер» атты концерт өтті

«Ұмытылмас әуендер» атты концерт өтті
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Кеш барысында әлемдік танымал классикалық туындылар мен отандық танымал композиторлардың үздік шығармалары орындалды.

Құрманғазы оркестрінің ғимаратында ҚР Мәдениет қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің дирижері Жексен Айсынның «Ұмытылмас әуендер» атты концерті өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Концертте Қазақстанның Халық артисі  Роза Рымбаева, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі Гүлзат Дәуірбаева, Абай атындағы мемлекеттік опера және балет театрының солисі, опера әншісі Дамир Садуахасов, Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Айдос Жабағин өнер көрсетті. Сондай-ақ, кеште шетел және қазақ композиторларының туындылары Жексен Айсынның оркестрге лайықтап түсіруімен алғаш рет орындалды.

Жексен Айсын – Қазақ музыкасының тарихындағы ең алғашқы өнер ордасы Ұлттық оркестрдің шығармашылық дамуы үшін аянбай еңбек етіп жүрген дирижер. Оркестрдің маңдайына біткен жарық жұлдызы 1995 жылдан бері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінде қызмет атқаруда. 2004 жылы ҚР Мәдениет қайраткері атағын алды.

Классикалық музыка – ешқашан мәнін және тыңдарманын жоғалтпайтын бірден-бір өнер саласы.