Ұлттық ойындардың электронды нұсқасы қажет

Ұлттық ойындардың электронды нұсқасы қажет
almaty-akshamy.kz

    Бұл жаһандану заманында жұтылудан сақтанудың бірден-бір жолы саналады

    Бүгінде жаһанда тез қарқын алған дүние бар. Ол – ғаламтор. Соның ішінде электронды ойындардың жөні бөлек. Жақсы ма, әлде жаман ба? Өзіміз де білмей далмыз.

    Қазір әрбір ата-ана баласын смартфоннан алшақтатуды ойлайтын болды. Мейлінше аулаға шығып, өзге бабалармен ойнағанын қалайды. Алайда, бұл жүзеге асар емес. Оның бірнеше себебі бар. Көбіне әке-шешесінің балаға көңіл бөлуге уақыты аз. Әсіресе, қалада бәрі қарбалас. Уақыт санаулы. Баратын жерді нақтылау керек. Әйтпесе, құр босқа уақыт жіберген боласыз. Сөйтіп жүріп, кешке үйге жетеді. Әбден шаршап, шалдыққан кісі өзгемен арпалысуға әлі болмайды. Ал бала болса ойнап, секіріп, көңіл бөлгенді қалайды. Олай істей беру әркімге оңай еместігін байқаймыз. Десе де, бала деген болашағымыз. Демек, арасында уақыт тауып болашақтың ісімен айналысып қойған да абзал. Сонда бала телефоннан бас көтеріп, ата-анасына жақын болады деп сенеміз.

    Ойнай білу де өнер

    Неміс философы Артур Шопенгауер «Парасаттылар өз өмірінен ләззат алады, бос уақытын дұрыс игереді. Ақымақтар бос қалуға төзбейді. Бос уақыт оларды зеріктіреді. Сондықтан олар пайдасыз ойынмен көңіл аулап, уақыттық рахатқа салынады» депті. Ойды әртараптан тарқаталық.

    Қазіргі таңда жас та, кәрі де барлығы смартфоннан әртүрлі ойын ойнауға құмар. Бірісі уақыт өткізуді көздесе, екіншісі осының соңына түскен. Арысы құмар ойын ойнауға дейін кетіп қалған. Түбі қайырлы іс емес. Бұрынғылар «Әр нәрсенің өз жөні бар» дейтін. Тегі рас сөз.

    Ғаламтордың пайдасы бар. Оны жоққа шығармаймыз. Бала интернеттің қыр-сырын үйренеді. Электроника, компьютер тілін, ІТ игерген дұрыс. Болашақ тікелей тораптың торында болғалы тұр. Осы аралықта қазақтың ұлттық ойындары: асық, тоғызқұмалақ, ат спорт ойындары, интеллектуалды ойындарымыздың электрондық нұсқасын жасауымыз қажет. Ендігі жерде ұлттық жәдігерлерімізді осылай сақтай аламыз. Бұл жаһандану заманында жұтылудан сақтанудың бірден-бір жолы саналады. Бірте-бірте ұлттық құндылықтарымызды ғаламтор көмегімен танытып, жарнамалай алсақ, асығымыздың алшы түскені сол болмақ. Осы шаруаға жаңа технологияға жақын азаматтар бүгіннен кірісіп, тындырымды тірлік жасаса деген ниеттеміз. Бәлкім, ұлттық ойындардың электронды құрылымын жасап, оны айналымға енгізіп те жатқан болар. Міне, сондай жандарды да аухатты кәсіп иелері қаржылай қолдап, ұлттық өнімнің бәсі жоғары болуы үшін атсалысса бәріміз үшін зор бақыт болмақ.

    Біз қалай да өз ұлтымыздың рухани, мәдени, жауһарларын көздің қарашығындай сақтауымыз қажет. Бұл идея күн тәртібінен түспеуі керек. Сонда ғана келешек ұрпақтың алдында маңдайымыз жарқын болары анық.

    Смартфоннан ойын ойнау

    Бүгінгінің баласы зерек. Тіпті, өзімізден ақылдырақ сияқты. Біз білмейтінді біледі. Үйретуден гөрі, көп жағдайда үлкендер жағы өзі үйреніп жатады. Ғылыми технологияның іштен біліп туғандай көрінеді. Жастардың тілімен айтқанда, «бәрін шашады». Оған талас жоқ. Бәлкім, заманның талабы солай болар. Дегенмен, ойыннан бас көтермей, телефонға телміріп отырғанын көріп таңданасыз. Кейде аздап қарныңыз ашады. Бастысы, іштей көп уақытын ұялы телефонның маңында жоғалтпаса екен дейсіз. Әрбірден, көзге, миға зиян екенін болдырған бүлдіршіндерден байқаймыз. Ойымыз, қызықты кішкене экраннан емес, сырттан іздесе дейміз. Өз қатарластарымен аралас-құралас өскендер, ертеңгі күні көпшілікті жатырқамайды. Қайта жұртқа жақын болады. Көппен араласып ойнаған баланың бойында төмендегіндей қасиеттер мен қағидалар пайда болады.

    Дәлірек:

    • Алғырлық;
    • Ептілік;
    • Ізденімпаздық;
    • Пысықтық.
    • Талпынушылық.

    Бұл жіктеулердің өз сыры бар. Өйткені, қазіргі қоғамға осындай қасиеттерге ие тұлғаны қалыптастыру керек болып тұр. Кеңірек тарқатып көрелік.

    Алғырлық – бұл әрбір баланың бойына беріле бермейтін ұлы қасиет. Дегенмен, талпынса, әркім мұратқа жетері анық. Сондықтан смартфон ойнаса да, алғырлыққа бейім болғаны абзал. Мұндай мінез уақыттың лебімен келер.

    Ептілік – Тек үйге қамалып, телефонға телміре берген жақсылыққа алып келмейді. Иә, оны да үйренсін. Бірақ өз құрдастарымен, бір сәт ойнап-күліп, асыр салып тай-құлындай тебісіп өскенге не жетсін?! Өйткені, әр бала қалыптасушы тұлға. Ол физикалық тұрғыдан да өсіп-жетілуі керек. Осы жағын да ойлаған абзал. Сонда кез келген іске епті болып өседі. Өзін қорғай алатын мықты болып өседі. Спортқа бейімі артады. Бұл ең басты – керекті нәрсе.

    Ізденімпаздық – Далаға бір мезгіл шығып, ойнаса өзіне жақсы. Біздің балалар сыртқа барып ойнаудан қалып барады. Бұрынғы балалар бір ойынды ойнау үшін оған өзі сынды балаларды жинайтын. Ойынға қажетті заттарды іздейтін. Содан кейін барып ойынға кірісетін. Бұл ізденімпаз болудың бір көрінісі. Демек, оған ешкім дәп қазіргідей смартфоннан бәрін дайындап қойған жоқ. Бұл да үлкен үлгі-өнеге аларлық іс деп ұғамыз.

    Пысықтық – бала мен бала кездеседі. Бір-бірімен шынайы тілдеседі. Виртуалды әлемге телінбейді. Екеуі әртүрлі ойын ойнауға кіріседі. Ойынның өзі өмірдің бір бөлшегі. Екі тарапқа бөлінгендер арасында бәсекелестік болады. Кіл мықтыны анықтау үшін  түрлі тәсілдер қолданады. Ақыр соңында пысығы жеңіске жетеді. Мұның өзінің үлкен тағылымдық мәні бар.

    Талпынушылық – ел арасында «Талпынған жетер мұратқа» дейді. Шынында, үйде бір бұрышта, смартфонға байланған баланың бойында өсіп-жетілу аз болады. Қайта ол шынайы өмір мен виртуалды өмірді шатастырады. Себебі, әлі толық қалыптасып бітпеді. Оның бар талпынушылығы белгілі бір ойынды ғаламтордан жүктеп, соны ойнау. Көппен араласқан, жұрттың жақсысын біліп, жаманынан жиренуге үйренген бала түбінде бір озады.

    Ойын ойнаған азар...

    Халқымыз осы бір данагөй сөзді текке қалдырмапты. Әлгінде балаларға байланысты біраз ойдың шетін қозғадық. Бұрынғыдай аулаға шығып көрші қатарластарымен бірге доп ойна, қуаласып, бірге ойнап өскенге не жетсін? Маңдайын жел қармап, терлеп-тепшіп ойнаса, денесі шынығады. Ойы сергиді. Физикалық тұрғыдан алғанда, дұрыс қалыптасуына әсер етеді. Ал виртуалды әлемде мұның бірі де болмайды.

    Біз ғаламтор ойындарын мансұқтамаймыз. Ол да керек шығар. Олай болатыны, интернеттің қуаты артып барады. Тіпті, көз ілеспейді. Ақпарат майданы десек те, артық емес шығар. Ойымыз осындай келеңсіз жағдайдан баламызды ада етейік. Одан да шамамыз келгеніміз домбыра, қобыз, спорттық секцияларға жаздырайық. Үйренсін, білсін, жақсыны көрсін. Ертеңгі күні ержетіп, үлкейгенде өз қажетіне әлгі жиған қасиеттерін жаратады.

    P.S. Алаш қайраткері, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров «Балалықтың қанына ойын азық» депті. Жоғарыдағы ойларды топшылағанда осыған саяды. Ойын қусаң уақыт босқа өтеді. Барша істе баланс болғаны жөн сияқты. Ал сол нәрсені әркім өзіне-өзі жасайды.