Ұлттық операторға сұрақ көп

Ұлттық операторға сұрақ көп
tengrinews.kz

Жазылған жайға қайта ораламыз

 

«ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ»: АЛДАУ МА, ӘЛДЕ АРБАУ МА?

Байланыс нарығында міндеттемелеріне салғырт қарайтын оператордың күдікті айла-тәсілдері толастамай тұр...

(«Almaty aqshamy», №73-74 (6209), 28 маусым, 2022 жыл)

«Қазақтелеком» АҚ өкілдері өздеріне қатысты «Almaty aqshamy» және «Вечерний Almaty» газеттерінде жарияланған мақалаларды назардан тыс қалдырмапты. Естеріңізде болса, бұл мақалаларда 8 мегабит жылдамдықтағы интернет байланыс қызметі біздің басылымдарға орынсыз қымбат бағамен берілгендігі айтылған.

Дегенмен, Ұлттық оператор біз күткендей өз қателіктерін мойындамады. Оның орнына «Alatay Aqparat» ЖШС-нің үстінен сотқа талап арыз жазып, бұл мақалаларда көрсетілген мәліметтерді теріске шығаруды талап етіп отыр. Біздің компанияға сотқа дейінгі хабарлама келіп түсті. Онда Ұлттық байланыс операторының бізден бас тартуды талап еткен тезистері көрсетілген.

Бізге келген хабарламаның бірінші тармағында "Қазақтелеком" алаяқ деп жалған ақпарат таратылды" деп көрсетілген. Сондай-ақ, сотқа дейінгі хабарламада ҚР Қылмыстық кодексі тұрғысынан алаяқтық деген не екені туралы түсініктеме берілген. Алайда, осы тұста біздің Ұлттық операторды өз мақаламызда алаяқ деп айтпағанымызды түсіну керек. Біз тек қана «Қазақтелеком»-ның іс-әрекеттері әділетсіз қитұрқы схемаларға ұқсайды деп болжам жасадық.

Сондай-ақ, Ұлттық байланыс операторы бізге көрсетілген қызметтің құны 480 мың теңге болғанын жоққа шығаруды талап еткен. Хабарламадан үзінді келтірейік: «Бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, өйткені қызметтерді ай сайынғы пакеттік қосу сомасы мен ҚҚС-ны (қосылған құн салығын) қоса алғанда 223 500 теңге мөлшеріндегі соманы құраған. Оған қоса бұл сомаға «8» нөмірі арқылы жасалған ай сайынғы халықаралық қоңыраулар және 18 қалалық стационарлық нөмір үшін абоненттік төлем есептелген. Қызмет құнының жалпы сомасы 332 500 теңгеден аспады».

Ұлттық байланыс операторы бұл хабарлама арқылы  «нағыз жомарттық» көрсетіп отыр – біз көрсеткен сомадан 150 мыңға арзан, алайда өте баяу интернет байланыс үшін әлі де тым сорақы баға.

«Сегіз» нөмірі арқылы жасалатын халықаралық қоңырауларға ерекше тоқталғанымыз жөн. Байланыс операторы ауысқан соңғы екі жарым жыл ішінде біздің редакциямыздан мұндай небәрі бір қоңырау шалынған. Бұған дейін біздің ұйымға жазылған телефон нөмірлерінен (естеріңізге сала кетейік, олардың саны үш жүзден астам) қалааралық қоңырауды кім пайдаланғаны түсініксіз. Бұл – «Қазақтелекомға» қойылатын бөлек сұрақ.

Хабарламаның келесі тармағында Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «жазбаша дәлелдерді негізге ала отырып, заңды шешім шығарды» деп мәлімдейді. Сонымен қатар, «Қазақтелеком» АҚ өкілдері бұл ретте өздерінің «Alatay Aqparat» ЖШС пайдасына қайта есептеу туралы уәделері бар хаттарының сотта қаралмау себебі олар қате деп танылып, кері қайтарылуында екенін айтады. «Қателік соманы қайта есептеуді жүргізген Қоғам қызметкерінің кінәсінен болды («Қазақтелеком». – Ескерт. ред.)». Яғни сотқа дейінгі хабарламаның өзінен біз Ұлттық оператор қызметкерлерінің қайта есептеумен айналысып, тіпті «Alatay Aqparat» ЖШС-на хат жазғанын (қате деп танылса да) мойындайтынын көре аламыз. Дегенмен, біздің ұйымға ешқандай ақша қайтқан емес.

ҚазТАГ ұжымы біздің мақалаларды өз оқырмандарымен бөліскендіктен, сотқа дейінгі хабарламаның көшірмесін алды. Айтылған ұйымдағы әріптестеріміз осы хабарламаның бір қызық тұсын байқаған. Сотқа дейінгі хабарламаға бұрын сыбайлас жемқорлық бойынша өз қылмысын мойындаған «Қазақтелеком» АҚ стратегиялық басқару жөніндегі бас директоры – Басқарма мүшесі Батыр Маханбетәжиев қол қойған.

Агенттік «Қазақтелекомның» басты менеджерлерінің бірі болған Батыр Маханбетәжиевтің 2016 жылы Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің бұрынғы төрағасы Болат Кальянбеков тарапынан сыбайлас жемқорлық туралы іс бойынша ұсталғанын жазады. Сол уақытта комитеттің бұрынғы басшылары Болат Берсебаев, Бек Арпабаев, Талғат Қазанғап, Жанболат Байбосынов та ұсталды. Барлық аталған тұлғалар, соның ішінде Маханбетәжиев  те өз кінәсін мойындаған.

Осыған байланысты ҚазТАГ өкілдері Ұлттық байланыс операторының баспасөз хатшысына «Неге сыбайлас жемқорлық бойынша қылмысын мойындаған азамат Ұлттық компанияда жоғары қызмет атқарады?» деген сұрақ жолдады. Жауап әлі алынған жоқ…

Біз де осы сұраққа қосыламыз.