Ұлттық құндылықтар - тәрбиенің түп қазығы

Ұлттық құндылықтар - тәрбиенің түп қазығы
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысында ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Ғасырдан - ғасырға жеткен халықтың қазынасы –  тілі, діні, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ұлтымыздың рухани байлығы.

Біздің ата-баларымыз  бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Қазақ халқының ұлттық тәрбиесі - әлемде теңдесі жоқ тәрбие десек артық айтқандық емес. Баланың жастайынан ұлттық құндылықтарды дәріптеуінің, елімізді, туған жерімізді, дініміз бен тілімізді құрметтеуінің негізі осы ұлттық тәрбиенің негізінде жатыр. Отанын сүйетін патриот, жоғары адамгершілік иесі, ұлттық рухы биік парасатты азамат тәрбиелеу үшін ұлттық құндылықтарымызды басшылыққа алу қажет. Оның маңыздылығы мен қажеттілігі зор. Біз үшін еліміздің өркендеуі, ұлттық ерекшелігіміз бен ұлттық құндылықтарымызды сақтау – қымбат қазына.

Осы ұлттық тәрбиені балалардың бойына сіңіру мақсатында Мағжан Жұмабаев атындағы №137 жалпы білім беретін мектептің ұстаздарының, ата-аналарының  атқарып жатқан жұмысы мен тәрбиеге қосып жатқан үлесі өте көп.  Балалардың ұлттық санасының қалыптасуында әрбір  жүргізілетін іс-шаралардың алатын орны ерекше. Мектебімізде жүргізіліп отыратын тәрбиелік мәні зор іс-шаралар осының дәлелі десек болады.

Атап айтатын болсақ, бүгінгі өткізіліп отырған, «Ұлттық құндылықтар - тәрбиенің түп қазығы» атты әдеби - сазды кешіміз осыған нақты дәлел бола алады. Әрине, халқымыздың ұлттық құндылықтары өте көп. Бүгінгі кеште оларды іріктеп, бірнеше бөлікке бөліп қарастырдық.

Ең бірінші кезекте, әрине, құндылықты сөз еткенде – тәуелсіздік және тарихи танымынан  бастап, Тәуелсіздіктің арқасында, қазақ елін, Қазақстан халқын әлем танып  мойындағаны сөз етілді. Тарих – тәр­бие­ші, ұлт­­тың  бағдары, жол сілтеушісі.  Тарихы бекем жасалған халық дұрыс бағыт алады. Бірегей көп томдық мемлекеттік тарихымызды өзіміз жазбай ұлттық құндылықтарымызды орнықтыра алмаймыз.

Келесі кезекте ел мен жер, ұлттық рух, тіл, әдебиет және руханият, қолөнер, ұлттық мәдениет, ұлттық дәстүр, отбасылық тәрбие туралы айтылып, мектеп оқушылары өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етті.

Қорыта айтқанда, қазіргі заманда бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылу үшін, алдымен, өзіміздің ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді, мәдениетімізді сақтай отырып, келешек ұрпақты сол арқылы рухани адамгершілікке тәрбиелеуіміз керек. Салауатты да саналы ұрпақ қамын ойлар болсақ, сол қоғам иелерін жан-жақты, ақыл парасаты мол, ізетті, кішіпейіл, мәдениетті азамат етіп тәрбиелеу – ұстаздың, әрбір ата-ананың қоғам алдындағы борышы деп білеміз.