«Ұлттық қор – балаларға»

«Ұлттық қор – балаларға»
turkystan.kz

Айтылды. Жасалды.

Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев өткен жылғы қыркүйектегі Жолдауында «Ұлттық қор – балаларға» атты жаңа бағдарлама әзірлеуді үкіметке тапсырған еді. Аталмыш бағдарлама бойынша 18 жасқа толғанға дейін әрбір қазақстандық баланың арнайы шотына Ұлттық қордан ақша жиналуы тиіс.

«Біз Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылының аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады», – деген болатын Мемлекет басшысы өз Жолдауында. Қаржы министрлігінің баспасөз қызметі Президент тапсырмасы бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2024 жылдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосудың негізгі тәсілдерін әзірлегенін хабарлады. Жоспар бойынша Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы жыл сайын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында бөлінеді. 18 жасқа дейінгі баланың жинақталуының болжамды сомасы шамамен 3,5 мың АҚШ долларын құрауы мүмкін. Дегенмен, Қаржы министрлігі бұл сома экономикалық өзгерістерге байланысты түзетілуі мүмкін екенін ескертеді.

 БАҒДАРЛАМА ҚАЛАЙ ІСКЕ АСАДЫ?

Қаржы министрлігінің хабарлауынша, жобаны келесідей механизммен жүзеге асыру жоспарланған:

  1. Шоттар «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-да (ЕНПФ) Әділет министрлігінің жеке тұлғаларының дерекқоры негізінде автоматты түрде ашылатын болады. Яғни зейнетақы қорында әр балаға шот автоматты түрде ашылады.
  2. Жыл сайын қаңтар айында жобаға қатысқан сәттен бастап 18 жасқа толғанға дейін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-дағы балалардың шоттарына шартты түрде қаражат есептелетін болады. Мысалы, егер бала жоба басталған кезде 5 жаста болса, оған жыл сайын 13 жыл ішінде, яғни кәмелетке толғанға дейін Ұлттық қордың инвестициялық табысының бір бөлігі есептеледі.
  3. Жобаға Қазақстан Республикасының азаматтығы бар балалар қатысады.
  4. Егер 18 жасқа дейінгі бала елден кетіп, өзге елдің азаматтығын алса, онда шотындағы ақшаны алуға құқығы жойылады. Қаражат барлық балалар арасында қайта бөлінеді. Бала елден 18 жасқа дейін азаматтығы ауыспай кеткен жағдайда төлемдерді алуға құқығы сақталады.
  5. Шот қаражаты салық салудан босатылады. 18 жасқа толған кезде шоттағы ақша АҚШ долларымен беріледі. Іс жүзінде 18 жасқа толғанға дейін ақша Ұлттық қорда қалады және қаржы құралдарына инвестицияланады.
  6. 18 жасқа толған кезде қаражат баланың меншігі болады, ол қаражатты қалай пайдалану керектігін өз бетінше шешуі керек (білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға). Шоттағы қаражатты шетелдік оқу орнының оқу ақысын төлеу үшін пайдалануға болады. Өз кезегінде тұрғын үй сатып алу үшін қаражатты пайдалану тек Қазақстан аумағында ғана рұқсат етіледі. Осы қаражатқа сатып алынған тұрғын үйді қайта сату бойынша шектеулер болмайды.
  7. Қаражатты мақсатты пайдалану үшін «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ өзара іс-қимыл жасайтын уәкілетті операторларды («Отбасы банк» АҚ, екінші деңгейдегі банктер) анықтау ұсынылады.
  8. 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 5-10 жыл бойы сақталады. Егер қаражат осы уақыт аралығында жұмсалмаса, 5-10 жыл ішінде шоттағы қаражатты зейнетақы шотына аудару ұсынылады.
  9. Сондай-ақ, азаматтық заңнамаға сәйкес іс жүзінде жинақталған қаражатты мұрагерлік бойынша беру мүмкіндігі көзделеді.
  10. Бала әрекетке қабілетсіз болған жағдайда, ата-аналарға (заңды өкілдерге) ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен қаражатты пайдалануға құқық беру жоспарлануда. Қаржы министрлігінің мәліметінше, жобаны іске асыру үшін осы жылы Қазақстан Республикасының заңнамасына және тиісті нормативтік құқықтық актілерге түзетулер қабылдау жоспарланған.

Әзірлеген Досбол АТАЖАН