Ұлттық банк жаңа коллекциялық монетаны сатылымға шығарады

Ұлттық банк жаңа коллекциялық монетаны сатылымға шығарады
Сурет: Inbusiness.kz

Монета Ұлттық банктің интернет-дүкенінде сатылады.

Жаңа коллекциялық монетаның таралымы – 100 000 дана, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Биыл 3 мамырдан бастап Ұлттық банк «Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл» коллекциялық монетасын сатылымға шығарады.

«2022 жылғы 3 мамырдан бастап «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» монеталар сериясынан Semei iadrolyq poligonynyń jabylǵanyna 30 jyl коллекциялық монеталары сатылымға шығарылады», - деп жазылған Ұлттық банк таратқан хабарламада.

Жаңа коллекциялық монета реверсінде екі бөліктен тұратын ядролық жарылыс түрінде бейнелер көрініс тапқан. 

«Сол жақ бөлігі ядролық сынақтардың тарихын, үзілген өмір мен шырғалаң тағдырды бейнелейтін жарықшақтар түрінде берілген. Оң жағынан – зардап шеккен табиғатты білдіретін қураған ағаштың   бейнесін көруге болады. Қурап қалған ағаш бұтағындағы жасыл жапырақтың бейнесі – жандану мен қылаң берген үміттің белгісі», - деп жазылған хабарламада.

Монеталар 925/1000 сынамада күмістен эмаль жағу технологиясымен дайындалған. 

«Массасы – 31,1 грамм, proof дайындау сапасы бар, номиналы 500 теңгелік, таралымы – 5000 дана және нейзильбер қоспасынан массасы 11,17 грамм, uncirculated сапасымен, номиналы 100 теңгелік, таралымы – 100 000 дана», - деп жазылған хабарламада.