Ұлттық банк мамандары Қазақстанның қай өңірінде инфляция өршіп тұрғанын айтты

Ұлттық банк мамандары Қазақстанның қай өңірінде инфляция өршіп тұрғанын айтты
Сурет: Inform.kz

Елде айлық инфляция 0,7%-ды құрады.

Қазақстанның Ұлттық банк мамандары еліміздің қай өңірінде инфляция өршіп тұрғанын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты департаменті нақты сектор мониторингі басқармасының бастығы Игорь Осиповтың мәліметі бойынша, 2022 жылғы қаңтарда елде жылдық инфляция 8,5% болып (2021 жылғы желтоқсанда – 8,4%), жеделдеді. Аймақтар бойынша жылдық инфляция 10 өңірде қарқын алды, 5 өңірде баяуласа, 2 облыста өзгеріссіз қалды.

Инфляцияның аса қарқын алу көрсеткіші Ақтөбе облысында (желтоқсандағы 8,7%-дан қаңтарда 9,2%-ға дейін) тіркелді, керісінше, баяулау үрдісі Маңғыстау облысы (9,2%-дан 8,7%-ға дейін) мен астанада (8,8%-дан 8,3%-ға дейін) байқалды.

Қаңтарда азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқыны бір ай бұрынғы 9,9%-дық деңгейде сақталды. Осы топтағы тауарлар бағасының ең жоғары өсімі Ақмола облысында қалыптасты (11,7%).

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі де өз мәнін 8,5%-дық деңгейде сақтады. Ең жоғары мәндер Ақмола мен Ақтөбе облыстарында (10,2%-дан), ең төмен мән Маңғыстау облысында (7,1%) тіркелді.

Ақылы көрсетілетін қызметтің бағасы қаңтарда 6,8%-ға өсті (желтоқсанда - 6,5%), бұл ретте жалпы республикалық деңгейден баға біршама жоғары – Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарында (8,2%-дан), біршама төмен – Ақмола облысында (5,3%).

Елде айлық инфляция 0,7%-ды құрады, бұл соңғы 5 жылда қаңтардағы бағаның орташа мәнінен жоғары (2017-2021 жылдары: 0,6%). Орташа тарихи нормасынан жоғары баға 2022 жылғы қаңтарда Алматы қаласында (1,0%), Ақтөбе (0,9%), Қарағанды (0,9%) облыстарында, Шымкент қаласында (0,9%), Ақмола (0,8%), Батыс Қазақстан (0,7%) және Солтүстік Қазақстан облыстарында (0,6%) өсті.

Маңғыстау, Атырау, Павлодар және Қостанай облыстарында бағаның өсу қарқыны өзінің орташа тарихи нормасын сақтап қалды. Қалған өңірлерде бағаның айлық өсу қарқыны өзінің орташа нормасынан төмен қалыптасты.