Ұлт ұстазына үкім шыққан күн

Ұлт ұстазына  үкім шыққан күн
almaty-akshamy.kz

Осыдан тура 85 жыл бұрын 8 желтоқсан күні Ахмет Байтұрсынұлы ату жазасына кесілді.

Тарихи деректерге зер салсақ, атышулы "үштіктің" ғұлама ғалымды ату туралы алғашқы шешімі 1930 жылдың 4 сәуірінде шыққан болатын. Кейін бұл шешім бірнеше рет өзгертіліп, тіпті Ахмет Байтұрсынұлына орыс зиялыларының өзі араша түседі. Осылайша ол айдау мен қуғынның арасында адам төзгісіз жағдайда өмір сүрсе де, 1937 жылға дейін қазақ мүддесіне қызмет етуге мүмкіндік алады. 1937 жылы 8 қазанда соңғы рет тұтқындалып, 8 желтоқсанда ату жазасына кесілді.

Биыл алаш айбозының туғанына 150 жыл толғаны UNESCO көлемінде атап өтілді. Сол мерейтойдың логикалық түйіні Ахмет Байтұрсынұлының атылған күнімен түйінделмекші.

«Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығының қорытынды жиыны ретінде Алматыдағы Ұлттық кітапханада оның 12 томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтеді. Мұндағы мақсат – ұлт ұстазы шығармаларын насихатттап, алаш ардақтысының жазықсыз атылған күнін еске алу, рухына дұға бағыштау. Шараны Алматы қаласы Музейлер бірлестігі, ҚР Ұлттық кітапханасы мен Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл — құрал» ғылыми зерттеу орталығы» өткізеді - дейді Ахмет Байтұрсынұлы мемориалды музей үйінің директоры Райхан Имаханбет.