Үлкен Алматы көліне апаратын жолға күрделі жөндеу жүргізіледі

Үлкен Алматы көліне апаратын жолға күрделі жөндеу жүргізіледі
Cурет: Inform.kz

Бұл жобаны 24 айда жүзеге асыру жоспарланып отыр

Үлкен Алматы көліне апаратын жолға күрделі жөндеу жүргізіледі. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ құрылыс маусымына ауқымды дайындық жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Акционерлік қоғамның баспасөз қызметінің мәліметінше, мәселен, республикалық маңызы бар Алматы – Космостанция трассасының 8-34 шақырымы аралығындағы бөлік (Алма-Арасан шипажайына кіреберіс) күрделі жөндеуден өтеді.

«Қоғамдық тыңдау өтті. Белсенділер дауыс беріп, Үлкен Алматы көліне апарар жолды күрделі жөндеуге қарсы емес екендіктерін жеткізді. Бүгінде жобалау-сметалық құжаттары дайын, экологиялық сараптама сатысында тұр. Сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін конкурс жарияланып, заңнамаға сәйкес мердігер анықталады. Содан кейін учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіледі»,-делінген хабарламада.

Айта кету керек, жол екі жолақты болып қала бермек. Сонымен қатар, жобада 1-ге 10 өтемдік ағаш отырғызу қарастырылған.
Күрделі жөндеу жұмыстары аясында аумақта бақылау алаңдары, автокөліктерге арналған тұрақтар және тастың құлауынан қорғайтын торлар салынбақ.

Жол инфрақұрылымын қайта құру жұмыстары туризмді одан әрі дамытуға оң әсер етеді және қонақтар мен жергілікті тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасайды. Ал төтенше жағдайлар кезінде арнайы техника жергілікті жерге одан да жылдам жетеді.
Бұл жобаны 24 айда жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы - Космостанция республикалық маңызы бар жол III санатқа жатады, жабыны - асфальт-бетон. Оның ұзындығы 26 шақырым.