Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ: Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең-байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат

Завершилась ее третья неделя, сообщает Vecher.kz.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ: Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең-байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат Сурет: Almaty-akshamy

«Аманаттың» ар жағы мен бер жағы.


Қазақстандағы президенттік Nur Otan партиясының ресми атауы өзгеріп, «Аманат» партиясына айналды. Осыған байланысты ақын, жазушы әрі  Қазақ Ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы Ұларбек Нұрғалымұлы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 



"Менен біреу «Қазақ қандай халық?» деп сұраса, ойланбастан және ең бірінші айтатын сөзім - «Қазақ – аманатшыл халық»! Содан кейін «қонақжай», «жауынгер», «тойшыл», анау-мынау дей берермін. Бұл айтып отырғаным, әрине, қазақтың толықтай аманатшыл кезіндегі болмысына қарай айтылған сөз. Қазір біз қаншалық аманатшылмыз? Оны сөзімізді тарқата келгенде, әркім өзі салмақтап, саралай жатар",- дейді ақын. 



Оның айтуынша, «Аманат» дегенде ең алдымен «Аманатқа қиянат жүрмейді» деген сөз оралады. Оны қазір көп адам «аманатқа қиянат жасама» деп те айтып жүр. Тұрақты сөз тіркесі тұрақты болуы керек. Алдыңғы нұсқаның нұсқап тұрғаны орасан терең, ұлы заңдылықты меңзейтін ұлы ұғым һәм ескерту! Ал, соңғысы тиым сипатында айтылған көп сөздің бірі ғана секілді естіледі өзіме. 



"«Аманатқа қиянат жасама» дегенде, өмір болған соң жасалып кетуі мүмкін. Ондайда ары кеткенде «Әттең жасалып кетті, енді не істеймін?» деп ары қарай жүре беруі мүмкін. Тіпті әдейі жасап та жібереді. Өйткені бұл сөзде оның жазасы туралы айтылып тұрған жоқ қой. Ал, «аманатқа қиянат жүрмейді» дегенде, «жасаймын десең, жасап бақ, бірақ оның жүрмейді. Алдыңнан шығады. Омақасып түсесің. Құтылам деме!» деген ұғым тұла бойыңды шымыр еткізеді. 


Енді «Баяғы қазақ аманатқа неге оны сонша жауапкершілікпен қараған?» деген сауалдың жауабына жету үшін, ұлы Ахаңның мына бір сөзін тарқатып көрсек:


«Сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады», - дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Осы сөзді де «тілі жоғалған жұрттың өзі жоғалады» деп қолданып жүргендер аз емес. Бұл екі қолданыстың арасы да сондай алшақ! Ахаң сөзі заңдылықты айтып тұр. Ал енді мысал келтірейік. 


Адам бойынан күніне жүздеген клеткалар жойылатыны секілді, біздің бойымыздан апталап, айлап, жылдап қаншама сөздер «өліп» жатыр деңізші. Мысалы, «ұят» деген сөз бұрын жүз адамның ортасында елу рет айтылса, қазір бес-ақ рет қана айтылуы, оның екеуі «ұялғанның өзі ұят», «ұятмен» деген ұятқа қарсы ұғымда айтылуы мүмкін. Ал, «ұят» сөзі қалай «өліп» жатыр? 


Бұрын «ұят болды» деген сөзді айтып қалғанда, жүзі қызарып кететін әжелеріміздің бойында толық энергиялық қуатқа ие еді бұл сөз. Қазір осы «ұят» сөзі айтылғанда, көп адам соншалықты әсер алмайды, батареясы таусылған сағаттай сазарып өзіңе қарап тұрады. Оған «өлімнен ұят күшті» деген сөзді ағылшыншалап айтсаң да, түсіндіре алмайсың. Өйткені «ұят» сөзінің қазақ болмысындағы ұясы бұзылып, тентіреп кетті. Анда-санда әрбір жерде айтылып, өшкіндеп барып жоғалады болмаса басқа мән алып қана аман қалады. Ақшаң аз болып қалғанға, киімің ана біреудікіндей қымбат болмағанына ұялу деген секілді болмайтын, кері мағынаға көшіп, болмашы нәрселерге ғана қолдануға жарайтын жарымжан сөз болып өмір сүреді. Бұл сөз жартылай жоғалғанда ұятты қазақ та жартылай жоғалды деген сөз ғой сонда. Демек, сөз – болмыс! 


«Ұят» секілді «намыс» деген сөздің де жайы солай қазір. Қазақтың «намыс» дейтін найзағай сөзін бір боксшымыз өзге бір елдің боксшысымен жұдырықтасып жатқанда ғана еститін болғанымыз да рас қой. «Біздің елдің намысын қорғайтын пәленбай» дейді дауысын көтере. Ал, сол боксшы жеңіліп қалды дейік. Сол намыс па? Сонша намыс емес. Жарыс болған соң алма-кезек — біреуі жеңеді, біреуі жеңіледі. Намыс басқа ғой. «Ерді намыс, қоянды қамыс» дегендей, ертеде ер жүрген жерде мұның да қолданылмайтын жері жоқ еді-ау! Бұрын бірге туған ағайын, қарындасы түгілі, руынан біреудің жаманы аты шықса, айналасын, елі-жұртын біреу басынса, қайнап шығатын қандағы намыс енді боксшының бір уыс қолғабын паналап қана жалған өмірін жалғастырып жатыр. Соны намыс дейтін болдық. Енді бір кездері «ей, азаматсың ғой, намыс қайда?» десе, «мен споршы емеспін» дейтіндер де болуы мүмкін. Өйткені, ол сөз оның бойында осыншалық қана ұғым алып шалажансар жүр деген сөз! 


Тіпті қазір жартылай жалаңаш сахнаға шығатын арулар байқауында «пәлен ару түген облыстың намысын қорғады» дейтін тіркестерді көреміз. Намыс байқұс өлмес үшін мұндай жерде де жүр қазір. «Әй, намыс! Мұнда не ғып жүрсің? Бүйткенше өлсеңші» дейді ғой бір күні оған біреу. Өлгені де сол сол шығар. Иә, намысты ерлер әлі де бар екеніне шүбә келтірмейміз. Бірақ, намыстың қолданылар аумағы қаншалық тарылса, намысты қазақтың соншалық жоғалып бара жатқаны да. 


Сөз – ұғым, ұғым – таным. Танымның адам болмысына тікелей әсер етуші фактор екенін алға тартсақ, бір ұлттың болмысын оның сөзі арқылы тануға болатынын қапысыз аңғарамыз. Қазақтың «тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» дейтін сөзі осы мақал-мәтелге қаратылған. Бір мақал айтылып қалған жерде оны айтушы мен тыңдаушының санасында аз дегенде тоқсан ауыз сөз қаулап шығуы керек. Ал, ол мақал-мәтел дегеніміз – конституция. Яғни өз тұсындағы қоғам өмірінің рухани һәм әлеуметтік жағдайын ескере отырып шығарған заңдары. Ахаңша айтқанда, «мақал – тәжірибеден шыққан ақиқат түрінде айтылатын сөз». Қызық болғанда, бұл конституцияның бүкіл баптарын бүкіл ел жатқа біледі және мойындайды. Бұл қандай ғажап құрылым, сірә?! 


Енді аманатқа соғайық. Бұрындары бір қазаққа бірдеңені жәй ғана тапсырсаң, басын изеп, бірақ «аманаттаймын» десең, атып түрегеп басын шайқайды екен. Себебі, «аманат» деген ауыр сөз. Ол соған толықтай жауапты адам болмақ. «Қолымнан келмеді» деп қоя салар жәй тапсырылған іс емес, аманаттаған дүние. Оған өткен ғасырдың басында болған қазақ топырағындағы мына оқиға жақсы түсінік берсе керек. 


Көп зарығып қартайғанда ұрпақ көрген Тұрдыбай деген ақсақал қатты ауырып жатып, інісі Таңатқа: «Мына сырқаттың беті жаман, егер олай-бұлай болып кетсем қартайғанда көрген ұлым Нұралы өзіңе аманат. Ауыр болса да, айтпасқа амалым жоқ, қатарынан кем-қор қылмай өсір» деп аманаттап кетеді. Арада бір мүшелден астам уақыт өткенде, дүние төңкеріліп кетіп, екінші дүниежүзілік соғыс басталады. Ел ішіндегі жілігі татитын ер-азаматтар жаппай соғысқа алынады. Көппен бірге қара қоржынын арқалап, Таңат та майданға аттанады. Майданға аттанып бара жатып әйелі Мәриямға: «Марқұм Тұрдыбай ағам Нұралыны маған аманаттаған еді, ол енді саған аманат. Ол бірдеңеге ұшырап қалмасын, ағамның түтіні өшпесін» дейді. Уақыт сырғып өтіп жатады. Соғысқа кеткен Таңат жайлы қаралы қағаз келді. Мәриям белді бекем буып, өзінің үш баласымен бірге аманат иесі Нұралыны да қанаттыға қақтырмай өсіріп жатады. Бір күні Нұралыны майданға шақырған қағаз келеді. Күйеуінің аманаттаған сөзі есіне түсіп, Мәриям «бұл аманат бала ғой...» деп қатты толғанады. Сөйтіп, ақыры аманат иесі Нұралыны алып қалып, оның орнына жасы әлі тола қоймаған өз ұлын «Нұралы мынау» деп салып жібереді. Кейін Нұралы болып кеткен жігіт те соғыстан аман келіпті деседі. Міне, аманат ұғымы бойында тірі тұрған қазақтың аманатшылдығы! 


Енді бүгінгі қазақ аманаттан қаншалық қорқады, оның алдында өзін қаншалық жауапкер сезінеді? Салмақтап көруге болады. Сөзі жоғалған жұрт жер бетінен жойылып жоғалмайды, сөзінің ұғымы, ұғымы жоғалған соң, болмысы өзгеріп, арлы, ұятты, ибалы, иманды, намысшыл, аманатшыл қауым емес, басқа қауымға қайналып кете барады деген сөз ғой. Ұлттың болмысын оның сөзі, тірі сөзі ұстап тұратынын бұдан да терең дәлелдеуге, әрине, болады. Бүгін партия аты болып жатқан «Аманат» жайлы айтқымыз келген ойды бұрынғы бір жазбалар арқылы қайта жаңғыртқымыз келді. 


Партия атауы жайлы Перезидент Қасым-Жомарт Кемелұлы:  «Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтадық. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым. Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. 


Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады», - депті. 


Иә, тағы да қайталап айта кеткім келеді. Аманатқа қиянат жүрмейді!


Осы сөз бойында бар, хал-қадірінше амал еткен шенеунік мемлекет «халық ісіне жұмса», «жол сал», «көпір сал» деп аманаттаған ақшаға қиянат жасар ма еді? Қиянат жасағандардың алдынан шығып та жатыр. Шыға да береді. Өз алдыңнан шықпаса, ұрпағыңның, тіпті күндердің күні (қазақ «күндердің күні алдыңнан шығады» деп жатушы еді ғой, «күндердің күні» деп хиямет күнін Бүкіл күндердің қорытынды күні, қиямет күнін айтып тұрған жоқ па?) алдыңнан шығады дейді. Аманатқа қиянат жасағанның да хикаялары аз емес, оның бәрі онсыз да ұзақ мақалаға ауыр жүк. 


Мінекей, аманатқа байланысты біздің пайымымыздағы аталарымыздың танымы осындай болатын. Әрине, мұндай сөздер тұғырына қона бастаса, қазақ өз болмысына қайта бастады деп қуанамыз! Ал, жаңа атау алған ескі партияның мүшелерінің ішіндегі «аманат» ұғымы осы өз мағынасында қаншалық тірі болса, елге соншалық адал қызмет етеді. Әйтпесе, «аманат» деген киелі ұғымның өзін кірлетіп, қан-сөлсіз, тіл ұшындағы жансыз сөз ғып сынған құрықтай құр сүйретіп жүре бермек!" - дейді жазушы.


Ваша реакция?
Нравится
0
Не нравится
0
Смешно
0
Возмутительно
0
Спасибо за Ваше мнение