ҰҚК қылмыстық топтың жолын кесті

ҰҚК қылмыстық топтың жолын кесті
Сурет: Gov.kz

Арнайы операция нәтижесінде 7 адам ұсталды.

2022 жылғы 17 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратураның көмегімен осы жылдың 20 қарашасында жаппай тәртіпсіздіктерді жоспарлап, ұйымдастырмақшы болған қылмыстық топтың жолын кесті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 179-бабының 2-бөлігі және 272-бабының 1-бөлігі бойынша тергеу басталды. Ұсталғандардың тұрғылықты жері бойынша заттай дәлелдемелер тәркіленді»,- делінген ҰҚК хабарламасында.

Прокуратура санкциясымен олардың жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының әкімшілік ғимараттарына, тіршілікті қамтамасыз ету объектілеріне қару мен тұтандырғыш қоспаларды қолдану арқылы шабуыл жасауға дайындалғандары құжатталған.

Топтың әрбір мүшесінің рөлі нақты бөлінген, қылмыстық жоспарлар жасырын шараларын сақтай отырып, тұрақты кездесулер барысында талқыланды.
Топ мүшелері «бөтелке лақтырғыш» деп аталатын жабдықтар жасап, олардың көмегімен «Молотов коктейльдерін» лақтыра отырып, құқық қорғау органдары қызметкерлерін жоюды жоспарлаған.

Жасырын орындар ұйымдастырып, оған қылмыс жасауға арналған құралдар – Калашников автоматы, ойық ұңғылы «Меркель» мылтығы, екі тегіс ұңғылы кесілген мылтық, оқ-дәрілер, «Молотов коктейльдеріне» арналған сұйықтықтығы бөтелкелер, «бөтелке лақтырғыштар», бензин құйылған канистралар, рациялар сақтаған.

Күдіктілер ҚР ҚПҚ 128-бабына сәйкес ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы ҚПҚ 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.