Үкіметте ҚТЖ-ны трансформациялаудың негізгі тәсілдері қаралды

Үкіметте ҚТЖ-ны трансформациялаудың негізгі тәсілдері қаралды
Сурет: Primeminister.kz

ҚТЖ теміржол, авто және теңіз көлігін тарта отырып, мультимодальды тасымалдауды ұйымдастырады

Премьер-министр Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ны ұлттық транзиттік-логистикалық компанияға трансформациялау мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

ҚТЖ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев компанияның логистика сегментінде, атап айтқанда, халықаралық транзиттік маршруттар мен өңірлік сауда хабтарын дамыту жөніндегі қызметін кеңейтетін трансформациялау жоспарын таныстырды.

ҚТЖ теміржол, авто және теңіз көлігін тарта отырып, мультимодальды тасымалдауды ұйымдастырумен, сондай-ақ терминалдар желісін дамыту нәтижесінде шетелде жүктерді жинақтау орындарында логистикалық қызмет көрсетумен айналысатын болады.

Бұл трансұлттық көлік дәліздерінің дамуына, жаңа логистикалық тізбектердің қалыптасуына серпін береді және отандық бизнес үшін қосымша мүмкіндіктер ашады деп күтілуде.

Сондай-ақ компания өзінің негізгі қызметінің тиімділігін жақсарту жөніндегі жұмысты жалғастырады.
Премьер-Министр ҚТЖ-ны трансформациялау тәсілдерін мақұлдап, қолданыстағы коммерциялық бағыттарға талдау жүргізуді және өңірлік сауда хабтарын дамыту мәселесін егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.