Үкімет отырысында балалардың қауіпсіздігі талқыланды

Үкімет отырысында балалардың қауіпсіздігі талқыланды
Сурет: Vospitanie.guru

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жыл Балалар жылы болып жарияланды.

Балалардың қауіпсіздігі мен олардың әл-ауқаты бүгінгі Үкімет отырысының басты тақырыптарының бірі болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Бүгін, 1 маусым, Халықаралық балаларды қорғау күні. Биыл бұл мерекенің қазақстандық балалар мен ата-аналар үшін ерекше мәні бар. Өйткені Мемлекет басшысының Жарлығымен 2022 жыл Балалар жылы болып жарияланды.

Барлық кішкентай балғындарымызды осы шуақты мерекемен құттықтаймыз!

Балаларға қамқорлық жасау, олардың құқықтарын қорғау – мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі», – деп атап өтті Әлихан Смайылов.

ҚР Премьер-Министрі бірқатар нақты тапсырма берді  Облыс әкімдіктеріне әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттағы балаларды сауықтыру шараларымен, жазғы демалыспен және бос уақыттарын пайдалы өткізумен барынша қамту тапсырылды.

Барлық ауылдық елді мекенде спорт алаңдарын, балаларды дамыту орталықтарын жабдықтап, ойын-сауық, мәдени іс-шаралар ұйымдастыру қажет.

Денсаулық сақтау министрлігі шалғайдағы елді мекендерде балалардың денсаулық жағдайына скринингтік және стоматологиялық тексерулер жүргізу үшін жылжымалы медициналық пункттердің жұмыс істеуіне қатысты шаралар қабылдасын.

Балалар құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін Білім және ғылым министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, өңір әкімдіктері жанындағы тәуелсіз Бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің лауазымдарын енгізуді тездетсін.

Мәдениет министрлігі ішкі туризмді дамыту аясында балалар үшін экскурсиялық-танымдық іс-шаралар ұйымдастырсын.

Балаларды үйірмелермен және секциялармен қамту мақсатында Білім және ғылым, Мәдениет және спорт министрліктері, өңір әкімдіктері мемлекеттік білім беру, спорт және шығармашылық тапсырыстар бойынша ақпараттық жүйелер интеграциясын қамтамасыз етсін.