Йеменде сегіз жылға созылған соғыс тоқтады

Йеменде сегіз жылға созылған соғыс тоқтады
Cурет: Reuters

Оқ атпау келісімі 2 айға дейін күшінде болады

Рамазан айының құрметіне ел билігі мен оның жақтасы Сауд Арабиясы бастаған араб коалициясы және қарсылас оппозициялық хусит тобы бейбіт бітімге келді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап. 

Оқ атпау келісімі 2 айға дейін күшінде болады. Бұл ұсынысты басында Біріккен Ұлттар Ұйымының бас хатшысы Антониу Гутерриш жасаған болатын. Бітім аясында хуситтердің бақылауындағы аймақтарға 18 жүк көлігі жанармай жеткізіп тұрады. Сондай-ақ ел астанасы Сана әуежайынан Мысыр мен Иорданияға әуе рейстері ашылады. Сарапшылардың айтуынша, Йемен экономикасы, оның ішінде денсаулық сақтау саласы толық күйреген. Халықтың 80 проценті аш-жалаңаш. 

«Қарсылас тараптар құрлық, теңіз және әуе әскери операцияларын тоқтатуға уағдаласты. Бұл бейбіт бітім - Йемендегі ұзаққа созылған соғысты біржола тоқтатуға жасалған алғашқы қадам. Қақтығысты бейбіт реттеу бойынша келіссөздерді жаңғыртуға және саяси үдерісті қайта бастауға қолайлы сәт туып тұр»,-дейді БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш.