ҰЯДАН БIРГЕ ҰШҚАНДАР

Бiз, 1958 жылы Алматыға әр облыстан келiп, ол кездегi Қазақстандағы жалғыз университеттiң филология факультетiнiң қазақ бөлiмiне түскендер 75 адам едiк. Олардың елуi қазақ тiлi мен әдебиетi, ал жиырма бесi жорналшылар бөлiмiне қабылданатын. Бес жыл бiрге оқып мұңдас, сырлас болып дегендей, шәкiрттiк шақтың қызығы мен қиындықтарын бiрге көрiп, жатақхананың қара нанын бөлiп жегендер диплом алған соң әркiм өзiне бұйырған өмiр жолына түскен.

Әрине, олардың бiршамасы қазiр өмiрден озған. Жылдар жылжып, жылыстап өткен сайын жасы ең кiшiсiнiң өзi жетпiстен асқан замандастарды келместiң кемесiне неге мiндiңдер деп кiнәлау да қиын. Осы орайда әсiресе соңғы үш жылда атағы бүкiл елге белгiлi ғалым, академик Рымғали Нұрғалиевтiң, сыршыл да шыншыл, қанатты ақын Есенбай Дүйсенбаевтың, танымал ғылым докторы, профессор Лазар Керiмовтың о дүниелiк болуы ортамызды опыра ойсыратып-ақ кеттi.

Бiрiншi курсқа түсiсiмен-ақ арамыздан бiрден бiлiмдарлығымен танылған, үздiк оқып бiтiрiп, ғылым жолына түскен, кейiннен сол дарындылығы даналыққа ұласқан Рымғали марқұм соңғы жылдары көркем дүниелер жазуға да шындап бет бұрып, өзi туып-өскен Семей өңiрiндегi ядролық жарылыстардан жапа шеккен жерлестерi, замандастары, бiрге оқыған талантты курстас достары туралы жүрекке жылы, тiлi тартымды, көркем әңгiмелер, өзi эссе-баллада деп атаған дүниелерiн жазуға кiрiсiп едi.

Оның әсiресе «Жетпiстiң жетеуi» деп атаған эсселер топтамасы бiз үшiн ерекше көзайым әрi ыстық. Мұнда ол өзiмен бес жыл бойы бiрге оқыған достарының мiнез-құлқы, адамгершiлiк қасиеттерi, ең бастысы, шығармашылығы туралы толғанып, жiлiктеп талдау жасап, ерекше көркемдiк құндылықтарына тоқталып, алған асулары, шыққан биiктерiн қуана көрсетiп, жанашырлық пiкiрiн алыста қалған ақшуақ жылдардың сағынышына орап жеткiзген. Арамыздан қырық бес жасында тым ерте кеткен дарынды жазушы Қарауылбек Қазиевтiң мөлдiр, лирикалық прозасы, қазақтың тұрмысы мен тiлiнiң бiлгiрi Құрманбай Толыбаевтың реализмi, жаманшылық атаулының қас жауы Нұриден Муфтахтың қылыштай қиып түсер өткiр фельетондары, боз жусан исi мен бозторғай үнiне ғашық ақын Есенбай Дүйсенбаевтың сырлы, сырнай өлеңдерi, бүгiнгi арамызда жүрген қалың романдар мен кесек әрекеттерiнiң иесi, жазушы Қоғабай Сәрсекеевтiң қаламгерлiгi мен баспагерлiгi, жазушы-драматург Әлдихан Қалдыбаевтың балалар әлемi, әдебиетiмiздiң сұхбат-романдарының бастамашысы Болат Бодаубаевтың романтикасы туралы жүрек-жарды пiкiрлерiн көсемсөзбен көсiлте төккен.

Жетпiстiң жетеуi туралы ой толғағанда академик Р. Нұрғалиев оны «сағыныштың бiр тамшысы ғана» деп түйiндеген. Достарының, курстастарының жақсылығына қуанып, қайғысына ортақтасатын үлкен жүректi, парасаты биiк, адамгершiлiгi мол азаматымыз едi. Мiне, үш жыл бұрын бiз осындай досымыздан айрылдық.

* * *

Арқалы әрi ойлы ақын «Алаш» сыйлығының иегерi, кейiнгi жылдары «Жазушы» баспасының бас редакторы қызметiн атқарған Есенбай Дүйсенбаевтың шегедей мықты ақын екенiн бiз сол студент кезден- ақ жақсы бiлетiнбiз. Ұйқастары бұзылмайтын, тiлге жеңiл, жүрекке жылы, ойлы өлеңдер жазатын. Олардың көбiсiн бiз жатқа айтатынбыз.

Университеттi бiтiрген соң Есенбай туған жерi Ақтөбе облысына кетiп, сол жақта жиырма жылдай еңбек еттi. Ауыл мектебiнде ұстаздық ете жүрiп, өзiнiң кейде шөлейттi, кейде шүйгiн, кейде көкорай, кейде құмдауыт боз жусанды өлкесiнiң өмiр үшiн қажымай күресетiн қайратты адамдары туралы аяулы сезiм мен сағынышты сырға толы жырларын жазды. Әдетте оның туындыларында борандатқан бос сөзге орын болмайтын, қызылды-жасылды, алабажақ бояулар аз, есесiне бозғылт бояу басым болып келетiн.

Бозалы таңы бусанып атып, бозқараған мен бозғылт терiскен бұталары бүр жарған ерте көктемде бiр нүктеге байланғандай қалтылдап қанат қағып, бозғылт ауаға iлiнiп тұратын бозторғайлар балапан өргiзетiн байтақ дала баурайында жаңа аяқтанған ботасын ертiп, ұзап жайылып, шығандап кеткен бозiнгендi iздеп, боз атқа мiнiп құйғытқан бозбала бейнесiн ауылда өскен әр қазақ айқын елестете алады емес пе? Мiне, Есенбай ақынның туған жерi мен оның тұрғындары туралы жан толқытар жырларынан осындай жанды суреттер қол бұлғап, сезiмiңдi сiлкiлейдi. Боз жусан исiне тұнған қазақ даласына етене тән бояу боз түс екенiне көзiң жете түседi.

Сексенiншi жылдардың басында Алматыға қоныс аударған Есағаң қазақ поэзиясына ауылдан боз жусанның бұрқыраған исi мен бозторғайлар үнiн әкелiп қосты. «Жаяудың шаңы шықпас, жалғыздың үнi шықпас» дегендей, өзiн түсiнетiн, ақындық әлемiнiң қасиетi мен қасiретiн бағалай бiлетiн, мүмкiндiгiнше қолдап, сүйенiш болып, шабыт отын үрлейтiн ортаның кемшiндiгiнен, билiк тiзгiнiн ұстағандардың өнердi, өлеңдi бағалау орнына, жерлес, сезiмтал ақынға жылы ниет танытып, сыйлаудан гөрi, өзiнiң туған-туысын, құда-жекжатын, сыбайлас жақынын жырғауы әлдеқайда басым екенiне көзi жетiп, көңiлi жабығып көшiп кеткен ол астанадағы ақындар ортасына, өнердiң ордасына келген соң тынысы кеңiп, аламан бәйгеге қосылған шаң жұқтырмас жүйрiктей шабысы үдеп сала бердi. Ұлы Абайдың тойында, басқа да мүшәйраларда жеңiмпаз атанды, «Алаш» сыйлығын алды, егер қимастар қиғанда Мемлекеттiк сыйлыққа да лайық едi.

Есағаң табиғатынан өте кiшiпейiл, баладай аңқылдақ, ешкiмге жамандық ойламайтын ақниет адам едi. Ол ешкiм туралы ғайбат сөз айтпайтын, достарының түймедей нәрсесiн түйедей етiп мақтауға бейiм тұратын. Маған сыйлаған таңдамалы жинағының ашылар бетiне төрт-бес шумақ арнау өлең жазыпты. Соның iшiнде…

«…Көктем – кеудеден күн күркiретiп сен бiздiң,

Ақ жауын жырлаған аппақ әлемге енгiздiң.

Қаз дауысты ақын Қазиев Қарауылбек екеуiң

Сездiргенсiңдер сөз сиқырының не екенiн…

Ассам да бүгiн қаншама асу, белеңнен,

«Ақ бантиктей» бiр дастан жаза алмай келем мен», – деген жолдары бар екен. Студент кезде жазылған шағын әңгiмеге арналған осыншама мақтау оның сол ақниеттiлiгiнiң, кiшiпейiлдiлiгiнiң айқын көрiнiсi едi.

Мiне, екi жыл бұрын бiз осындай досымыздан айрылдық.

* * *

Педагогика ғылымдарының докторы, профессор Лазар Керiмов университеттегi шәкiрттiк жылдары арамызда үздiк оқып, сол кезде-ақ ғылымға бейiмдiлiгiмен көзге түскен курстастарымыз сияқты емес, қатардағы көп студенттердiң бiрi едi. Жамбыл облысының Мойынқұм деген ауданынан екен. Сұңғақтау, сабаудай жiңiшке, шымыр өскен ауыл баласы болатын.

Ол кезде алғашқы екi курста студенттер үшiн негiзгi пәндерге қоса дене тәрбие сабағы мiндеттi болатын.

Әркiм әр түрлi спорт түрiн таңдағанда Лазар мен Айдарбек Жапсарбеков екеуi бокспен айналысатын топқа жазылып, оған үзбей қатысып жүретiн. Қай iсте болмасын табандылық, қайрат-жiгер, қажырлы еңбек табысқа жеткiзедi ғой. Екiншi, үшiншi курста ол екеуi мықты боксшылар ретiнде танылып, қалалық республикалық жарыстарда жеңiске жетiп, бiздiң мақтанышымызға айнала бастады. Ал төртiншi, бесiншi курстарда Лазар 54, 57 келi салмақта республикалық «Буревестник» спорт қоғамының чемпионы, спорт шеберi болса, шағын бойлы, тарамыс денелi Айдарбек 49, 51 келi салмақта Қазақстанның чемпионы атанды.

Оқуды бiтiрiп, жан-жаққа таралғанда Лазар Жезқазған қаласындағы бiр мектепке ұстаздық қызметке кеттi де, Айдарбек өзi туып-өскен Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласына барып, сондағы балалар спорт мектебiне жұмысқа кiрiстi. Бұл екеуi кейiн де жастар тәрбиесi саласында үздiк жетiстiкке жеткен, қайраткер азаматтар дәрежесiне көтерiлдi. Айдарбек ұстаздық етiп, бокс өнерiне баулыған үштөбелiк балалардың арасынан тамаша спортшылар, атақты чемпиондар өсiп шықты.

Мәселен, ол жаттықтырған боксшылар iшiнде Юрченко деген бозбала ауыр салмақтылар арасында елiмiздiң чемпионы, КСРО чемпионы атанды, әлемдiк жарыстарға қатысып, жүлдегерлер қатарында жүрдi. Кейiнгiде Алматы қалалық бокс саласын басқарды.

Лазар Керiмов бiр жылдан соң Жезқазғаннан Алматыға қайтып оралып, осындағы қиын балаларға арналған №7 мектепке аға тәрбиешi болып жұмысқа кiрдi. Аты айтып айқайлап тұрғандай, бұл мектеп отбасындағы тәрбиесi нашар болып, әр түрлi қылмыстық жағдайларға ұшырап, заң жолымен осында жiберiлген балаларды қайта тәрбиелеуге арналған мектеп едi. Сондай ерекше қарым-қатынасты талап ететiн жеткiншектердiң тәрбиесiне күнделiктi қоян-қолтық араласа жүрiп, бұл жұмыстың қыр-сырына қанығып, тәжiрибе қоржыны толыға бердi.

Мiне, арнаулы мектептiң бар тiрлiгi тәртiпке байлаулы оқушылары өздерiне деген жас ұстаздың жүрегiндегi осы жанашырлық жылуын жаңылмай түсiнiп, ыңғайына көнетiн. Оның үстiне жазылмаған көше заңына сәйкес күштi мойындап, күштiнi сыйлайтын қиын балалар қауымына Лазардың спорт шеберi, белгiлi боксшы ретiнде беделi де ерiксiз ықпал етiп, айтқанын тыңдауға өз әсерiн тигiзген шығар-ау. Қалай болғанда да оның оқушылар арасында беделiнiң артуы, қажырлы, тынымсыз еңбегiнiң нақтылы нәтижесi болар, қызметi тез өсiп, мектеп директорының тәрбие жөнiндегi орынбасары болып тағайындалды.

Әсiресе, Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының педагогика кафедрасының ғалымдары мектеппен байланыс орнатып, қолдан келген көмегiн жасап, тәжiрибе алмасып отыратын.

Өздерiмен жұмыс бабында көбiрек араласатын жас ұстаз, тәрбие жөнiндегi мәселелерге жауапты Л.Керiмовтың тәрбиеленушiлер тағдырына деген жауапкершiлiгi мен жанашырлығына куә болып, өз iсiне ұқыптылығына, теорияны тәжiрибемен ұштастыруға тырысатын iзденiмпаз қасиеттерiне көзi жеткен профессор Г.А.Уманов оған қиын балаларды қайта тәрбиелеуге байланысты ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып, аспирантураға түсуге ұсыныс жасады. Оның дәлелi: «Сiз қиын балалармен күнделiктi аралас-құралас жүрiп, олардың мiнез-құлқын, ой-арманын, психологиясын, көкейтестi мәселелерiн жақсы бiлесiз. Олардың тiлiн тауып, ықпал етудiң әдiс-тәсiлдерiн бiрге жүрген ұстаздарынан артық ешкiм де бiлмейдi. Ендеше бұл саладағы ғалымдар сол мектеп ұстаздары арасынан шыққаны жөн әрi пайдалы». Дұрыс ұсыныстан бас тарту баланың iсi болар едi. Сөйтiп, 1969 жылы Лазар Керiмов бұрынғы ҚазПИ-ге аспирантураға түсiп, ғылым соқпағындағы iзденiсi, бұл салаға бiржола бетбұрысы басталып кеттi. Бұл ретте тағы бiр айта кететiн нәрсе, ол кезде тәртiбi қиын балаларды тәрбиелеу мәселесiне арналған зерттеу жұмыстарын жүргiзiп, ғылыми еңбек жазған қазақ мамандары жоққа тән едi. Сондықтан бiздiң Лазар бұл салада тыңнан жол салған бiрегейлердiң бiрi болатын деп мақтанышпен айта аламыз.

Мiне, нақ сол кезде Лазардың қиын балаларды тәрбиелеуге арналған мектепте жұмыс iстеуi “Құланның қасынуына – мылтықтың басылуы” дегендей дәл келiп, оның ғылыми iзденiсi күйiп тұрған мәселенi қамтыған, аса қажет зерттеу еңбектерiнiң бiрi болды. Ол 1974 жылы “Қиын балаларды қайта тәрбиелеу жүйесi” деген тақырыпта диссертация қорғап, педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесiн алды. Кейiннен сол мәселеге байланысты “Қиын жеткiншектердi жеке-дара қайта тәрбиелеудiң теориясы мен практикасы” деген тақырыптағы еңбегi үшiн ғылым доктары атанды.

Лазар отыз жыл бойы өмiрiнiң ең жемiстi кезеңiн елiмiздiң педогогикалық бiлiм жүйесiнiң қасиеттi қарашаңырағы – Қазақтың Абай атындағы педагогикалық иниститутында (кейiннен университет) ұстаздық етiп, бiлiм саласының мамандарын даярлауға арнады. Алғаш оның табалдырығын аспирант ретiнде аттап кiрген ол аға оқытушы, доцент, профессорлық баспалдақтардың бәрiнен өтiп, бiрнеше жылдар бойы педагогика кафедрасының меңгерушiсi болып iстеп, өз саласының беделдi, құрметтi, көрнектi ғалымдарының бiрi биiгiне көтерiлдi.

Ол Қазақстандағы педагогика ғылымдарының өркендеуiне теориялық және тәжiрибелiк тұрғыда мол үлес қосқан ғалымдардың бiрi ретiнде танымал. Оған дәлел ретiнде 2006 жылы әрiптес ұстаздармен бiрлiкте Тәуелсiздiк талаптарына орай жаңартылған, жетiлдiрiлген “Педагогика тарихы” оқулығын қайта жазып шыққандығын, мәдени мұра бағдарламасына орай профессор С.Пiрәлиевпен бiрлесiп “Таным және студент” атты қосымша оқу құралын жазып шығарғанын айтуға болады. Одан өзге жалпы көлемi 100 баспа табаққа жуық әртүрлi ғылыми мақалалары жарық көрген. Бұл еңбектерiне 7 ғылым докторы, 50-ден астам ғылым кандидаттарына жетекшiлiк жасап, табысты қорғап шығуына көмегiн тигiзгенiн де қосқан жөн.

Соңғы оншақты жылда ол Қазақтың қыздар педагогикалық университетiнде, Түркiстандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы қазақ-түрiк университетiнде педагогика кафедраларын басқарып, жұмыстарын жолға қоюға өз үлесiн қосып, екi-үш жыл бұрын өзiнiң ҚазҰПУ-iне, бұрынғы қызметiне қайта оралған едi.

Осылай ұстаздық қызметiн атқарып, арамызда шауып жүрген адам жетпiс жасқа толған шағында аяқ астынан о дүниелiк болып кете барды. Амал жоқ. Оның Мойынқұмдағы туған ауылында жерлеуiне қатысып қайтқан шәкiртi әрi әрiптесi, менiң ауылдас iнiм, профессор Тұрсынбек Баймолдаев әңгiме арасында Лазардың әкесi кезiнде колхоз басқарып, Еңбек Ерi атағын алған адам екенiн айтқанда қатты таңғалып қалдым. Бес жыл бiрге оқып, одан кейiн елу жыл аралас-құралас жүргенде оның әкесiнiң сондай атақты адам болғанын естiмеген екенмiн. “Қандай қарапайымдылық, неткен кiшпейiлдiлiк десеңiзшiө Eзiмiздiң әкемiз сондай болса әлде қашан-ақ жарты әлемге жар салар едiк-ау,” – деп ойлағаным рас.

Кейiннен анығын бiлейiн деп Лазардың Алматыда тұратын қарындасы Шырынға телефон шалып сұрасам, солай екен. Мойынқұм өңiрiнде 1886 жылы өмiрге келген Шалабаев Керiм ақсақал кезiнде “Қызылту” колхозын құрып, төраға болыпты. Колхоздар қосылған кезде Аманкелдi атындағы шаруашылықта ферма басқарған. Мал шаруашылығын өркендетудегi ерен еңбегi үшiн КСРО Жоғарғы Кеңесi Президиумының Жарлығымен 1949 жылы оған Социалистiк Еңбек Ерi атағы берiлiптi. Алпыс жастан асқан шағында туған кiшi ұлына белгiлi большевик көсем Кагановичтың атын қойса да Керiм ақсақал үйде баласын “Шырын-балым” деп еркелетедi екен. Содан бүкiл ауыл ол орта мектептi бiтiрiп кеткенше Лазар демей, Шырынбал деп атапты. Мiне, бiр жыл бұрын бiз осындай досымыздан айрылдық.

* * *

Бұл естелiк – эссе басында досымыз Лазар Керiмовке ғана арналмақ едi. Бiраз уақыт бұрын Қазақтың Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетiнiң педагогика кафедрасының меңгерушiсi, ғылым докторы Т.Баймолдаев телефон шалып: –

Ераға, тiршiлiгiнде елiмiздiң педагогика ғылымына бүкiл өмiрiн арнап, көп үлес қосқан, осы университетте отыз жылдан астам еңбек етiп, педагогика кафедрасын басқарған белгiлi ғалым Лазар Керiмовтың қайтыс болғанына жыл толады. Бiз оған дейiн оның өмiрi, еңбегi және шығармашылығына арналған кабинет жабдықтап, естелiк кiтап шығармақ едiк. Сол кiтапқа курстасыңыз әрi досыңыз туралы естелiк жазып берсеңiз, — деген.

Тiршiлiкте парасатты, кiшпейiл, иманды азаматтар болып едiңдер, бақилық дүниеде де имандарың жолдас, топырақтарын торқа болсын, аяулы, қайран достар!

Ерғали АХМЕТ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесi

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *