Қызғалдақ пен бәйшешектен айырылып қалмасақ игі

Құттыбек АЙМАХАН
Әлі есімде, бала кезде көктем шыға бірге оқитын ұл-қыздар жиылып алып, ауыл сыртына шығатынбыз да қырдың қызыл гүлі – қызғалдақ тергенді сондай жақсы көретінбіз. Өйткені, көктемде қып-қызыл қызғалдақтар ерекше құлпырып, ауыл маңын кереметтей сәнге бөлеп, көркейтіп жіберетін. Ондайда еңсеміз көтеріліп, қуанышымыз қойнымызға сыймай, шаттана мәз болатынбыз. Осыдан екі-үш жыл бұрын көктемде ауылға бір барғанда, туған жерден осы сұлулықты байқай алмай, біртүрлі еңсем түсіп қайтқандай болып еді…
Міне, дәп осындай жағдайды көктемі гүлге малынып жататын Алматы маңынан да көремін деп кім ойлаған?! Өйткені, бұдан төрт-бес жыл бұрын қызыл гүлге малынған қала айналасына «көкке шығып», қып-қызыл қызғалдақтар ішінде керемет демалып қайтқанымыз есімнен кетпейді. Жақында, әйелдер мерекесінен кейін сол жерге тағы бардық. Әне қызық, баяғы сұлулықтың бірі де жоқ. Тіпті, біздің көңілімізді құлпыртқан қызғалдақтар да қатты сиреп кеткен. Оны айтасыз-ау, ерте көктемнің алғашқы белгісі – бәйшешектердің өзі көзімізге көп түспеді.
Мұның себебін қалаға кіргенде бір-ақ байқадық. Олай дейтінім, әйелдер мерекесінде қаладағы екі-үш жерден ғана тамырларымен, яғни баданағымен бірге сатылып жатқан қызғалдақтарды көріп, өз көзімізге сенбедік. Тіпті, бұл әрекет өткен жылғыдан да зорайып кеткендей көрінді. Осыған орай, көктем мерекесі кезінде экологтардың көктемнің алғашқы күндерімен бірге шығатын қызғалдақтар мен бәйшешектерді жұлмауға, сатып алмауға шақырған ескертуін жиі естідік. Бұл ретте олар «Өкінішке қарай, Қазақстанның Қызыл кітабына енген қызғалдақтарды адамдар аяусыз жұлып, сатып жатыр. Егер гүлдер баданасыз жұлынып алынса да, мұның өзі гүл тұқымының тарауына қатты кедергі жасайды. Сұлулықпен бөлісудің ең тиімді жолы – оларды суретке, бейнеге түсіріп алу» дейді.
Әрине, тамырымен қопарылып алынған жерге қайта қызғалдақ шықпайтыны белгілі ғой. Тіпті, қызғалдақ пен бәйшешекті жұлып алғандарға 3 АЕК, яғни 7 215 теңге айыппұл (1 АЕК – 2 405 теңге) салынатыны немесе 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілетіні де сирек кездесетін әдемі гүлдерді құтқара алмаса керек…
Қысқасы, қырдың қызыл гүлі – қызғалдақты сақтаудың бірден-бір жолы – елімізде осы гүлдерді өсіретін жылыжайларды көптеп салу қажет деп білеміз. Өйткені, жерінде қызғалдақтар көп өспейтін ана Голландия елі осы гүлдерді сатумен-ақ байып, әлемді жаулап алып отырған жоқ па?!