«ҚЫЛИКӨЗ» КРАМАРОВ

Жаратылысында бiр жасандылығы жоқ әйгiлi актерiмiз Мейiрман Нұрекеевтi көрген сайын көз алдыңа «орыстың Нүрекеевi» — Савелий Крамаров елестейтiн секiлдi. Олардың бет-әлпетiндегi, қимылқозғалыстарындағы бiр ұқсастық кейде осындай ойға ден қойғызады. Басқалар үшiн қайдам, мен үшiн үнемi солай көрiнедi. Әрине, бұрынғы әдетiмiзше Мейiрманды «қазақтың Крамаровы» деуiмiзге де әбден болар едi. Дейтұрсақ та намыс шiркiн жақсыға өз iшiмiзден теңеу iздетiп отыр. Егер мектепте бiр жанжал шығып, мәселенки, төбелес болса, терезе сынса, мұғалиманы бiреу ренжiтсе, мектеп директоры дереу Крамаровты iздеттiредi екен. Өзiнiң ерекше жаратылған келбетiмен, қабiлетiмен Кеңес киносын көкке көтерген Савелий Крамаровтың бала кезiнде кiшкентай ұлықтардан көрген құқайы өнер жолында да оның алдынан көп кездестi.

Савелий Крамаров 1934 жылы Мәскеудiң көрнектi адвокатының отбасында дүниеге келдi. Ол жетiмдiктiң азабын ерте тартты. Әкесi де, шешесi де НКВД жендеттерiнiң құрбаны болды да, бұл немере ағасының тәрбиесiнде қалды. Оның театрдың оқуына түспек ниетi сәтсiз аяқталып, орман шаруашылығы институтының көгалдандыру факультетiне құжат тапсырды. Сөйте жүрiп театрдан да қол үзбедi. Ақырында әскери жиында жүрген ВГИК-тiң студенттерiмен жиi кездесуi Савелийдiң өмiрiнде күрт бетбұрыс жасады. Оның жаңа танысы А.Салтыков «Бiздiң ауланың жiгiттерi» атты фильм түсiрмек болып, Савелийге басты рөл — бұзақы бала — Сары Васьканы ұсынды. Крамаров өзiнiң оншақты суретiн хатқа салып, киностудияға жiбередi. Бiрақ бұның атына Одессадан «В.Кочетовтың «Олар он тоғыз едi» атты фильмiндегi жауынгер Петькиннiң рөлiне түсесiз» деген жауап келдi. Бұл фильм 1960 жылы экранға шықты. Савелий Крамаров осылайша киноға түбегейлi бет бұрды. «Отыз үш», «Ұстатпайтын кекшiлдер» фильмiне түсуi оны бiрден танымал еттi, сөйтiп, тұрмыс жағдайы да түзеле бастады. Көлiк сатып алды. «Мосфильмге» қызметке тұрды. Аса сирек кездесетiн жәдiгерлер жинап, оны сатумен айналысты.

Киностудияның гримерi Мария деген сұлуға үйленiп, көп ұзамай-ақ дәм-тұздары жараспады.

70-жылдардың басы ол үшiн шығармашылық өрлеу кезеңi болды. «Жолы болғыш жiгiттер», «Афоня», «Иван Васильевич кәсiбiн өзгертедi» фильмдерiмен аты асқақтады. Өзiнiң сыртқы келбетiмен атақты комедиялық фильмдер режиссерi Гайдайдың назарын аударды.

Ақыры ол 1972 жылы Мюнхенде еткен Олимпиада ойындарына жiберiлдi. Ақыры деуiмiздiң себебi: осы жылы ол үндiнiң йогасымен айналысып, оның қыр-сырымен тереңiрек шұғылданатын үйiрмеге қатысып жүрдi. Екi жылдан кейiн оның туған ағасы Израильге қоныс аударды. Қысқасы 70-жылдардың ортасында Крамаров тиiстi орындар тарапынан күдiктi адамға айналып шыға келдi. Бұл жағдай оның шығармашылықтағы тағдырына қатты әсер еттi. Мемлекеттiк кино қызметкерлерi тарапынан «Крамаров есалаң адамдарды ойнап, бiздiң кемелденген қоғамымызды келеке еттi» деген пiкiрлер жиi айтыла бастады. Киноға түсуге ұсыныстар мүлдем азайды. Тiптi, жақын достары Гайдай мен Данелия да одан ат-тонын ала қашатын болды. 1977 жылы Данелия оны «Мимино» фильмiне шақырғанымен, ол ойнаған эпизодтық рөл нәбәрi 30 секундқа ғана созылған едi. Оның совет елiнде жүргенде ойнаған ең соңғы 42-фильмi (1978 жыл) «Капитан Врунгельдiң жаңа хикаялары» едi. Бұл фильм үшiн оған көк тиын да төлемедi. Осы кезден бастап кино шенеунiктерiнiң оған деген терiс көзқарасы айқын сезiле бастады. Савелийдiң синагогтар ұйымына мүше екендiгi анықталды. Тiптi, ол фильм уақытысында сонда барып табынып жүретiн және-дағы нағыз иудей ретiнде сенбi, жексенбi күндерi жұмыс iстемейтiн болды. Кейбiр режиссерлер оның бұл әрекетiне түсiнiстiкпен қарағанымен, басым көпшiлiгi жақтырмады.

Өктем күштердiң әсерiнен өз ортасынан шеттетiлiп қалған Крамаров шет елге кетудi ойлады. Бiрақ, оның бұл әрекетiнен ештеңе шықпады. Ақыр соңында Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiне барып: «Маған неге рұқсат бермейсiздер? Израильде менiң жалғыз туған ағам тұрады» деген сылтауын да жасырмай айтты. «Сiздi бiз емес, Мемлекеттiк кино жiбермейдi» деген жауап алды. Шынымен де кеңестiң 42 фильмiне түскен адамды шет елге жiберудiң ешқандай қисыны келмейтiнiн жоғарыдағы ұлықтар әлдеқашан шешiп қойған едi.

Крамаровтың жағдайы күннен-күнге қиындай бердi. Шет елге жiберiлмедi, оны тұқыртудың бiр-ақ жолы — жұмыссыз қалдыру едi. Мәселен, 1979-81 жылдар аралығында 12-ақ күн жұмыс iстедi. Әрiптесi Стронгин: «Ол жаңа рөлде ойнауды армандады, әйелi, баласын бақытты ете алмағанына өкiндi, жаңа бассейн салсам деген арманы әдiрем қалды» деп еске алады.

1981 жылы Левенбукпен бiрiгiп АҚШ Президентi Р.Рейганның атына тағдырына налыған арыз-хатын жазды. Хатта астарлы әзiл, юмор өте көп едi. Бұл хат бiрнеше рет «Америка даусынан» да оқылды. Ақыры Кеңес үкiметi Крамаровты ұстап тұра алмады.

1981 жылдың қазанында ол әуежайда жалғыз отырды. Жүктерi салынған екi қол сөмкесi, басында «Досым менiң, Колька» фильмiнде киген шәпкiсi бар едi. Өмiр бойғы жиған жәдiгерлерiн алып кетуге рұқсат етiлмедi, бұрынғы әйелi Машаның меншiгiнде қалды. Крамаровты Вена әуежайында белгiлi импрессарио В.Шульман күтiп алды. Еуропада оның ұйымдастыруымен өткен Савелийдiң өнер сапары өте табысты болды. Италияда бiраз уақыт тұрған соң Нью-Йоркке келген оны орыс тiлдi қауымдастық өкiлдерi жылы қарсы алды. Шульманның арқасында ол Америка, Канада, Австралия, Израиль мемлекеттерiмен келiсiм-шартқа отырып, одан түскен табыстар АҚШ-қа толық табан тiреуiне көмектестi, Савелийге бұрынғы даңқы қайта оралды. АҚШ-та ол өзiнiң сүйiктi өнерi — йоганы жалғастыруға тамаша мүмкiндiк алды. Лос-Анджелестегi үлкен үндi орталығында арнайы курстан өттi. Тамақтануға да қатаң талап қойды. Еттi мүлдем жемедi, балықтан да бас тартты.

Актер өзiнiң бет-әлпетiн өзгертудi ойлады. Бұл шешiмге ол оңайлықпен келген жоқ едi, «Тәңiрдiң өзiнiң ерекше жаратқан сыйына қарсылық бiлдiргенiм қалай болар екен?» деп көп ойланды, көп толғанды. Крамаров өзiн атақты, танымал еткен де осы «фирменный» бет пiшiнi екенiн жақсы бiлдi. Оның көзiнiң бұлшық еттерiн кесiп алып тастады, бiрақ көзi орнына келгенiмен де, бәрiмiзге жақсы таныс, Крамаров десе көз алдымызға күлкi тудырып, оған деген сүйiспеншiлiгiмiздi маздатып жiберетiн қыли көзi, кескiн-келбетi түк те өзгерген жоқ.

Америкалықтардың үрдiсi бойынша ол қалыпты да қарапайым тiрлiк кешiп жатты. Фильмдерге көп шақырылмаса да соның өзi тiрлiгiне жетiп-артылатын едi. Жыл сайын Еуропаны шарлады, 1983 жылы «Мерседес», 1992 жылы Сан-Францискодан үй сатып алды.

Крамаров Кеңес Одағына 1992 жылы ұзақ үзiлiстен соң келдi. Бұл жолы ол Сочиде өткен «Кинотавр» фестивалiне шақырылған едi. Г.Данелия оған «Настя» фильмiне түсуге ұсыныс жасады. Сол жолы «Орыс бизнесi» киносына түстi.

1995 жылы Сан-Франциско госпиталiне түскен оның тоқ iшегiндегi iсiкке операция жасау керек болды. Дәрiгерлер оның тез арада сауығып кететiнiне сенiмдi едi. Бiрақ, сәттi басталған операция жүрек талшықтарының суықтап қалуы салдарынан сәтсiз аяқталды.

«Оның тiлi байланып, көзi көрмей қалды. Бiрақ, бәрiн түсiнiп жатты. Ол бiзге қол қимылдарымен сөйлеудi үйреттi. Қуана қалған жағдайда оң қолын көтердi. Ауырғанын сездiрмедi, көп ұйықтайтын. Мен Савелий қатты уайым жедi деп ойламаймын. Ол жай ғана ұйықтап кеттi» дейдi әйелi Наташа.

Сөйтiп, «Кеңес киносының Фернанделi» атанған әйгiлi актер Савелий Крамаров Сан-Франциско зиратында кiшкентай төбешiкке айналып қала бердi.

С.КӨРКЕМБЕК.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *