ҚЫЛҚАЛАМ ҚҰДЫРЕТІ

564Әбілхан Қастеевтің кескіндемесі бүгінгі күнде жан-жақты ғылыми зерттеудің өзегіне айналып отыр. Суретші шығармашылығына деген қызығушылық ел арасында да, өнертанушылар арасында да бәсеңсіген емес

Биыл ұлттық кескіндеме өнерінің  майталманы, еліміздің кәсіби бейнелеу өнерінің негізін қалау­шылардың бірі, тума талант иесі, Қазақстанның халық суретшісіне 110 жыл толып отыр. Осыған орай биыл  Алматы қаласында суретші тұрған, жұмыс істеген үйде Әбілхан Қастеевтің мұражай-үйі ашылғаны белгілі. Белгілі суретші бұл үйде 1958 жылдан 1973 жылға дейін тұрған екен.  Бұл бейнелеу өнері үшін ғана емес, қазақ мәдениеті үшін үлкен жетістік, қуаныш болып отыр. Мұра­жай-үйге суретшінің елге танымал кескіндемелік және графикалық туындыларының көшірмелері мен суретшінің өмір жолынан, шығармашылы­ғынан хабар беретін фотосуреттері, құжаттары, тұтынған заттары қойылған. Бұл мұражай-үй мемлекеттік Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы­ның бөлімшесі болып есептеледі. Қала тұрғындары мен қонақтардың танымал суретшінің шығарма­ларымен танысуына арналған бұл ғимараттың беретіні көп. Осындай іс-шаралардың жалғаса түсетініне бек сенеміз де.

Негізі, 2004 жылы қылқалам шеберінің 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде атап өтілген бола­тын. Әрине, бұл орайда көптеген азаматтардың кө­мегі тиді. Сонымен қатар, 2004 жылдың 15 қаң­тарында Мемлекеттік мұражайда Әбілхан Қастеев­тің мерейтойына арналған көрме салта­натты түрде ашылды. Онда суретшінің 400-ден астам акварель­дік, майлы бояуда орындалған шығармалары, фото­құжаттар, суретшінің жеке заттары қойылды.  Еліміз­дің облыс орталықтарында және де Париж қаласындағы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде суретші шығармашылығына арнал­ған көрмелер болып өтті. Суретшінің атында туған өлкесі Шежін ауылында саябақ ашылып, Жаркент қаласында көркемсурет мұражайы көрерменге есігін ашты. 2004 жылдың 31 тамызында таралымы 50 мың дана Ә.Қастеевтің қылқалам­дарымен бірге, бояу тақтай­шасы бейнеленген монета шығарылды. 2005 жылы Ал­маты қаласы­ның әкімі басшылы­ғымен, тікелей қар­жылық көмегімен Ә.Қастеевтің ескерткіші ашыл­­ды.

Қазақстан бейнелеу өнерінің тарихында Ә.Қастеев өзінің шеберлігімен және қайталан­басты­ғымен де ұлттық тарихымыз бен мәдениеті­міздегі майталмандар – Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, Ш.Айманов және тағы басқа көптеген еліне шексіз қызмет еткен тұлғалармен есімі қатар тұр. Қазіргі таңда Қазақстан суретшілерінің арасындағы ең жоғары бағаланатыны да осы суретші туындылары. Суретші туындыларына деген қызығушылық тек елімізде ғана емес,  шетелдіктер жағынан да бар. Тұлғаның адами қасиетін, еліне, туған жеріне деген махаббатын әр туындысынан көруге болады. Оның шығармаларынан өз халқына деген сүйіспеншілік әрдайым менмұндалап тұрады. Ол табиғатынан дарынды, қарапайым, мәдениетті адам болатын. Ішкі жан дүниесінің байлығын және ашықтығын шығармалары арқылы көрерменге паш етті. Жастайынан қиындықты, жетімшілікті көрген суретші Ұлы Октябрь революциясы кезіндегі барлық ауыртпашылықтарға қарсы тұра білді. Әрине, өнердің тарихпен бірге жүретінін ескерсек, суретші туындылары өз заманындағы болып жатқан жаңалықтарға лық толы екенін және де жарқын болашаққа деген сенімділікке толы екенін көрсетеді. Бұл сол кездегі суретшілердің бәріне ортақ тақырып еді.  Ә.Қастеевтің алғашқы туынды­ларының қатарына сулы бояумен жазылған «Түрк­сіб» (1932), «Киіз үйдің жанындағы Абай» (1934)  және майлы бояу техникасында орындалған  «Автопортрет» (1931), «Шөп шабу» (1934), «Қалың малға сатылған қалындық» (1937) және тағы басқалары өзінің мазмұнды, ауқымдылығымен көрермен есінде қалатын дүние екеніне сенімдіміз. Әбілхан Қастеев есімін әрі оның шыншыл,  қазақ рухынан туындаған, өшпес, өлмес, асқақ туынды­ларын бүкіл қазақ халқы біледі. Оның халық арасына кеңінен таралып, одан әрі танымал болуы жоғарыда айтып өткен іс-шаралардың жиі өткізіліп тұруына да байланысты нәрсе.

Әбілхан Қастеев 1904 жылдың 4 қаңтарында қазіргі Алматы облысы Жаркент ауданының маңайында орналасқан Шежін ауылында дүниеге келді. Жастайынан қиыншылықты көріп өскен суретші мал бағып жүріп, тастардың жылтыр беттеріне әр түрлі жануарлардың суретін бейнелейді.  Әрдайым қолына қалам, қағаз түссе сурет салып, тас қашап, түрлі бұйымдар жасап,  жан-жағында­ғыларды таңқалдырды. Ауылдастарының арасында «суретші бала» атанады. 1926 жылы Жаркент қаласына барып, жол бөліміне жұмысқа тұрады. Ол жерде де замандастарының бейнелерін салып, өзіне назар аудартып,  суретші  атанады. Өнеріне қызық­қан  адамдардың бірі, фотограф С.Сала­матов оның суреттерін сол кездегі еліміздің астанасы Қызыл­ордаға жібереді. Қарапайым жұмысшының сурет­тері  басшылардың көңілінен  шығады. Сол кездегі қазақ халқының мәдение­тінің, өнерінің жанашыры Т.Қ.Жүргеновтің арнайы шақыртуымен Алматыға 1929 жылы оқуға келеді. Сурет салудың қыр-сырларын Қазақстанға Ресейден этногра­фиялық экспеди­ция құрамымен келген суретші Н.Г.Хлу­дов­тан  алды. Сулы бояумен жұмыс істеуді үйренеді. Кейіннен мәдениет министрі Т.Жүрге­новтің  көмегінің арқасында Мәскеуге барып, өзін шыңдай түседі.  Сол жерде Бүкілодақтық көрме­ге қатысып, өнерсүйер қауым арасында “Абай” портреті мен оның шығармаларына жасаған иллюстрация­ларымен таныла бастайды. 1934-36 жылдар аралы­ғында Мәскеуде тұрып, Н.К.Круп­ская атындағы кешкі халық шығармашылығы көркемсурет студия­сында сабақ алады. Сол жерде жүріп орыс кес­кіндеме мектебімен таны­сып, мұражайлардағы танымал әлемдік өнер иелерінің шығармалары­мен сусындап, шабыттана  түсті. Әрине, бұл суретшінің шығар­ма­шылығына жаңа леп, шабыт берді. Суриков, Репин, Бродский сияқ­ты атақты сурет­шілерден үйренгені көп. Сонымен қатар,  орыс­тың атақты табиғат аясын салатын сурет­шісі И.Леви­танның суреттері Ә.Қастеевке зор әсер етті. Суретке деген құмарын арттырды. Қазақтың кең-байтақ даласын, бай табиғатын, Жетісудың Алатауын суреттеуге шабыттандырды. Таңмен бірге тұрып, күн батқанша туындыларына керек дүниелерді іздеумен, бір жерде тұрақтап қалмай ізденіс үстінде жүретін. Бүкіл өмірі тынбай сурет салумен өткен десек, артық айтпаймыз.

Елге оралғаннан кейін әртүрлі деңгейдегі  көрмелерге қатысты. 1937 жылы КСРО Суретшілер одағына мүшелікке қабылданады.  Суретші сулы бояу техникасына жақындау болды. 1930 – 1940 жылдар аралығында суретші «Ескі және жаңа тұрмыс» атты үлкен акварельдік топтама жұмысын жазады. Атап айтқанда, «Байдың құдаласуы», «Бай мен кедей құдық басында», «Колхозшының жаңа тұрмысы». Бұл туындыларда ұлттық дәстүрлер, күнделікті тұрмыс-тіршілік, ырымдар, ғасырдың жаңа жетістіктері бейнеленеді. Сулы бояуда орындалған пейзаждары көрерменді шынайы­лығымен және туған жеріне деген сүйіспеншілі­гімен баурап алады. Кішігірім көлемдегі сурет­терінің өзі мазмұнының байлығымен  ауқымды. 1942 жылы Алматыда суретшінің шығармашылық қызметінің 15 жылдығына арналған тұңғыш жеке көрмесі өтеді. Осы жылы суретшіге Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері атағы берілді. 1944 жылы Амангелді портретін сомдағаны үшін  Қазақ КСР Халық суретшісі атағын алады. Қылқалам шебері – туған жердің әсем табиғатын, жасампаз өзгерістерін зор шабытпен көрсете алған суреткер. Оның «Менің Отаным», «Жайлаудағы автодүкен», «Қапашағай ГЭС-і», «Биік таулы мұз айдыны» сияқты туындылары шыншылдығымен ерекшеле­неді. Танымал туындылары: «Мақта жинау», «Кол­хоз тойы», «Алтын астық», «Қапшағай даласы», «Ақсай карьері», «Түрксіб», «Медеу мұз айдыны», «Талас жағалауы», сонымен қатар, Кенесары Қасымов, Абай, Шоқан Уәлиханов, Жамбылдың портреттері сияқты өмірінің соңына дейін жазған екі мыңға жуық көркем шығармалары бар. Ұлттық кескін­деме өнеріміздің біртуары, мақтанышы Ә.Қас­теевтің шығармалары бізді рухани сезімге бөлейді.

Әбілхан Қастеев отбасында өмірлік серігі, суретшінің үлкен жетістіктерге жетуіне үлес қосқан Сақыш апамен  екеуі 9 бала тәрбиеледі. Олардың 3-еуі – қыз, 6-ауы – ұл. Балаларының үлкені – Әбілтай Мәскеудегі Бүкілодақтық кинемато­графия институтын тәмәмдап, кинооператор болып жұмыс істеген. Елуге таяған жасында ауырып, өмірден озған. Одан кейінгі екі ұлы – Нұртай мен Нұрбек те өнерден құралақан емес еді, бірақ, өмір­ден ерте кетті. Нұртілеу – заң қызметкері, безен­діру ісімен де айналысқан.  Нұртас, Нұрхат атты ұлдарының ішінен әке жолын қуып сурет өнеріне бейім болғаны – Нұртас.  Бейнелеу өнеріндегі сатира жанрына жақын болған. Көп жыл мульти­пликатор болып істеген, қазіргі күні зейнетте. Нұрхат та суретші-мүсінші мамандығын бітірген, кейіннен кәсіпкерлікке бет бұрған. Үлкен қызы Кәмилә ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарған. Гүлдария қызы – заңгер. Гүлнәзия Қастеева – кәсі­би суретші, Т.Жүргенов атындағы өнер акаде­миясының  оқытушысы. Туған немерелері – Қас­теев Дәурен, Қастеев Сауран да ата жолын жалғас­тырып жүрген суретшілер. Жалпы, Қастеев отбасын үлкен, қонақжай және тату-тәтті қазақ отбасы­ларының үлгісі ретінде қарауға әбден болады.

Әбілхан Қастеев 1973 жылы артына мол мұра қалдырып, өмірден қайтты. Әр туындысында еліміздің тарихын, Қазақстан кескіндеме тарихын, қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын ұлттық на­қышта орындаған суретші шығармалары – бүгінде баға жетпес құндылығымыз. Суретші шығармалары Ресей мұражайларының қорында, Қазақстанда – Қазақстан Республикасының мемлекеттік Ә.Қас­теев атындағы өнер мұра­жайында және еліміздің бірнеше елді мекендерінде, отбасының жеке қо­рында сақтаулы. Талантты тұлғаның туындылары қаншама жылдар өтсе де ұмытылмайды, биіктігін жоғалтпай, жарқырай береді. Қазақ бейнелеу өнерінің қалыптасуына  мол еңбегі сіңген суретші еңбектерін, өмір деректерін жас буын қашанда ұмытпау керек және жан-жақты біле жүруі керек.

Гүлнұр ЖАРМЫШЕВА,

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжінің оқытушысы.

 Оның шығармалары­нан өз халқына деген сүйіспеншілік әрдайым менмұндалап тұрады. Ол табиғатынан дарынды, қарапайым, мәдениетті адам болатын.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *