XI Азия чемпионатында Қазақстан Ұлттық құрамасы 12 медаль жеңіп алды

XI Азия чемпионатында Қазақстан Ұлттық құрамасы 12 медаль жеңіп алды
Сурет: Иран жеңіл атлетика федерациясы

Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеранда өткен жеңіл атлетикадан жабық кешендегі XI Азия чемпионатында Қазақстан Ұлттық құрамасы 12 медаль жеңіп алды.

ҚР Туризм және спорт министрлігі мәлім еткендей, биылғы бәсекеде Қазақстан спортшылары 4 алтын, 2 күміс пен 6 қола жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

Шешуші жарыс күні эстафетада (4*400 м) еліміздің ерлер (Андрей Соколов, Эльнор Мухитдинов, Ефим Тарасов, Вячеслав Земс) және әйелдер құрамасы (Аделина Земс, Анна Шумило, Мария Шувалова, Кристина Кондрашова) топ жарды. Оның алдында Елизавета Матвеева (биіктікке секіру) мен Давид Ефремов (60 м кедергілер арқылы жүгіру) чемпион атанды.

Күміс жүлделерді Иван Иванов (ядро лақтыру) мен Ольга Сафронова (60 м жүгіру) жеңіп алды.

Ал қола жүлдегерлерді Аяна Болатбекқызы (1500 м жүгіру), Мария Ефремова (3 қарғып секіру), Ақбаян Мұрмәмет (800 м жүгіру), Алина Чистякова (көпсайыс) Эфим

Тарасов (400 метр жүгіру), Максим Фроловский (3000 метрге жүгіру) иеленді.

Максим Фроловский 3 мың метрге жүгіруде мәреге 5-болып келген. Алайда алдыңғы 2 адам ереже бұзғандықтан қола медаль қазақстандық атлетке берілді. Сондай-ақ

Максим 23 жасқа дейінгі санатта Қазақстан рекордын тіркеді (8:17.17).

Тегеранда барлығы 29 қазақстандық атлет ел намысын қорғады.

Былтыр жабық кешендегі Азия чемпионаты Астана қаласындағы Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінде өткен. Ол кезде Ұлттық құрама 6 алтын, 3 күміс, 3 қола медальмен жалпы есепте 2-орын алған.