Вице-премьер Серік Жұманғарин Алматы зауыттарын аралады

Вице-премьер Серік Жұманғарин Алматы зауыттарын аралады
Сурет: Gov.kz

Қаланың кәсіпкерлерімен, тұрғындарымен кездесті.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік шығаратын зауыттардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Primeminister.kz сілтеме жасап.

Жұмыс сапары барысында Серік Жұманғарин «Eurasian Foods Corporation» зауытына барды. Бұл зауыт - Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі тамақ өнеркәсібінің ірі және маңызды кәсіпорындарының бірі. Зауыт жылына 150 000 тоннадан астам сұйық май өндіреді.

Бүгінде «Eurasian Foods Corporation» 3 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

Вице-премьер жұмыс сапары аясында қаланың кәсіпкерлерімен, тұрғындарымен кездесті. Экспортқа ден қойғандар арасында мемлекеттен тиісті көмек ала алмай жүрміз дегендер болды. Бұл мәселені шешу мақсатында Серік Жұманғарин Сауда министрлігіне қарасты «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығына шара қабылдауды тапсырды.

«Экспорттаушыларды қолдаудың бірнеше тетігі бар. Соның бірі - «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы арқылы. Экспорттаушылардың шығындарын өтеуге қатысты сіздерде алдағы уақытта проблема болмас үшін түсіндірме жұмыстарын күшейтеміз», деді Серік Жұманғарин.

Іс-сапар барысында вице-министр азаматтарды жеке қабылдады. Тұрғындар базарды жаңғырту, зардап шеккен бизнеске көмек көрсету мәселелерін қозғады.