ҚУЫРШАҚ ТЕАТРЫ ЖАҢА ҚОЙЫЛЫМҒА ШАҚЫРАДЫ

Ардақ НҰРҒАЗЫҰЛЫ

Наурыздың  26—28-і аралығында Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін ерекше оқиға болмақ. Тұңғыш рет Қазақстанда Болгарияның Болгар мемлекеттік қуыршақ театрының «Бон-Бон Оле» болгар музыкалық-думаны қазақ тілінде көрсетіледі.

Бұл қазақ-болгар шығармашылық жобасын Алматы қаласы мемлекеттік қуыршақ театры мемлекеттік тілдің мәртебесін, жас ұрпақтың ана тіліне деген қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырып отыр. Бұл болгар театрының Алматыға бірінші рет келуі емес. Өнер ұжымы алғаш рет Қазақстанға Алматы қаласында өткен мемлекеттік қуыршақ театрының 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған фестивальға арнайы шақырумен келіп қатысқан болатын. Түбі бір түркіден тараған алыстағы ағайынмен арадағы байланыс жалғанғаннан кейін, қайта үзілген жоқ. Осы жолы Алматы қаласына арнайы ат басын бұрған өнер ұжымының жетекшісі туысқандықтың туын одан ары мығымдай ұстап келіп отыр. Ұжым жетекшісі Христина Арсенованың айтуынша, бұл жолы Болгар қуыршақ театры алматылық бала көрермендерге қазақ тілінде қойылым көрсетуді алдына мақсат етіп келген.  Осы ойды жүзеге асыруға аталмыш театрдың әртістері төрт ай дайындалыпты.

«Бон-Бон Оле» болғар музыкалық-думанын қоюшы режиссер Томас Имова — болғарлық бүлдіршіндерге кеңінен таныс тұлға. Өз елінде аса танымал болған ойын түрін режиссер біздің елдің балаларына арнап арнайы қазақ тілінде дайындаған. Театрдың белгілі әртістері Неделина Роселинова, Грета Крастева және Женя Тодоровалар қазақ сахнасында өздерінің бар өнерлерін ортаға салмақ.

Сұлулыққа құштарлық адам баласының болмысына тән қасиеттердің бірі. Мәдениетті қоғам жас ұрпақты кішкентайынан өнер-білімге жаны жақын етіп тәрбиелеуімен ерекшеленеді. Енді ғана тәй-тәй басқан бүлдіршіндерді өнердің киелі ордасына бастайтын бірінші қадам деп біз ең алдымен қуыршақ театрын айтқан болар едік. Жас буынды, елдің ертеңгі буынын қазақ тілінде сөйлеп қана қоймай, қазақ тілінде ойлайтын және сезіне алатын ұрпақ етіп тәрбиелеу бүгінде ел болашағына қатысты маңызды мәселелердің бірі екені дау тудырмаса керек.  Бұл тұрғыдан алғанда бауырлас «Бон-Бон Оле» болғар музыкалық-думаны жасаған қадамды игі бастама деуге болады.

Наурыз мерекесіне орай Мемлекеттік қуыршақ театрында «Қош келдің, Наурыз» атты театрландырылған мерекелік думан көрсетілмекші. Балалардың сүйікті кейіпкерлері Тазша бала, Қаңбақ шал, Мыстан кемпір және «Шашу», «Бесікке салу», «Қыз қуу» сияқты ұлттық салт-дәстүрімізден бастау алған ойын түрлері театр сахнасына көтерілмек.

Алматы қаласындағы Мемлекеттік қуыршақ театры мен «Бон-Бон Оле» болғар музыкалық-думаны Наурыз мерекесіне балаларды Пушкин көшесі, 63 үйде болатын (Гоголь көшесімен қиылысы) мерекелік шараға шақырып отыр. Анықтама телефондары: 273-69-21 (касса), 273-56-56 (дир).

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *