«Қуыршақтар шақырады–2018» фестивалі өтті

Балнұр АХМЕТ
Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Халықаралық қуыршақтар театры күніне орай алғаш рет «Қуыршақтар шақырады-2018» атты театрішілік фестивалін өткізді. Шара аясында кәсіби сарапшылар мен көрермендер назарына театр репертуарынан «Тоба» (авторы: Е.Жуасбек, режиссері: Ж.Жұманбай), «Аква ертегі» (авт.: А.Сергеев, режиссері: О.Ақжарқын-Сәрсенбек), «Ана жүрегі» (авт: Е.Ионов, режиссері: А.Зайцев), «Құлыншақ пен бөлтірік» (авторы: Ж.Омаров, режиссері: Р.Жаныманов), «Дәрумен» (авт.: Г.Датқабаева, режиссері: Г.Ілиясова), «Мен деп ойла…» (авт.: М.Мақатаев, режиссері: М.Тәуекелова), «Сағыныш шөбі» (авт.: Р.Отарбаев, режиссері: Р.Жаныманов), «Ана—Жер-Ана» (авт.: Ш.Айтматов, режиссері: Д.Жұмабаева) атты 8 қойылым ұсынылды. Сарапшылар қатарының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Астана қалалық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Құралай Ешмұратова, Мәскеу қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, ресейлік режиссер Вадим Смирнов, Қырғызстандағы Ш.Айтматов атындағы Мемлекеттік ұлттық орыс театрының «Әдебиет» бөлімінің меңгерушісі, театр сыншысы Элеонора Турдубекова болды.
– Бұл фестиваль театр репертуарындағы 2017-2018 жылдар аралығында саxнаға жол тартқан қойылымдарды саралай отырып, қуыршақ өнерінің қоғамға әсер-ықпалын арттырып, дәстүрлі ұлттық қуыршақтарымызды жаңғырта түсу арқылы жас ұрпақты ізгілік идеяларына тәрбиелеу мақсатын көздейді. Сондай-ақ, мәдени шара Қуыршақ театры өнерінің дамуы жолында көркемдік-эстетикалық ізденіс көкжиегін кеңейту мақсатында ұйымдастырылды. Халықаралық қуыршақтар театры күніне орай ұйымдастырылған бұл мәдени мереке 83 жылдық тариxы бар өнер ордамыздағы талабы таудай жастарды қанаттандыра түседі деген үміттеміз, – деді Қазақстанның мәдениет қайраткері, Мемлекеттік қуыршақ театрының директоры Талғат Есеналиев.
Өнер мерекесі аясында театртанушы, өнертану кандидаты Еркін Жуасбектің Мемлекеттік қуыршақ театрының 1935–1991 жылдар аралығындағы тарихынан сыр шертетін «Қазақ қуыршақ театры» атты кітабының тұсаукесері өтті. Астана қалалық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Құралай Ешмұратова мен Мәскеу қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, ресейлік режиссер Вадим Смирнов өз сөздерінде қара шаңырақтың тағылымды тарихымен таныстыратын бұл кітаптың рухани маңыздылығы ерекше екендігін атап өтті.
Көрерменді қуанышқа бөлеген фестиваль барысында шеберлік сабақтар өткізіліп, театрдың алтын қорында сақталған қуыршақтардан көрме ұйымдастырылды. Міне, осылайша өнерсүйер қауым таңғажайып қуыршақтар әлеміне сапар шекті.
Төрт күнге жалғасқан фестиваль қорытындысы бойынша, «Тұсаукесер» аталымында «Ана жүрегі» қойылымындағы бала бейнесін сомдаған актер Руслан Абу өнерімен өз ортасынан озып шықты. «Ана—Жер-Ана» қойылымындағы Әлиман, «Құлыншақ пен бөлтірік» қойылымындағы құлыншақ рөлдері үшін Арай Сақтағанова «Ең үздік қуыршақ жүргізушісі» атанды. Мемлекеттік қуыршақ театрының дарынды әртістері – Құралай Исмағұлова, Эльмира Құмарова, Шоқан Құлназаров «Өзіндік шығармашылық ізденіс» жүлдесімен марапатталды. «Есте қалар кейіпкер» жүлдесін «Мен деп ойла…» қойылымындағы рөлдері үшін театрдың жас әртісі Мақсат Камалов еншіледі. Мың бұрала шығыс биін билеген Гүлвира Бейсембаева мен Арайлым Байырбекова «Өзіндік шығармашылық ізденіс» аталымында өз өнерлерімен ерекшеленді. «Ана—Жер-Ана» қойылымындағы қос Толғанай бейнесін сомдаған Марал Тәуекелова мен Гүлім Рахимова «Актерлік шеберлігі» үшін жүлдесімен марапатталды. «Сахналық үйлесімді жұп» жүлдесі «Ана–Жер-Ана» қойылымындағы Қасым мен Әлиман рөлдері үшін Айдын Жақыпбаев пен Дамира Исаға бұйырды. «Үздік әйел адам бейнесі» жүлдесі «Ана жүрегі» қойылымындағы ана, «Құлыншақ пен бөлтірік» қойылымындағы бөлтірік, «Ана–Жер-Ана» қойылымындағы Толғанай рөлдері үшін Толқын Тілеулиеваға табысталды. «Тоба» қойылымындағы мысық, «Құлыншақ пен бөлтірік» қойылымындағы көкжал, «Ана–Жер-Ана» қойылымындағы Сыбанқұл рөлдері үшін актер Болат Момынжанов «Үздік ер адам бейнесі» аталымына ие болды.
1935 жылы ашылған Мемлекеттік қуыршақ театры – республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. Өнегелі өнер ошағы бүгінде талантты әртістер мен қуыршақ шеберлерінің, режиссерлердің, суретшілердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеп шығарды. Өнер ордасы таяқ қуыршақтан бастап бүгінгі заман ағымына сай күрделі марионеткалармен қатар, соңғы үлгідегі теxникалық-лазерлі көркемдеулермен жабдықталған. Бүгінде ұлттың руxани қажеттілігін өтеп отырған 83 жылдық тариxы бар қара шаңырақтың алға қойған бағыты мен бағдары айқын. Ол – қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету, кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнер арқылы шынайы көрсете білу. Елімізде және шет елдерде өткен республикалық, халықаралық театр фестивальдерінде топ жарып жүрген өнер ошағының репертуарлық саясатының ауқымы кең.
Болашағымыздың жарқын болуы бала тәрбиесіне тікелей байланысты. Сондықтан әлемдік бәсекеге сай, рухани тұрғыдан бай, жан-жақты, білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында Қуыршақ театры аянбай еңбек етуде. 82-маусымда асқақтаған Астанада, сондай-ақ, еліміздің басқа да аймақтарында гастрольдік сапармен болған өнер ордасы көрерменнің ықыласына бөленді. Сондай-ақ, театр ұжымы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру мақсатында Бішкек, Молдавия, Түркия мен Татарстанда өткен халықаралық театр фестивальдеріне қатысып, жоғары марапаттарға ие болды.
Айта кетерлігі, 2017 жылы өнер ордасы 29 шілде — 6 тамыз аралығында Анкара қаласында өткен «Наурыз» ҮІІІ Халықаралық театр фестиваліне Ә.Файзуллаұлының «Алтын адам» қойылымымен қатысты. Фестивальде шығармашылық ұжым Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 25 жылдығы аясында Түркия Республикасында қазақ мәдениеті мен өнерін танытуға қосқан үлесі үшін арнайы Алғыс хатпен және дипломдармен марапатталды.
Сондай-ақ, былтырғы жылы 83-маусымын ашқан өнер ордасы 20–24 қазанда өткен Анкарадағы ІІІ Халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне шақырту алды. Өнер мерекесінің басты мақсаты — қазақтың қуыршақ театры өнерінің көкжиегін кеңейту, жаңа тынысын таныту, сонымен қатар, шетелдік кәсіби театр мамандары мен көрермен көңілінен шығу болды. Фестивальде 4 түркиялық және 6 шетелдік өнер ұжымы өзара бақ сынады. Мәдени шара шеңберінде шеберлік сабақтар мен қуыршақ театры өнеріне байланысты көрмелер ұйымдастырылды. Мемлекеттік қуыршақ театры өнерсүйер қауымның назарына «Қуыршақ думан» (авт. және реж.: Қ.Ешмұратова, С.Шүкіров) және «Арыстанның үрейін қалай емдейміз?» (авт.: М.Дългечева, реж.: Э.Тотева-Андотова) атты қойылымдарын ұсынды.