Әуресі көп Мельбурн

Теннис

 Австралия ашық біріншілігінің ұйымдастырушылары тағы 25 теннисшіні оқшаулады. Олар 16 қаңтарда Мельбурн қаласына Доһа арқылы ұшып келген еді. Осы рейспен келген жолаушының бірі тапсырған тесттен коронавирус анықталған. Ұшар алдында оның тест нәтижесі кері болған екен. Жалпы бұл ұшақта 25 теннисшіні қосқанда, барлығы 58 жолаушы сапарлады. Олардың барлығы екі апталық карантинге жатқызылды.

Сәл бұрынырақ Мельбурнға Лос-Анжелес және Әбу-Даби қалаларынан келген 47 теннисші оқшауланған еді. Олар ұшып келген рейстерде де жолаушылардың ішінен коронавирус жұқтырғандар бар екені анықталды. Карантинге жатқызылғандар арасында отандасымыз Юлия Путинцева, сондай-ақ Виктория Азаренко (Беларусь), Слоан Стивенс (АҚШ), Кеи Нишикори (Жапония), Ангелик Кербер (Германия) бар. Шектеу салдарынан спортшылар күніне рұқсат етілген бес сағаттық жаттығуға да қатыса алмайды.

Соған қарамастан Ю.Путинцева қонақүйдегі нөмірінде жаттығу жасап жатыр. Ол қонақ үйдегі жағдайдың көңіл көншітпейтінін айтып, Твиттер желісіне видео жариялады. Теннисшінің заттарының арасында тышқан жүргені бұл жазбадан анық көрінеді. Кейін ұйымдастырушылар бөлмені ауыстырып берді. Алайда, мұндай сақтыққа отандасымыз аса разы емес сияқты. «Теннисшілер емес, жолаушылар вирусқа шалдықса, біз неге оқшаулануымыз керек? Жағдайдың мұндай болатынын білгенде, Мельбурнға келмеуге де болар еді» деп жазды ол.

Юлия аядай бөлмеде шкаф қабырғасына допты қақпақылдаған видеосын да жүктеген еді. Осы көрініс Голливуд жұлдызы Рассел Кроудың көңілінен шыққан секілді. Видеода Путинцева ракеткамен теннис добын дәл соғып, тар жерде жаңылмай қимылдайды. «Гладиатор», «Ақыл ойыны» сияқты ғажайып фильмдерге түскен Кроу осы роликті өз парақшасына көшіріп жүктеп, астына: «Australian Open-дегі менің ең сүйікті теннисшім осы», – деп жазды.

Австралияның ашық біріншілігі 8–21 ақпан аралығында өтеді. Бұл сынға Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Зарина Диас, Ярослава Шведова, Александр Бублик, Михаил Кукушкин сияқты отандастарымыз қатысады. Түрлі себептермен даңқты сында алғашқы ондықтың үздіктері Роджер Федерер (Швейцария) және Кики Бертенс (Нидерланд) өнер көрсете алмайды.

Естен САБАЛАҚ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *