Әубәкір РАХИМОВ, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының қоюшы-режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Театрды есепсіз, ессіз сүю керек

 

 

 

Қазақ өнерінің қара шаңырағы – М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрының іргетасы осыдан 95 жыл бұрын, сол кездегі астанамыз Қызылорда қаласында қаланды. Бұл Қазақ елі тарихындағы тұңғыш кәсіби театр еді. Тарихи жылнамасы ғасырға жуықтап қалған әкемтеатрдың қоюшырежиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әубәкір РАХИМОВПЕН аз-кем әңгіме-дүкен құрған едік.

 

 

– Қазақ руханиятындағы айтөбел өнер ордасының ұлттық мәртебе алуымен құттықтаймыз. Әубәкір Сыдықұлы, бұл құрмет театрға қандай ерекшелік, жауапкершілік үстейді?

– Театр ұлттық мәртебені баяғыда алуы керек еді. Ең алғаш 1926 жылы 13 қаңтарда осы театр құрылғанда тұңғыш директоры Д.Әділов бастаған алғашқы топ бар қажырқайратын жұмсап, қойылым декорациясына қажетті заттар мен жәдігерлерді халықтан жинаған. «Осы заттарыңызды сахнадан тамашалайсыздар, театрға келіңіздер, қызық дүние болады», – деп шақырып, халықтың театрға махаббатын оятуға күш салған кезең еді бұл. Сондықтан ұлттық мәртебе беру Үкімет басшыларының өнерге деген жоғары көзқарасы деп түсінеміз. Бұл әрине, жауапкершілікті арттырады. Ал ол жауапкершілікті театр ұжымы абыроймен атқарады деп сеніммен айта аламын. Өйткені, осы күнге дейін сол жолмен жүріп келеді.

– Театр былтырғы Абай жылына қандай шығармашылық үлес қосты?

– Өткен мерейлі жылға біздің театр екі жаңа спектаклін арнады. Біреуі Абайдың қара сөздері желісінде жазылған – «Қара». Екіншісі – «Абайдың жұмбағы», Абайдың қара сөздері мен өлеңдері бойынша жазылған. Композициялық қойылымның сахналық нұсқасын жасаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов пен белгілі жазушы-драматург Мәдина Омарова, қоюшы-режиссері – Аридаш Оспанбаева. Спектакльде Абайдың бала кезінен бастап, азаматтық көзқарасы айқындалып, ақыл-ойы руханият көсемі деңгейіне көтерілгенге дейінгі тұтас кезең көрініс табады. Ұтымды тұсы – оқиға желісі Абайдың өз өлеңдерімен өріле отырып, философиялық мазмұнының заманауи сценографиялық тың тәсілдермен байытыла түскені. «Абайдың жұмбағы» – көпшілік сахнамен молынан қамтылған, әнбимен толықтырылған кең тынысты, ауқымды қойылым. Ал «Қарада» Абайдың рөлі жоқ, оның философиялық ойларына құрылған спектакль болғандықтан, театрдың Тұңғышбай Жаманқұлов, Саят Мерекенов сынды актерлары бастаған бүкіл артисі ойнайды. Екеуіне де көрермендердің, театр сыншыларының пікірі өте жоғары.

– Көрермендер демекші, қазіргі пандемия жағдайында қойылатын шектеулер бар. Ал бұл тәртіп актерлардың шабытшабысына қалай әсер етуде?

– Иә, басында көрермен залы 30 пайыз ғана, одан кейін 50 пайыз толуы керек деген талап қойылды. Спектакльдеріміз сол тәртіп бойынша, екі залда да ойналып жатыр. Әрине, бұл шектеулер актерларға кері әсер ететіні сөзсіз. Бірақ біздің мамандығымыздың ең маңызды бөлігі – ол актердің өзінің роліне деген адалдығы. Өзі сахналайтын бейнесін жетесіне жеткізіп шығару – негізгі міндеті. Көрермен залында бір адам отырса да актер ойнауға, өз образын сомдауға міндетті. Өйткені, бір адам ба, он адам ба, ол ақшасын төлеп келді театрға. Сондықтан көрермендер алдында біз әрқашан адалмыз. Өнердің миссиясы да сол ғой.

Театр ұжымында алғашқы кезеңдерден-ақ саф өнер жолында еңбек еткен К.Байсейітова, Қ.Байсейітов, Қ.Бейісов, Ж.Елебеков, М.Ержанов, Ш.Жиенқұлова, К.Қармысов, Қ.Әділшінов, Ш.Айманов, С.Майқанова, С.Телғараев, А.Абдуллина, О.Жұмағұлов, Ж.Өгізбаев, Р.Қойшыбаева, Ә.Хасенов, А.Жолымбетов, С.Майқанова, Х.Елебекова, Р.Сәлменов, Х.Бөкеева, Ш.Жандарбекова, Б.Римова, Г.Сыздықова сынды сахна майталмандарының легі бүгінгі күні абыз актер А.Әшімов, С.Оразбаев, Е.Обаев, Н.Мышбаева, Т.Тасыбекова, Т.Жаманқұлов сынды қайраткерлер бастаған көшпен жалғасын тауып келеді.

 – Соңғы он-он бес жылдықта сахнадан түспей, ескірмей келе жатқан қандай қойылымдарды атар едіңіз?

– Мысалы, Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббаты» жиырма жылдан астам уақыт бойы келе жатыр. «Отыз ұлың болғанша…» спектаклі де жиырма жылды артқа қалдырып барады. «Бес бойдаққа бір той» да көрермендердің, әсіресе жастардың сұранысына ие, бұл енді отыз жылға таяп қалды-ау деймін. «Абай» спектаклі де сахнадан түскен емес.

– Театр ұжымы соңғы жылдары шет ел сахналарынан жиі көрініп жүр. Сонда актерларымыз шет тілін меңгерген бе? Әлде қойылымдар аударма арқылы көрсетіле ме?

– Біз шет елдерге шыққанда бір спектаклімізді ағылшынша да ойнап көрсеттік. Бірақ шет ел сахналарының мынадай ұста­ нымы бар: «Бізге ағылшыншаның қажеті қанша, біз қазақ мәдениетін көргіміз келеді, қазақ тілінің әуезділігін естігіміз келеді». Сондықтан фестивальдерге қатысатын әлемдегі барлық театр өз елінің мәдениетін, тіл байлығын көрсету мақсатында өз тілдерінде ойнайды. Алыс-жақын Иран, Франция, Египет, Корея, Германия, Түркия, Англия, Жапония, Франция елдерінде болдық. Бәрінде де өз тілімізде ойнадық. Міндетті түрде аударма болады.

– Қай спектакльдерді жиі апарып жүрсіздер?

– Шет елге шығарда шығындарымызды қалтамызға қарап үнемдеуге тура келеді. Сондықтан көбіне жеңіл декорациялы спектакльдерді апарамыз. Фестивальдік спектакльдер деген шықты қазір. Мысалы, фестивальдердің он бес адамнан артық апаруға болмайды деген талаптары бар. Соларды ескеріп жұмыс істеуге, ықшамдалуға тура келеді. Мысалы, бұрын, 1984 жылы біз Францияға «Қозы Көрпеш – Баян сұлуды» апардық. Оған барлық құраммен, қырық адам түгел, бүкіл декорациямен барғанбыз. Барлық шығынды ол кезде Кеңес үкіметі көтеретін. Қазір ондай шығындарды көтеріп әкететін демеушілер іздейміз. Кейде ондай қалталы адамдар шықпай жататыны бар. Министрлігіміз қаржы бөледі, әрине. Ол соншалықты жете қоймайды. Мысалы, мына Ресейдің әйгілі Евгений Вахтангов атындағы мемлекеттік академиялық драма театры әлемді барлық құрамымен, барлық декорациясын апарып, түгел шарлап жүр. Өйткені, оларда мысалы, мәдениет министрлігі ақша бөледі, ал жетпей жатқан тұсын демеушілері көтеріп әкетеді. Оларда меценаттық деген ұғым әлдеқашан қалыптасқан. Бұл орайда біздің бизнесмендердің ұлттық намысы оянуы керек.

– Иә, қазір қаражат бәрін шешетін кез. Ал жас актерлардың әлеуметтік жағдайы қалай?

– Бұрынғыға қарағанда көшілгері деуге болады. Енді ұлттық статус алып жатырмыз, мүмкін қазіргіден де жоғарылар деген үміттеміз. Дейтұрғанмен, қазіргі жас актерлардың көбі телевидение бар, кино бар, сол жақтарда қосымша табыс тауып жүр. Яғни әлеуметтік жағдайларын жақсартуға мүмкіндіктері бар. Бірақ сондай мүмкіндіктердің кейде театрға да зияны тиіп жатады. Өйткені, театрдағы, сахнадағы өнер көрерменнің көз алдында ойналады. Өнердің талабы өте жоғары болуға тиіс. Кейде сол талаптардың қалыс қалып жататын жағдайлары кездеседі. Бірақ оны қатты қадағалаймыз. Әр спектакль сайын кезекшілік қойылады. Ол кезекшіліктер әр аптаның сейсенбінің лездемесінде талқыланып жатады. Спектакль ешқашан тоқтамайды. Көрерменге сенің қайда істейтінің, жеке басың маңызды емес. Ол кейіпкерді, актердің ойынын, режиссердің қолтаңбасын көруге келеді. Қазір жастар жақсы өсіп келе жатыр. Дегенмен, бізде бәрі дипломы бар кәсіби актерлар болғандықтан жас, үлкен деп бөлмей, көбіне кәсібилік тұрғыда бағалап жатамыз. Тәжірибе – біртіндеп келетін дүние. Осындайда мен жастарға айтар едім, өнердегі бұрынғы ақсақалдар салып кеткен ізбен, солар жасап кеткен жолмен жүріп, өнерге адалдықпен, махаббатпен қарау керек. Сол жолды жалғастырып жүрген қазіргі аға буын Саят Мерекенов, Бекжан Тұрыс, Бақтияр Қожа, тағы да басқа көптеген актер өнерге, театр өнеріне деген алғаусыз пейілдерімен сол жастарға үлгі көрсетіп жүр. Қазіргі жас­ тардың осы буыннан үйренері көп. Театрды есеппен емес, ессіз сүю керек. Сонда ғана театр өнерінде адалдық орнайды.

– Мерейтойлық жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Алдағы жоспарымыз үлкен. Кеңес Жұманиязов деген режиссер Тынымбай Нұрмағамбетовтың «Барымен базар» деген комедиясын қойып жатыр. Қазір жөндеу үстінде. Өткенде біраз талқылау болған. Содан кейін Төлен Әбдіковтің «Оң қол» деген әңгімесі бойынша тағы бір жас режиссеріміз жұмыс істеп жатыр. Бүгінде Әуезов театры Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының драматургиясында оқып жатқан жастармен лабораториялық жұмыстар жүргізуде. Солардан көп үміт күтеміз.

 – Ендеше, сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Нұржамал ӘЛІШЕВА.

ЛЕБІЗ

Жалғас ТОЛҒАНБАЙ, театр директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– «Қазақ өнерінің қара шаңырағы» деген сөз айтылса, алдымен біздің театр еске түседі. Өйткені, осы театрдан қаншама өнер шаңырағы өз еншісін алып, бөлініп шықты. Атап айтар болсақ, бізбен бірге кеше ғана ұлттық мәртебеге ие болған Абай атындағы опера және балет театры, Құрманғазы атындағы Ұлттық оркестр, одан өзге де барлық өнер ұжымы бізден бастау алған. Қазақ театр өнерінің корифейлерінің кез келгенін айтар болсаңыз, біздің театрда қызмет еткенін білесіз. Бұл біз үшін мақтаныш қана емес, жауапкершілігі де орасан. «Театры көп елдің түрмесі азаяды» деген қанатты сөз бар ғой. Театрымыз да, көрерменіміз де көп болсын!

 

Асылбек БОРАНБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Бұл – театрымызды құрған Елағаң, Серағаң, Қаллеки, Қапан, Құрманбек сынды ұлт өнеріне шексіз қызмет жасаған тағы да басқа корифей ағаапаларымыздың мерекесі. 95 жылдық ғұмырында театрда қаншама ұрпақ сабақтастығы болды. Талай дарынды тұлға с а х н а д а ө н е р к ө р с е т і п , театрымызды әлемдік деңгейге көтерді. Көптеген фестивальде жүлденің алдын бермей келе жатқанымыздың өзі театрымыздың бүгінгі абыройын білдіреді. Өнер саңлақтары, театр қайраткерлері, ұлтымыздың мақтанышына айналған тұлғалар қызмет ететін қара шаңырақ бұл. Бұл – қазақтың тойы.

 

 

Шынар АСҚАРОВА, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Биылғы жыл біз үшін өте қуанышты, жағымды жаңалықпен басталды. 95 жылдық атаулы күннің қарсаңында Мемлекет басшысының Жарлығымен театрымызға Ұлттық мәртебе берілді. Бұл кешегі қазақ театр сахна өнерін құрған, өмірден бақилық болған өнер майталмандарының аңсап күткен, бірақ сол күнге жете алмай кеткен, солардың адал еңбектері мен сахнада аянбай төккен терінің жемісі мен жеңісі. Сондай-ақ, театрдың алтын ғасыры атанған аға буын өкілдерінің арманы. Өнер – аманат. Оны ұрпақтанұрпаққа жеткізу – біздің парыз.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *