Тәуелсіздік жастары

Тәуелсіздік жастары
Сурет: Qazaqstan.kz

«Біз Италияны құрдық, енді италиялықтарды жасап шығарайықшы» депті ойшыл Комилло Ковур. Расында, Тәуелсіздіктің арқасында қазақ елі жаңа белестерді бағындырып келеді. Мың да бір тәубе!

Дүниеде материалдық құндылықтармен қатар руханият та бірге жасайды. Екеуі табанын тең басқанда, өркениетке қарай ілгері қадам жасалады. Бұл көштің тізгінін мәдениет бастайды. Eгемендігімізге  30 жыл толды! Шүкір! Талай  қиындықты еңсеріп, жақсылықтарға жеттік. Дамыған 50 мемлекеттің қатарына еніп, 30-дық сапына қарай беттеп барамыз.

Қазақстанның бүгінге дейінгі жүрген жолы, ғасырлар жасаған державалардың ісіне парапар. Мәдениетіміз қарқындап дамып келеді. Дүниежүзін Димаш әнімен тәнті етсе, Иманбек «Гремми» сыйлығын алды. Екеуі де қарапайым қазақ жігіттері. Олар 1925 жылы Париж төрінде ән шырқаған Әміре атамыздың заңды жалғасы деуге әбден лайықты. Бәлкім, музыкада шекара болмайды деген осы шығар. Бокстан Жәнібек Әлімханұлы АҚШ-та «Қазақ бокс стилі» атты титулдың негізін қалауда. Ал жақында ғана ерлер арасында шахматтан «Гроссмейстер» атағын иеленген Жансая Әбдімәлікпен қалай мақтанбайсыз! Президенттің «100 жаңа есім» байқауында топ жарған, TESLO компаниясының негізін салушы Илон Масктың тобына шақырту алған өнертапқыш Санжар Тайжан мақтауға тұрарлық азамат. Әлем көгінде жұлдыздай жарқыраған жастарымыздың тізімін осылайша жалғастыра беруге болады.

Бұрынғылар «Өнер көзі – халықта» деп текке айтпаған. Оған осы мысалдар арқылы куә болудамыз.

Тәуелсіздіктің ұландарының бір сыпырасын ғана баяндадық. Егемен болып, етек-жеңімізді жинадық. Әлем танитын айбынды, қуатты, бейбітшілік нұрын шашқан жұмақ мекенге айналудамыз. Алар асқақ асуларымыз әлі де алда!