«Тәуелсіздік тұлғалары» атты портреттер көрмесі ашылды

«Тәуелсіздік тұлғалары» атты портреттер көрмесі ашылды
Сурет: ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған бұл іс-шараға дарынды суретші Таңсық Мәжитованың 60-тан астам авторлық туындысы ұсынылды.  

«Қазақстан» орталық концерт залында еліміздің көрнекті өкілдеріне арналған «Тәуелсіздік тұлғалары» көркем портреттер көрмесі ашылды, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс-шараның ашылу салтанатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова: «Республика жұртшылығының назарына ұсынылған портреттердің бәрін Таңсық Мажитова натурадан салып шықты. Бұл әлемдік үрдістің өзінде сирек кездесетін құбылыс», - деп ерекше атап өтті.

Портреттерді салу барысында жүзбе-жүз сырласу арқылы кейіпкерлерінің  характерін, ішкі жан-дүниесін көрсету – суретшінің зор еңбегі мен тынымсыз ізденісінің нәтижесі. Әлемге әйгілі скрипкашы Айман Мұсаходжаева, әйгілі кардиохирург Юрий Пя, Ботай мәдениетін зерттеуші ғалым Виктор Зайберт, әлем чемпионы Серік Сапиев бейнелері суретшінің қапысыз жетістігін әйгілеп тұрады.

Қазақ рухының алдаспандары Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова, Герольд Бельгер, Ақселеу Сейдімбек, Ескендір Хасанғалиев, Сатыбалды Нарымбетов тұлғалары суретшінің қыл қаламы арқылы ел жүрегінде мәңгілікке қалды.

«Бұл адамдар – ел мүддесін биік қойғандар, шын мәнінде, ұлтжандылықтың озық үлгісін көрсеткендер. Тәуелсіз Қазақстанның тұғырлы тұлғалары жұртының жадында, елінің есінде мәңгі сақталады. Бұл көрме бұдан былай да тұрақты түрде өткізіліп тұрады, сондай-ақ экспозициялар бүгінгі танымал тұлғалардың портреттерімен толықтырылмақшы», - деді көрмені ұйымдастырушылардың бірі белгілі жазушы әрі суретші Әлібек Асқар.

Айта кетейік, бұл іс-шараны ҚР  Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Геральдикалық зерттеулер орталығы» ұйымдастырды.