Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге «Жан Сая» қолдау көрсетеді

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге «Жан Сая» қолдау көрсетеді
inbusiness.kz

Алматы қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Нәзира Тоғызбаева Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтты. Ол «Жан Сая» дағдарыс орталығы қалада 2017 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқанын атап өтті. Биыл оған 75 әйел мен 157 бала өтініш берген, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz 
 

Атап айтсақ, «Жан Сая» отбасылық зорлық-зомбылық құрбандары үшін арнайы жасалған. Мұнда зардап шеккендерге баспана, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Орталық сонымен қатар балаларға арналған түрлі іс-шаралар өткізеді және «150» сенім телефоны бар. 
 
Сонымен қатар, Алматыда тұрақты тұратын жері жоқ адамдар үшін құрылған «Пана» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан бері 466 өтініш берушіге көмек көрсетілді, олардың барлығы уақытша тұрғын үймен қамтамасыз етілді. 

«Орталық мамандары құжаттарды қалпына келтіруге көмектеседі. Мысалы, «Панаға» ешқандай құжаты жоқ 67 жастағы ер азамат жүгінген. 1974 жылғы төлқұжатын жоғалтып алған. Мамандардың көмегінің арқасында ол жеке куәлік алуға, сондай-ақ қарттық бойынша зейнетақы тағайындауға мүмкіндік алды. Қазіргі уақытта «Шаңырақ» арнайы қызметтер орталығына ауыстырылды, - деді Нәзира Тоғызбаева. 

Алматыда жалғызбасты зейнеткерлер, мүгедектер, жалғызбасты ерлі-зайыптылар және зейнеткерлік жастағы ерлі-зайыптылар үшін еліміздегі ерекше «Қамқор» әлеуметтік үйі жұмыс жасайды, мұнда 50 адам тұрып жатыр. 

«Бұл үй көп қабатты, айналасы қоршалған. Туыстарының қарауынсыз қалған аға буын қала тұрғындары пәтерлерін мемлекет меншігіне өткізіп, осы үйге көше алады», - деді әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы. 

Бұл үйде тұратын зейнеткерлер қызметкерлердің тұрақты бақылауында.