Түркістанда ұлттық спорт ойындары өтті

Түркістанда ұлттық спорт ойындары өтті
Сурет: Massaget.kz

Ұлттық спортты ұлықтау

Түркістан облысында көшпенділер ойындары өтті. Жастар дәстүрлі спорт түрлерінен жарысқа түсті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Қазақтың ұлттық ойындарының ішіндегі ең қызықтысы – аударыспақ. Атқа қонған кіл мықтылар ішінен ереже бойынша қарсыласын қағып түсіргені жеңімпаз атанады. Сондай-ақ қошқар көтеріп, жүлделі орынға ілігуге талпынған жастар да табылды.

Бозкілемде қазақ күресінен күш сынасқан палуандар тартысы ойындардың көркін қыздырды.

«Бұл – ата-бабамыздан келе жатқан спорт түрі. Қазақ күресі – мың жылдық тарихы бар қазақтың бренді. Осының арқасында ата-бабамыз соғыста да жеңіске жетті деп айта аламын. Негізі самбо, дзюдода күресемін, бірақ қазақ күресі өте қатты ұнайды», - дейді палуан Исламбек Ильясқажы.

Ауқымды сайыста қазақтың ұлттық тағымынан да дәм татуға болады. Киіз үйде арнайы жайылған дастарханға әжелер кеңесінің мәзірі қойылған. Келген қонақтарға тағамның түрі мен жасау технологиясын көрсетіп, ынтымақ пен бірлікті үлгі етті.

«Мұның бәрі татулыққа, ынтымақтастыққа бастап, бір-бірімізбен ара қатынасымыз жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Біздің ауданымыз – өте тату-тәтті тұратын ынтымағы жарасқан аудан», - дейді ауыл тұрғыны Ақжарқын Бақоразова. 

Осылайша көшпенділер ойынын ұйымдастырушылар қазақ халқының мәдениеті мен тарихының маңызды бөлігін сақтап қалуға өз үлестерін қосты. Мұндай шаралар аймаққа туристер тартуға да әсер етеді.