Түркіменстаннан қызанақ пен бұрыш әкелуге тыйым салынды

Түркіменстаннан қызанақ пен бұрыш әкелуге тыйым салынды
Сурет: Pxfuel.com

Бұған себеп – қызанақ пен бұрыштан карантиндік организмдердің анықталуы.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Мемлекеттік инспекция комитеті енгізген тыйым 2021 жылдың 7 маусымынан басталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркіменстанның өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік қызметінің фитосанитариялық сертификаттарының сүйемелдеуімен Қазақстанға жеткізілетін қызанақтарға карантиндік фитосанитариялық бақылау жүргізу кезінде «қоңыр әжім» вирусының (Tomato brown rugose fruit virus (ToBRFV) 19 дерегі анықталды.

ISPM № 13 «Сәйкессіздік және шұғыл әрекет ету туралы нотификациялау нұсқаулығы» фитосанитариялық шаралар жөніндегі халықаралық стандарттың ережесіне сәйкес (Рим, 2002), Түркіменстанның өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік қызметінің атына карантиндік фитосанитариялық талаптардың бұзылуы туралы нотификациялар жіберілді.

Көрші республиканың уәкілетті органдарының экспортталатын өнімде вирустың пайда болу себептерін тексеру туралы объективті деректерінің болмауына байланысты және Қазақстан аумағындағы карантиндік фитосанитариялық ахуалды ушықтырып алмау мақсатында Түркіменстаннан қызанақ пен бұрыш әкелуге уақытша тыйым салды.

Жалпы, өсімдіктер карантині саласында жыл басынан бері Қазақстан Республикасының аумағына карантинге жатқызылған өнімді әкелуге қатысты 1300-ден астам заң бұзушылық анықталды. Карантиндік фитосанитариялық талаптарды бұзып, карантинге жатқызылған 11 мың тонна өнімді жеткізбек болғандардың жолы кесілді. Қазақстанға жеткізілетін өнімнен карантиндік объектілер табылған 155 жағдай тіркелді.  Тәртіп бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 56 млн теңгеден астам сомада айыппұл төледі.