Түркияда өтетін фестиваль «Томирис» фильмімен ашылады

Түркияда өтетін фестиваль «Томирис» фильмімен ашылады
Cурет: Inform.kz

Кинофестивалге 13 елден барлығы 42 кинотуынды қатысады

2021 жылы қарашаның 8-12 аралығында Ыстанбұлда өтетін Korkut Ata Turkic World Film Festival кинофестивалінің ашылу салтанатында «Томирис» көркем фильмі көрсетіледі. Бұл туралы кинотуындының режиссері Ақан Сатаев өзінің инстаграмдағы парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Айта кетсек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Sataifilm  компаниясының қатысуымен «Қазақфильм» киностудиясы түсірген қазақстандық туынды биыл қыркүйек айында Түркияда прокатқа шығып, 200-ден астам кинотеатрда көрсетілген болатын.

Түркияда алғаш рет өткізіліп отырған Korkut Ata кинофестивалінде биыл 13 елден барлығы 42 кинотуынды қатысады. Фестиваль шеңберінде Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Татарстан сынды Түркі әлемі елдерінің киногерлері түрлі жанрда, соның ішінде тарихи, фантастика, деректі және анимация  жанрында түсірілген үздік туындыларын ұсынатын болады.

Еліміздің атынан аталған фестивальге бірнеше фильмдер қатысады. Фестивальдің басты байқауларының бірі – көркем фильмдер бағдарламасында Рүстем Әбдірашевтың «Қазақ хандығы. Алтын тақ» көркем фильмі, ал деректі фильмдер байқауында режиссер Бақыт Қайырбековтың «Құтыда жанған алау» фильмі бақ сынайды. Ал анимациялық фильмдер байқауында Адай Әбелдиновтың «Күлтегін» тарихи толықметражды анимациялық фильмі көрсетіледі.

Сонымен қатар, фестивальдің тарихи туындыларына арналған бағдарламасында Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» фильмі көрсетілсе, ал «Заманауи фантастика» байқауында көрермендерге «Бегарс Елубайдың «Оазис» фильмі ұсынылатын болады.

 Түркияда өтетін фестивальге Қазақстанның халық артисі Асаналі Әшімов, «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев, киностудияның өндіріс бойынша вице-президенті Айдар Баталов, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕҚ Бас продюсері Адай Әбілдинов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Берік Айтжанов, актрисалар Альмира Тұрсын және Аружан Жазылбекова, режиссер Нұрғиса Әлмұрат, продюсер Нұрлан Қоянбаев және басқалары қатысатындары белгілі болды.