Түркияда орман өртінен үш адам қаза тапты

Түркияда орман өртінен үш адам қаза тапты
Сурет: Ttwitter.com

Өрттің жылдам таралуына аптап ыстық пен желді ауа райы ықпал еткен.

Түркияның Анталия провинциясындағы орман өртінен 3 адамның көз жұмғаны белгілі болды. Жалпы тілсіз жаудан зардап шеккен 122 адамның 58-і ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

AFAD (Түркия Республикасы Үкіметінің жанындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою басқармасы) мәліметі бойынша, өрт 28 шілдеде түскі кезінде Анталия провинцияның төрт аймағында өрт шыққан. Өрттің жылдам таралуына аптап ыстық пен желді ауа райы ықпал еткен. Өртті ауыздықтауға өрті сөндіру авиациясы мен құрлықтағы төтенше жағдаймен күрес қызметтері жұмылдырылған. 

Өрт салдарын жоюға 1 ұшақ, 19 тікұшақ, 1 пилотсыз ұшу аппараты, 192 өрт сөндіру машинасы, 30 құрылыс техникасы, 19 жедел жәрдем машинасы, 5 дала асханасы және жеке құрамның 1000-нан астам адамы тартылған. 

«Жалынның жолында қалған 18 елді мекеннің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. Манавгат ауданындағы жағдай бақылауға алынды, бірақ Ақсекіде өрт басылған жоқ», - деді Түркияның Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы министрі Бекір Пакдемірлі. 

 «Анадолы» агенттігінің жазуынша, өрт сөндірушілерді уақытша тұрақпен қамтамасыз ету үшін 1 300 адам сыятын 6 жатақхана дайындалған. 

Жергілікті полиция мен құтқару қызметтері өңірде өрт қаупі әлі сейілмегенін ескертіп жатыр. 

Қауіпті аумақтарға кіретін автокөлік жолдары жабылып, қозғалыс шектелген. Апат аймағын айналып өтетін балама жолдар әзірленіп жатыр.

Манавгат ауданының губернаторы Мұстафа Игіт Оймапынар бөгетіне түсіп кеткен 10 азамат құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізілгенін айтқан. 

Ал бүгін Түркияның Мармарис және Милас атты туристік қалаларында орманды-дала алқаптар өртенді. Оны жою және табиғи апаттан зардап шеккендерді іздестіру-құтқару жұмыстары басталып кетті.

Қазір төтенше жағдай болған ауданда барлық саяхаттар тоқтатылды. Қазақстандық туристер арасынан көмек сұрағандар жоқ.