Түркияда Мұстафа Өзтүрік атындағы саябақ ашылды

Түркияда Мұстафа Өзтүрік атындағы саябақ ашылды
Сурет: Тrt.net.tr

Ыстамбұл саябағына Мұстафа Өзтүріктің есімі берілді.

Жаңа нысан Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы аясында ашылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com сайтына сілтеме жасап.

Саябақ қандастарымыздың ең көп шоғырланған Бағжылар ауданында орналасқан.

Шара барысында Қазақстанда және Түркияда таэквондоны дамытқан Мұстафа Өзтүріктің өмірі жайлы баяндалып, спортшының сүйетін әндерінен құралған сахналық қойылым болды. Сондай-ақ жас таэквондошылардың спорттық шеберлігі көрсетілді.

Қазақстанның Ыстамбұлдағы бас консулы Әлім Байел қазақтың батыры туралы пікірін білдірді.

«Ол кісі ел-жұртына қызмет ету үшін Қазақстан азаттық алғанда еліне оралған еді. «Мен әлемді көрдім. Сосын елімді көрдім. Несін айтайын, айырмашылық үлкен. Сондықтан еліме, жұртыма қызмет ету үшін Қазақстанда қалдым», - деген сөзінен-ақ ұлтқа деген үлкен махаббатын байқауға болады.

Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік әкесіне білдірілген құрметке ризашылығын айтты.

«Саябақтың кіре берісіндегі әкемнің есімін оқығанда көңілім босап кетті. Әкем де, мен де осында туып-өстік. Ыстамбұлдағы қазақтардың басым бөлігі де осы жолдан өтеді. Әкемнің есімі Гүнешлиде мәңгілік сақталатынына қатты қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын», - деді ол.