Түрксіб ауданы: Желтоқсан саябағы қараусыз қалды

Түрксіб ауданы: Желтоқсан саябағы қараусыз қалды
almaty-akshamy.kz

Өткен жылы Алматы қаласының Түрксіб ауданында зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен «Желтоқсан» саябағы салтанатты түрде ашылған болатын. «Жас қанат» және «Маяк» ықшамаудандарының аумағынан орын тепкен «Желтоқсан» саябағы 100 гектар жерді алып жатыр. Алайда, бұл алып бақ бүгінде қараусыз қалып, аянышты күйге түсіп отыр.

 Негізі, бұрын бұл аумақ қараусыз қалып, қоқысқа толған жер болатын. Өткен жылы қала әкімдігінің тапсырмасымен саябақты одан әрі дамыту қолға алынды. Саябақтың ашылу салтанатында Желтоқсан көтерілісіне қатысушылар мен зиялы қауым өкілдері бұл жерге қылқан жапырақты ағаштарды – қарағай, көк шырша және Тянь-Шань шыршаларын отырғызды.

Бірақ демалыс орнының ашылғанына 1 жылға жетпей жатып, ішін адам бойымен бірдей арамшөп басып кеткен. Демек, қала әкімдігі қыруар қаражат бөліп саябақты ашқанымен, аудан әкімдігі оның күтіміне көңіл бөлмеген тәрізді. Онда отыратын орындықтар тіптен аз, қойылған биодәретхананың ішіне кіру мүмкін емес. Дәретхана жағдайы сын көтермейді. Лас әрі ішіндегі іркінділер уақытылы шығарылмайды. 100 гектар жерді алып жатқан алып саябақтан небәрі бір ғана биодәретхана көрдік. Саябақта қыдырушылар жүгіріп жүр, қайда барарын білмейді. Үлгергені дәретханаға  болмаса талдың арасына барады.

Оған қоса, саябақ аумағында арнайы қоқыс салатын жәшіктер де көп емес. Келушілер ішкен-жегенін отырған жерлеріне тастап кетіп жатады.

«Саябақтың іші өте лас. Шөп қаулап өсіп кеткен. Балалар бір жерін жарақаттап ала ма деп алаңдаймыз. Сұрықсыз саябақта түнге жақын тұрақты мекенжайы жоқтар мен бұзақылар, мас адамдар көп жүреді. Мұндай алып бақты қылмыс орнына емес, лайықты демалыс орнына айналдыру керек», – дейді Фариза есімді келіншек.

Өткен жылы қарашада егілген талдар да ара-арасында қурап жатыр. «Талдарды отырғызған соң қуратып қоймай, уақытымен баптап, суғарып отыру керек қой. Жасыл желекті қарай алмаса, неге отырғызады?», – деп налиды саябаққа келушілер.