ТЖД қала тұрғындарын суда шомылу маусымында қауіпсіздікті сақтауға шақырады

ТЖД қала тұрғындарын суда шомылу маусымында қауіпсіздікті сақтауға шақырады
Cурет: Almaty-akshamy.kz

Алматыда суға шомылу маусымы кезінде су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді.

Суға түсу маусымы басталған уақыттан ТЖД қала тұрғындарын судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға және жүзуге арналмаған жерлерде шомылмауға шақырады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Алматы қаласы Төтенше жағдайлар Департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Исхар Савазов жан-жақты айтып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

«Қалада суда жаппай демалу үшін төрт орын анықталды. Бұл – Сайран су қоймасының батыс және шығыс бөліктері, «Гүлдер» демалыс аймағы және Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы бойындағы Баум тоғайының жағажай аймағы», - деді Исхар Савазов.

Спикер атап өткендей, қазіргі уақытта Сайран су қоймасы толы. Тәулік бойы кезекшілікті Алматы қаласы құтқару қызметінің құтқарушылары жүзеге асырады. Жағажайлар үшін жүзудің белгіленген шекаралары дайындалған. Шомылуға тыйым салынған орындардың периметрі бойынша алдын алу материалдары бар алты ақпараттық стенд және 12 қауіпсіздік белгісі орнатылды.

Бұл ретте биылғы жылы Құлжа трактіндегі жолайырықтың құрылыс-монтаж жұмыстарына байланысты Үлкен Алматы каналын сумен толтыру жоспарланбаған.

Спикер сондай-ақ, суға түсуге тыйым салынған орындарда ТЖД қызметкерлері мен ҚР Ұлттық ұланының әскери қызметшілері судағы демалыс орындарын күнделікті патрульдеу жүргізетінін еске салды. Биылғы жылы дронның көмегімен патрульдеу тәжірибесі де қолданылады.

«Егер сіз суға батып бара жатқан адамды көрсеңіз, ең алдымен айналаңыздағы адамдарға хабарлап, құтқарушылар мен жедел жәрдем шақыруын сұрау керек, содан кейін белгілі бір ережелерді сақтай отырып, оны өз бетіңізше құтқаруға тырысыңыз. Есте сақтайтын жайт, суға батып бара жатқан адам  қатты қоыққанынан сіздің киіміңізге жармасуы мүмкін. Сондықтан  оны артынан ұстауға тыврысу қажет», - деді спикер.

Брифинг барысында Исхар Савазов балалардың суға батып кетуіне жол бермеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да айтты.

Осылайша, қаланың өскелең ұрпағы үшін су айдындарындағы қауіпсіздік ережелеріне оқыту ұйымдастырылды. Білім алушылардың жалпы саны 3 275 адамды құрады.

Алдын алу және ақпараттандыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді. 11 мамырдан бастап білім басқармасымен бірлесіп «Қауіпсіз су» акциясы іске қосылды. Қаланың барлық жалпы білім беретін және арнайы орта мекемелерінде 93 мың мектеп оқушыларын қамти отырып, ашық сабақтар, сынып сағаттары, конкурстар, викториналар, интерактивті сабақтар өткізілді. Сондай-ақ, Қызыл Жарты Ай қоғамымен бірлесіп, қаланың барлық мектептерін қосу арқылы Тікелей эфир өткізілді. Сонымен қатар, қаланың жалпы білім беру мекемелерінде «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында бейнероликтер көрсетілуде. Осылайша 280 мың алматылық оқушы қамтылды.

Сонымен қатар, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, адам өлімінің бірнеше жағдайлары тіркелген жерлерде 11 ақпараттық стенд (соңғы бес жылда қаза болғандардың санын көрсете отырып), сондай-ақ 66 тыйым салу белгісі орнатылды.

Адамдар көп жиналатын объектілерде (СОО, СҮ, ХҚКО, ТЖ вокзалдары, метрополитен, әуежай, кинотеатрлар және т.б.), Денсаулық сақтау мекемелерінде, сондай-ақ қаланың медиабордтарында және LED-экрандарында судағы қауіпсіздік тақырыбына бейнероликтер көрсетіледі. Ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап бірлескен рейдтер өткізіліп, оның аясында 1000-нан астам жадынама таратылды.