Тұсаукесер! «Шымкент - менің махаббатым»

Тұсаукесер! «Шымкент - менің махаббатым»
almaty-akshamy.kz

5-6 наурыз күндері сағат 13.30-де «Хабар» арнасынан «Шымкент - менің махаббатым»  романтикалық фильмін тамашалаңыздар. Кинотуындының басты рөлдерін танымал актер Еркебұлан Дайыров және сұлу әрі талантты Кәмшат Жолдыбаева сомдайды.

Шымкент шаһары Қазақстандағы ең ірі мегаполистердің қатарында. Бүгінде қала қарыштап дамып, жан-жақтан жоғары білікті мамандар шақырылып жатыр. Солардың бірі – Нұр-Cұлтан қаласында тұратын PR саласының мықты маманы Дина. Оны Шымкент қаласының туристік имиджін дамыту үшін жергілікті компания жұмысқа шақырады. Компания басшысы Асқар кездесу ұйымдастырып, жаңа маманды серіктесі Абылаймен жолықтырмақ болады. Абылай мен Асқар компанияны бірге құрған, бірақ Асқар құжаттарға пысық менеджер, ал Абылай – шығармашылық адамы. Абылай жаңа маманның басқа қаладан келгенін ұнатпай қалады. Танысқанда жақтырмағанын бірден көрсетуге тырысады, Дина мұның себебін түсінбей қалады. Екеуі бірден жауласып, неше түрлі әрекет жасайды. Бірақ жек көру мен махаббаттың арасы бір қадам дегендей, Абылай Динаны ұнатып қалады, екеуі бірлесіп жобаларды жүзеге асыра бастайды. Алайда Динаның Нұр-Сұлтан қаласынан бұрынғы жігіті келіп, Динаны өзіне қайтармақ болады.

Фильмнің соңында Дина елордаға оралуды әлде мәңгілік махаббатына айналған Шымкент шаһарында қалуды таңдайды ма? Қызыққа толы оқиғаның жауабын 5-6 наурыз күндері сағат 13.30-де «Хабар» телеарнасының эфирінен тамашалауды ұмытпаңыздар!