Түрксіб ауданындағы 100 көшеге сыртқы жарық орнатылады

Түрксіб ауданындағы 100 көшеге сыртқы жарық орнатылады
Сурет: Elektrikdom.com

Мамандар келесі айдан бастап көше шамдарын орната бастайды.

Осы жылдың соңына дейін Алматының Түрксіб ауданындағы ескі электр желілерін жаңарту жұмысы аяқталады. Бұл туралы шаһар жетекшісі Ерболат Досаев аудан халқымен кездесу барасында айтты, деп Almaty-akshamy.kz

«Өткен кездесуде сіздер «Қайрат», «Нұршашқан» шағынаудандарында үнемі жарықтың сөніп қалатынын айттыңыздар. Оның негізгі себептері желілердің тозуы және қуаттың жетіспеуі болып табылады»,- деді қала әкімі. 

Ерболат Досаевтың айтуынша, орын алған мәселелерге  байланысты екі бағытта жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Қазіргі таңда 4,2 км электр желісі  реконструкцияланды. Жылдың соңына дейін 11 км-ге дейін жеткізу жоспарланған. Осылайша, бұл шағынаудандардағы ескі электр желілерін жаңартуды аяқтаймыз. 2023 жылдың I тоқсанында «Әлмерек» және «Қайрат» шағынаудандарында осындай жұмысты бастаймыз»,- деді қала жетекшісі. 

Оның сөзінше, қазіргі уақытта жеткілікті қуатты қамтамасыз ету үшін «Тұздыбастау» подстанциясы салынып жатыр. Объектіні 2023 жылдың II тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған, содан кейін осы шағынаудандарды тұрақты электрмен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешілетін болады. 

«Осы жылдың соңына дейін әлі жарық жүргізілмеген 100 көше мен тұйық көшелерге сыртқы жарық орнатылады. Ол үшін келесі айдан бастап көше шамдарын орната бастаймыз»,- деді әкім.