Түрксіб ауданында мектептегі оқушы орындарының тапшылығы екі мыңнан асты

Түрксіб ауданында мектептегі оқушы орындарының тапшылығы екі мыңнан асты
www.sh151-nn.ru

Түрксіб ауданын білім беру нысандарымен қамтамасыз ету жұмыстары белсенді жүргізілуде деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.

Осы жылдың 1 қыркүйегіндегі аудандағы оқушы орындарының тапшылығы 2 мыңнан асты (2 119). Қазіргі оқу жылының басында Волочаевская көшесінде 420 орындық жеке мектеп ашылды. Ағымдағы жылдың 16 желтоқсанына дейін «Қайрат» шағынауданындағы 1500 орындық мемлекеттік мектептің құрылысы аяқталады.

Бүгінгі таңда аудандағы үш білім ошағын - №59, №195 және №198 мектептерді 1350 орынға кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Биыл қазан айында №59 мектеп-гимназияның аумағында 300 орындық жаңа мектеп ғимараты мен қосымша  құрылысты салу басталады. Ал, ескі ғимараттың бір бөлігі бұзылады. №195 және №198 мектептер бойынша 1050 орындық қосымша құрылыс салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Жобалау-сметалық құжаттаманы 2023 жылдың шілдесінде  аяқтау жоспарланған.

Мектепке дейінгі білім беруде орын тапшылығын  азайту үшін 730 орындық үш мемлекеттік балабақша салу жоспарланып отыр. Осы жылдың  IV тоқсанында «Қайрат» шағынауданында 260 орындық балабақша құрылысы басталады. Құрылыс жұмыстары 2023 жылы аяқталады. 2023 жылы "Жас қанат" шағынауданындағы 280 орындық балабақшаның құрылысы басталады. Сондай-ақ, жылдың соңына дейін Огарев көшесінде 190 орындық балабақша салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленетін болады. Бұдан басқа, №70 арнайы бөбекжай-балабақшаның  ғимаратын сейсмикалық күшейту жалғасуда.